Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шара жоспарының жобасы қаралды. Сондай-ақ жол қозғалысы мен жаяу жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы енгізіледі. Құжат 8 бағыт пен 87 іс-шарадан тұрады. Атап өтсек, инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту, өнеркәсіптік негізді нығайту, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні, көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру, ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлік, адами капиталды дамыту, парламенттік реформа жүргізу. Бұл туралы отырыста Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
«Ұсынылған Жалпыұлттық жоспар жобасының шаралары ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға, экономиканың негізгі салаларында цифрлық және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға әрі азаматтардың жағдайын арттыруға бағытталған», деді ол.
Президент Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Үкіметтің алдына экономикаға, агросектор мен логистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды.
Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдау керек. Жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту мен адам капиталын нығайту арқылы елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет.
«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған барлық міндетке сай келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Барлық қаржыландыру мәселелерін шұғыл шешу қажет», деген Премьер-министр, жоспардың іске асырылуын бақылау мен үйлестіруді орынбасарларына тапсырды.
Сөйтіп, Жалпыұлттық жоспар жобасын мақұлдауды әрі тиісті қаулы жобаға дауыс беруді ұсынды. Жоба бірауыздан мақұлданды. «Ұлттық экономика министрлігі Үкімет аппаратымен бірге, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент әкімшілігіне енгізсін», деді О.Бектенов.
Елде жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңнан астамы жарақат алады екен. Бұл жағдай Қауіпсіздік мәселелері алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланған. Нәтижесінде, бірқатар облыс әкімдері мен орынбасарлары, сондай-ақ жол полиция басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ол жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында хабарлады.
Оның айтуынша, оқиғалардың 90%-ы жүргізушілер кінәсінен болады. Жыл сайын полицейлер 13 млн жол ережесін бұзуды тоқтатады екен.
Жолдауда жол қауіпсіздігі халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе ретінде атап көрсетілді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азаймай отыр. Көп нәрсе жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты.
«Айта кететін жайт, жазатайым жағдайлардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Мысалы, адамдар негізінен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының, жарық пен тротуарлардың жоқтығынан ажал құшады. Алматы қаласындағы Жетісу ауданының тұрғындары жазатайым жағдайлардың жиі болатыны соншалық, Жансүгіров пен Бұрындай көшелерінің қиылысын «қауіпті өткел» деп атап кеткен. Астанадағы Үркер тұрғын алабында арнайы жаяу жүргіншілер өтетін жолдар мен бағдаршамдар атымен жоқ. Ата-аналар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады. Осындай қауіпті учаскелерге қатысты халықтың арыз-шағымы ескерусіз қалмауға тиіс», деген Үкімет басшысы, әкімдіктерге орын алған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Жыл басынан бері азаматтардан жол қозғалысына қатысты ресми түрде 30 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Қатаң заңнамалық шаралардың қабылданғанына қарамастан, жыл өткен сайын көлік жүргізу мен жолды кесіп өту мәдениеті төмен күйінде қалып отыр. Жауапқа тартылған жүргізушілердің саны артуда, алайда жағдайдың түзелгені байқалмайды. Жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетік жоқ. Бұл қала ішіндегі және қалааралық бағыттардың бәріне қатысты.
«Өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайды. Өткен аптада ғана Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады. Жексенбіге қараған түннің өзінде жол апаттарының салдарынан Қарағанды облысында 5 адам, Жетісу өңірінде 10 адам қаза тапты. Соңғы жағдайда апатқа кінәлі адам әлі жүргізуші куәлігін де алмаған болып шықты. Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік пен жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау міндетін қойды», деді О.Бектенов.
Осы бағытта, әсіресе, жол апаттарының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдау керек. Оларды іске асыруға барлық мемлекеттік органдар мен жалпы жұртшылық өкілдері тартылуға тиіс. Осы маңызды шараларға тоқталған Премьер-министр бірқатар мәселеге жіті назар аударды.
