Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары – қоғамымыз үшін мемлекеттік деңгейдегі маңызды әрі айтулы оқиға. Халыққа Жолдау – ерекше мазмұндағы құжат. Онда мемлекеттің бірінші тұлғасы ел дамуының ең өзекті мәселелерін белгілейді, оларды шешудің нақты жолдары мен шараларын көрсетеді, қоғамның одан әрі үдемелі дамуының стратегиялық бағдарлары мен бағыттарын белгілейді.
Жолдауда алға қойылған міндеттердің, айтылған мақсаттардың логикалық жалғасы көрсетілді.
Бұл жолғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде жасаған Жолдауының бұрынғы осындай құжаттардан өзіндік өзгешелігі болғаны рас. Онда Президент осыған дейін басталған саяси реформалар үдерістің басы ғана екенін, ол жалғасын тауып, тереңдей түсетінін бірнеше рет қайталады. Ал елдегі және әлемдегі барлық қиындықтарға қарамастан, қоғамды демократияландыру бағытында саяси реформалар енді әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге ұласатынын баса айтты. Иә, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Қазақстан дамуының экономикалық саясатының жаңа моделін әрі қарай қалай дамыту қажеттігін айқындап берді. Әрине, бұл – халықтың көкейінде жүрген мәселе.
Шартты түрге бөлетін болсақ, бірінші мәселе – экономиканы дамытуда қандай кедергілерді жоюымыз керек деген мәселеге назар аудару қажет. Энергетикалық қауіпсіздік, электр энергетикасы, жылу энергетикасы, су, газ - еліміздің дамуының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты көздердің бірі осылар. Оны қалай шешу қажет, қандай құрылымдар құрылуы қажеттігі Жолдауда нақты айтылды.
Екінші мәселе – әрі қарай экономикамыздың драйвері не, оны қалай дамытамыз? Шағын және орта бизнес, қаржы мәселесімен қалай күресеміз? Бұл екі сұрақ та Жолдауда көрініс тапты. Бұл – жақында елге барып, жұртшылықпен кездесу өткізгенде де халық тарапынан айтылған мәселелер. Бүгін Президент оны шешудің жолдарын көрсетті. Біз депутат ретінде өз тарапымыздан Мемлекет басшысының осы бастамасын сапалы заңнамамен қамтамасыз етуіміз керек.
Бекет Құлбаев,
кәсіпкер,
аудандық мәслихат депутаты