Әділетті Қазақстан – отбасынан басталады

«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз тектен текке айтылмаған. Өйткені еліміздегі осы «шағын мемлекеттер» мықты болса, Қазақстанның да іргесі ешқашан ажырамасы анық. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру ісінде көптеген игі бастамалармен бірге отбасылық құндылықтар мен гендерлік саясатты да мықтап ұстануы мемлекетіміздің тұтастығының мықты болуына әсер етері хақ. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын қолдап, мемлекеттің дамуы үшін әрқайсымыз аянбай еңбек етіп, күшімізді біріктіріп, жұдырықтай жұмылып бірлікпен тірлік кешсек, онда Әділетті жаңа Қазақстан құрарымыз сөзсіз.
Әрине, Қазақстан көп ұлтты ел, жоғарыда айтып өткен «шағын мемлекеттер» арасында да әр түрлі ұлттан құралған отбасылар да аз емес. Бұл ретте республикамыздағы Қазақстан Халқы Ассамблеясы да бүгінгі патриотизмге, халық бірлігін нығайтуға, Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін сақтауға, өңірді өркендетуге, ұрпақ тәрбиесіне, Президенттің осы бағытта қойған талаптары мен тапсырмаларын орындауға зор үлес қосып келеді. Бұл орайда ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі – жоғарыда айтып өткендей, отбасы екені бесенеден белгілі. Өсіп келе жатқан жас ұл-қыздарымыздың нәзік жаны жанұялық жылуды шынайы сезінбесе, саналы ұрпақ ретінде қалыптаспасы анық. Ұлттық мәдениеттің, ана тіліміздің, халықтық тарихы мен болашағы осы өскелең ұрпақ тәрбиесіне байланысты.

Ата-ананың өз баласына үздіксіз тәрбие мен білім беруі, еңбекқорлыққа баулуы - басты міндеті. Сапалы біліммен қамту - ол тек қана мектеп бағдарламасында ғана емес. Қазағымыз өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі, рухани байлығы мол, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат етіп тәрбиелеген жөн. Оған аудандағы аналар кеңесі де өз тарапынан атсалысып келе жатқаны анық. Әрине, баршамыздың ортақ мақсатымыз - заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілген Әділетті Қазақстанды құру.

Мемлекет басшысының алдағы жеті жылға қойған шараларды атқарып, алға қойған мақсаттарды бірлесе жүзеге асыру, Қазақстанды дамыған елге айналдыру әр қазақстандықтың тікелей міндеті болып есептелгені дұрыс. Бұл өмірлік қағидат болуы керек. Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің барлық мақсаттары орындалуы үшін болашақ ұрпақ тәрбиелеуге баса назар аударып, олардың бойына ізеттілік, әдептілікті дарыту, өз Отанын сүю, ата-бабамыздың салт-дәстүрін ұстану, білімді болуға мемлекет болып күш салуымыз керек. Еліміздің жарқын болашағы, ең алдымен, өзінің ұрпағына байланысты. Абай атамыз айтқандай – адам ұрпағымен қымбат.

Әрбір адам өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын айқын сезінгені абзал. Сонда ғана ұлттық әдет-ғұрыптар және дәстүрлерді біле тұра, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға түсінікті ете алады. Қазақ елі дәстүрге өте бай. Отбасында тәрбиелік маңызы бар еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, үлкенді сыйлау мен құрметтеу сияқты әдет-ғұрпымыз бар. Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы, Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білетін етіп тәрбиелеу - отбасының басты міндеті. Қазақстан Республикасы Ата Заңымыздың 27-бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» делінген. Сонымен бірге, республикамызда отбасына арналған «Неке ерлі-зайыптылық және отбасы» заңы қабылданған. Бұл отбасы мен бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін мемлекетімізде аса маңызды құжат саналады.

Заң - қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құрал. Заң - адамның құқықтарын қорғайды, қоғамдағы тәртіп пен тепе-теңдікті орнатады. Әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті - заңға бағыну. Барлық адамдар заң алдында тең. Заңдардың арқасында қоғам мүшесі өздерін әдептілік шеңберінде ұстап, құқық бұзушылық әрекеттер жасамауға тырысады. Заң болмаған жағдайда қоғам да адам да қорғаусыз қалады. Өмірі үреймен болады. Адам заң білсе, құқығын білсе, өзін де, өзгені де қорғай алады. Еліміздің Президенті «Елімізде заң үстемдік еткенде ғана құқықтық мемлекет қалыптастыра алатынымыз ақиқат. Заңға бағынған елде жетістіктермен өмір сүру деңгейі өседі» деген болатын.
Заңды білу - заман талабы. Сондықтан отбасылық құндылықтарды бағалай білетін әрбір ата-ана өзінің ұрпағын еліміздің заңдарын білуге және оны құрметтеуге де тәрбиелей білуі керек. Әсіресе, Мемлекетіміз ұстанған гендерлік саясаттың да бар екенін хабардар болғаны жөн. Сонда ғана келешек ұрпағымыз нәзік жандыларды құрметтеп, отбасылық құндылықтарды қадірлей білері хақ.

Зәуреш Қалмұханова,

Әділет саласының ардагері, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT