Экономиканы әртараптандыру маңызды

Биылғы саяси маңызды құжаттың тақырыбы – «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына кезекті Жолдауы. Аты айтып тұрғандай, Жолдау экономиканы дамытуға негізделген.

“Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегендей, көшті алға жылжыту үшін бірқатар мәселені біржақты ету керек. Оларға Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен тоқталды. Теріскей мен күнгейдің, Атырау мен Алтайдың арасында көз сүйсінер жерлер жетерлік. Алайда, бізде туризм саласы ауыз толтырып айтарлықтай дамымай тұр.

Бұл жөнінде Президент «Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн» деді.
Біздің ауданымыз туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Оны дұрыс жолға қою тек табыс алып келу ғана емес, инфраструктураның да жақсаруына зор мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайының түзелуіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Тіршілік көзінің тапшылығы – қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, проблема жыл артқан сайын күрделене бермек. Оны шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты. Қазақстанда Көлік министрлігі де пайда болады. Бұл ведомство көптің сынына жиі ұшырайтын саланы дамытумен, кем-кетікті түзеумен айналысады.

Жолдауда Президент ең төменгі жалақы мөлшері өсетінін де тілге тиек етті. Балалардың қауіпсіздігі де ұмыт қалмады. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

Президент Жолдауда айтылған осы және өзге де міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс деді. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Жалпы экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды. Олардың бәрі өз кезегінде мемлекет дамуының сара жолын айшықтай түседі деп сенеміз.
Аманбек Мұқанов,

аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521