Мемлекет басшысының Жолдауын асыға күтіп, тыңдадым. Көп өзгерістер болуы хақ деп күткенмін, өзім ойлағандай болып шықты. Иә, Жолдауда, шынында да қадау-қадау жаңалықтар бар. Көпшілікті елең еткізген бір жаңалық: биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Келер жылы Парламент сайлауы болады. Ал ең бастысы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттік мерзімді 7 жылдан аспау керек және бір-ақ мерзімге деп белгіледі.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.
Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді.
Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз.
Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады»,-деді Мемлекет басшысы. Әлемдегі дамыған елдердің бәрінде Президенттер шектеулі мерзімге ғана сайланады. Осы озық үлгіні енгізуді ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлының байламына ризамын.
Д.Әсемғалиұлы,
байырғы мұнайшы, зейнеткер