«Газды неге тегін бермейді?»

Президентіміз Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды» - деген еді.

Жалпы елімізде дәлелденген 1,1 трлн куб метр газдың қоры бар. Жыл сайын 27,1 млрд метр куб тауарлық газ өндіріліп, оның 13,2 млрд кубы экспортқа шығарылып, қалғаны ішкі нарықта пайдаланылады. Негізгі газ қоры Қазақстанның батыс аймағында, "Құмкөл" кен орыны Қызылорда өңірінде, "Жаңа жол" Ақтөбе аумағында, Қарашығанақ кен орыны Батыс Қазақстан облысында, "Теңіз", "Қашаған" кен орындары Атырау аймағында, ал "Толқын ","Өзен" кен орындары Маңғыстау түбегінде орналасқан.

Жылыой халқы 1998 жылдан бері Теңіз газын қол жетімді бағамен пайдаланып келеді. Қазіргі таңда бір куб көгілдір отынның құны 6,85 теңгеден сатылады, бұл республика бойынша ең арзан баға!

Әрине "газдың үстінде отырып тегін неге алмаймыз" деген де сұрақтар туып жатады. Ілеспе газды мұнайдан айырып, шикіден тауарлық отын шығарып, оны тасымалдап, тұтынушыға жеткізу біраз шығынға шығатыны белгілі! Бар нәрсе салыстыру арқылы анықталатын болса, мысалға Құлсарыда 100 шаршы метр тұрғын үй иесі бір айға орта есеппен 4500-5000 теңге төлейді. Тіптен 80 мың зейнетақы алатын адамның табысының газға төлемі 6-7% пайыздан аспайды! Европаны айтпағанда, Қазақстанның өзінде бұл көрсеткіш 2-2,5 есеге көп!

Күні бүгінге газ тасымалдаушы «Жылыойгаз» мекемесі мен ТШО серіктестігі арасында келісім шарт бар. Соған сәйкес, газ бағасын тұрақты қалыпта ұстап отыру көзделген. Тек жыл сайын елдегі инфляция пайызының өсіп отыруы ықтимал. Сондықтан баға да жылына 6-8 пайыз мөлшерінде көтеріліп тұрады!

Газ мәселесі көтерілсе, оны автокөлік отыны ретінде пайдалану жайы қозғалады. Елімізде тек дизель отыны 5,5 млн тонна жұмсалатын болса, оны газбен алмастыруға әбден болады. Бұл бағытта да біздің компания біраз жұмыстар жүргізіп жатыр, Құлсарыда 2017 жылдан АГНКС, газ толтыру станциясы жұмыс жасап, әзірге 60-70 техниканы газбен жүргізіп келеді. Осындай станцияларды Атырау мен Бейнеуде салу жоспарда бар. Сөйтіп экологиялық таза, арзан газбен жабдықтау аясын кеңейтпекшіміз!

Бір сөзбен айтқанда Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілгендей, біздің мекеме аудан халқын көгілдір отынмен қамту ісін ілгерілетіп, алға қарай да халыққа қолжетімді бағамен ұсына бермек!

Ғалым Жақашев,

«Жылыойгаз» ЖШС-ның директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521