Бірінші – жол инфрақұрылымы. Кейбір жолдардың, әсіресе жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары созылып кетті. Бұл ретте құрылысы аяқталмаған учаскелерде тиісті жол белгілері мен ақпараттық тақталар, уақытша жол таңбалары жоқ. Кейде ескерту белгілері талапқа сай болмағандықтан, жүргізушіге көріне бермейді.
Мұндай жағдай жол апатына алып келеді. Мысалы, 2022 жылы Павлодар облысындағы «Сұлужон-Екібастұз» автожолының бір бөлігін су шайып кеткен. Алайда ол жерде жуырда екі адамның қазасынан кейін ғана жол қозғалысына тыйым салынды. Сондықтан Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірге, автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу мен күтіп-ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту тапсырылды.
«Бұл жерде Ішкі істер министрлігімен бірге, құрылыс пен жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдану керек. Өңір әкімдіктері күре жолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етсін», деді Үкімет басшысы.
Тағы бір мәселе – қала сыртындағы жолдарда мобильді байланыстың нашар болуы. Бұл туралы көптен бері айтылып келеді, бірақ еш нәтиже жоқ. Мәселен, «Алматы – Бішкек», «Алматы – Талдықорған» жолдарының интернетпен қамтылғанына қарамастан, көлік жүргізушілері ұялы байланыс пен интернет ұстамайтын аймақтардың бар екенін айтып, жиі шағымданады. Жол апаттары кезінде зардап шеккендер көмек қызметтерін шақырта алмайды. «Цифрландыру министрлігі жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын жеделдетуі қажет», деді О.Бектенов.
Үшінші – бейнекамера мен басқа да техникалық құрал аз. Жол бойында қауіпсіздікті бақылайтын бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдар жеткіліксіз. Кейбір жерде олар мүлдем жұмыс істемейді. Өңір әкімдіктері Ішкі істер министрлігімен бірге, елді мекендерде жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар санын арттыруы қажет. Республикалық маңызы бар жолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді, пилотсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдаланған жөн.
«Сондай-ақ жаяу жүргіншімен профилактикалық жұмысты күшейтіңіздер. Биылдың өзінде олар 500-ден аса жол-көлік оқиғасына себепші болды. Сондықтан қатаң шара қолданылуы керек. Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі мектептерде міндетті түрде жол ережесі бойынша сабақ өткізу қажеттігін тағы да естеріңізге саламын», деді Премьер-министр.
Төртінші – мопед пен самокатты бақылауды күшейткен жөн. Электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажет. Ол қоғамдық көліктерге түсетін жүктемені біршама азайтады. Оны мойындау керек. Сонымен қатар тұрғындарға да қолайсыздық келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндіруде. Жыл басынан бері электрсамокаттардың қатысуымен 360-тан аса оқыс оқиға тіркелді.
«Жолдауда Мемлекет басшысының осы өзекті мәселеге назар аударуы кездейсоқ емес. Әлемдік тәжірибе бірқатар елдерде мұндай көлік құралдарынан толық бас тарту немесе шектеу қою шарасы қолданылғанын көрсетіп отыр. Мәселен, Парижде 2023 жылғы қыркүйектен бастап самокаттарды жалға алуға тыйым салынды. Тек өз құралыңды пайдалануға рұқсат», деп сөзін жалғаған О.Бектенов осы шараны берік ұстанған бірқатар елдің астанасынан мысал келтірді.
«Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырамын. Бүгін осы мәселе бойынша Үкімет қорытындысын қабылдаймыз. Жалпы күре жолда адам өмірі мен денсаулығын сақтау әрбір мемлекеттік орган мен әкімдіктің жұмысындағы басым бағыт болып қала береді», деген Үкімет басшысы Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облысы әкімдеріне жөндеу жұмыстарының аяқталуын қатаң бақылауға алуды жүктеді.
Оны келесі отырысқа дейін аяқтауды тапсырып, жұмыс сапасы басты назарда болуға тиіс екенін ескертті. «Тапсырма орындалмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл – барлық өңірлерге қатысты мәселе. Жылу беру маусымын уақтылы бастау қажет. Ағымдағы ахуалды келесі Үкімет отырысында қараймыз», деді Премьер-министр.