«Елдік үшін, ел үшін»

Өткен жылғы жазда Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған-ды.

-Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын,-деген еді Президент.

Содан бері, міне, екінші жыл қатарынан еліміз Республика күнін айрықша сән-салтанатпен тойлап келеді. Мұндай мерекелік шаралардан жылыойлықтар да тыс қалған жоқ. Өткен сейсенбі күні Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде 25 қазан - Республика күніне арналған «Елдік үшін, ел үшін» атты мерекелік салтанатты шараның өз дәрежесінде ұйымдастырылуы – дәл соның айғағы.

Сахнаға желбіреген көк байрағымыз – мемлекеттік ту әкелініп, әнұранымыз асқақтата шырқалғанда зал толы көрерменнің көкірегін мақтаныш сезімі кернеді. Ал белгілі әншілер Назгүл Жиенбаева мен Дәмелі Саровалар қосыла Индира Елубаеваның «Тәуелсіздік толғауын» тебіренткенде жүрегі елжіремеген жан қалмады.

Мерекелік шараның шымылдығы ашылғаннан кейін сахна мінберіне аудан әкімі Жұмабек Қаражанов көтерілді. Ол барша жылыойлықтарды ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтады:

-25 қазан - біздің еліміз үшін маңызды күн! Дәл осы күні 1990 жылы ел егемендігі туралы декларация қабылданды. Аталған құжат Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасын қалады. Бұл күн Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде де өте қастерлі. Ұлттық мерекеміздің мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру, патриотизмді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматына артылған қасиетті борыш. Бүгінде Қазақстан — нарықтық экономикасы қарқынды дамыған, демократиялық қоғамдық құрылымы қалыптасқан және зор халықаралық беделге ие заманауи мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. 2022 жылдың 25 қазанынан бастап Республика Күнін атап өтудеміз. Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! – деген Жұмабек Байрақбайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа арнайы марапат табыстады.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Тоқсанбай Құлтумиев атындағы Құлсары балалар саз мектебінің Балалар хоры «Қазақстан-егемен елім» әнін шырқаса, Талап Балғынбаев жетекшілік ететін «Көңілашар» фольклорлық ансамблі Түркештің «Көңілашар» күйін күмбірлетіп, Поль Морианың «Менуэт»-і мен Қазанғаптың «Ақжелең» күйін ағылтты. Келесі кезекте сахнаға әншілер Жайна Нұрханова, Бекет Аманқос, Н.Өтепбергенова мен А.Орынбасаровалар шығып, Ш.Сариевтіің сөзіне жазылған П.Лидің «Қазақстан» және Мұқағалидың «Отан» жырын әуенге қосқан Т.Мұхамеджановтың «Отан», Ш.Уәлиханның «Туған ел» әндерін асқақтатты. Жем аруы» халықтық би ансамблі мен «Би-Би» үлгілі би ансамблінің биші қыздары «Нұр шашу» мен «Бақытты балалық шақ» билерін мың бұралтты.

     Сахнаға танымал эстрада жұлдызы Ақылбек Жеменей шыққанда көпшіліктің мерекелік көңіл-күйі бұрынғыдан да көтеріле түсті. Ол халықтың сүйіп тыңдайтын «Қазақ жігіттері», «Қызыл өрік», «Қайран көңіл-ай» және «Қазағым» әндерін тамылжыта шырқап, зор қошеметке бөленді.

Мерекелік шараның шымылдығы әнші Асқар Қоңыровтың орындауындағы Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғаливтің әйгілі «Атамекен» әнімен жабылды. Әр қазақтың көкірегіндегі өз туған өлкесіне деген жеке әнұранындай ұлттық рухты көтерген шығармаға сахнадағы өнер көрсеткен әнші-бишілермен бірге барша көрермендер де орнына тік тұрып қосыла кетті.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT