Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар бағдарламасын талқыға салады. 

Отырыстың күн тәртібіне мынандай тақырып шығарылып отыр: 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығы қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап береді.

Айта кетерлігі, бұған дейін де Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар топтамасын қабылдаған еді. 

Оған сәйкес, мынадай нақты шаралар қолда алынды:

16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілді;
 16 қазаннан бастап барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылды;
 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін берілді;
 делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылды;
 жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды;
 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі;
 салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады;
 ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды;
 базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды;
 сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады;
 отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады;
 жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі;
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту және цифрландыру шаралары, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселері пысықталды. Сондай-ақ, өңірлердегі теміржол вокзалдарын жөндеу мәселесі қосымша қаралды.

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның мәліметінше, Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін кеңейту көзделген.

Бүгінде 2 млн 14 мың шаршы шақырым аумақ зерттеліп отыр. Жыл соңына дейін бұл көлем 2 млн 38 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайтылады. Перспективалы учаскелерді ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстары неғұрлым нақты масштабта, яғни 1-50 000 масштабында жүргізілмек. Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырым зерттеу жоспарланған.

— Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілді. Аталған жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет, «Центргеолсъемка», Сатбаев атындағы Ғылым‑технологиялық институт және тәжірибелі мамандардан құралған консорциум бірлесіп жүзеге асыруда. Жұмыс барысында «Тау‑Кен Самұрық» қатысуымен әуе-геофизикалық, геохимиялық және цифрлық технологиялар қолданылатын болады. Келесі жылға кешенді зерттеу мен сейсмо-барлауға шамамен 44 млрд теңге қарастырылды, — деді ол.
Оның айтуынша, қазірде ірі инвестициялар геологиялық барлауда тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» компаниясы арқылы тартылып жатыр. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды. 72 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды және 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынды. Қазіргі уақытта бес пилоттық жоба — Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыс жүргізіліп жатыр.

- 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарланған. Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда, — деді Иран Шархан.

Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды, геологиялық карталардың ауқымын кеңейту жұмыстарын жалғастыруды, геологиялық барлау ісіне заманауи ғылыми әдістерді енгізуге жағдай жасауды тапсырды. 

— Осы орайда елордада Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құру жоспарланып отыр. Ол минералдық-геохимиялық және талдамалық зерттеулер жүргізу үшін қажет. Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, 2026 жылы аталған зертхана құрылысын бастауды қамтамасыз етуі қажет, — деді Үкімет басшысы.

Ал екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов ауылдарда жаңадан ашылатын медициналық мекемелердің бәрінде дәріхана бұрышы болатынын, дәрі-дәрмектің мемлекет бекіткен бағасын қайдан көруге мүмкіндік бар екенін айтты.

Сонымен қатар мемлекеттен тегін дәрі алатын қазақстандықтар рецептіде жазылған дәрінің баламасын алғысы келсе, оның ақысын мемлекет ішінара өтеп беретінін атап өтті.

— Министрлік бірлесіп төлеу тетігін қолдану арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді «орталықсыздандыруға» көшіп жатыр. Бұл тетік ерікті түрде жүзеге асырылады және қосымша төлем тек пациенттің қалауы бойынша қарастырылады, — деді ол.
Талқыланған мәселені қорытындылаған Премьер-министр мүдделі министрліктерге дәрі-дәрмек айналымын ЖИ арқылы реттейтін жүйе қалыптастыруды тапсырды.

- Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жоспарлау, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жазып беру және сатып алу рәсімдерінде жасанды интеллектіні енгізу шараларын жүзеге асыруға тиіс, — деді ол.

Мұнан бөлек, Премьер-министр дәрі бағасына байланысты шағымдарға уақтылы жауап беруге жауапты органдарды атады.

— Халық тарапынан келіп түсетін сұрақтар мен шағымдарға дереу жауап беру қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы халықпен тұрақты негізде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, - деді ол.
Ал отырысқа қосымша шығарылған мәселе бойынша Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндама жасап, вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт жөндеуден өтпегенін, техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен конструкцияларда әрі қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталғанын баса айтты.

- Барлық мәселе шешімін тауып келеді. Биыл 80-нен астам вокзал пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуі қажет, - деді ол.
Осы ретте Үкімет басшысы Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында аталған жобалар мерзімінен кешігуі мүмкін екенін ескертті.

- Маңғыстау облысында бір вокзалда жұмыстар кестеден кешігіп жатыр. Алматы қаласында «Алматы-1» вокзалын жаңғырту жұмыстары тым созылып кетті. Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын. Барлық құрылыс жұмысы сапа талаптарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Тапсырманың орындалуына жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты болады, — деді Олжас Бектенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT