Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен дүниежүзі бойынша атап өтілетін сайлау күні елімізде де ескерусіз қалмайды. Саяси маңызы бар атаулы күні біз аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зәуре Қалмұхановаға жолығып, бүгінгі сайлау жүйесінің жай-күйі жайлы әңгімелескен едік.
- Зәуре Тұқпатоллақызы, елімізде дүниежүзілік сайлау күнін атап өтудің маңыздылығы қандай?
-Бұл күннің негізгі мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің сайлау жүйесінің даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру. Осы күнді атап өтудің басты міндеті – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктерді насихаттап, жастар арасында демократиялық принципке деген сенімді нығайту.
-Жалпы осы мақсатта қызмет атқарып жатқан бүгінгі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
-Ауданымызда сайлау жұмысын атқарып отырған аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары бар. 2019 жылы құрылған сайлау комиссияларының жұмыс мезгілі аяқталып, 2024 жылы жаңадан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы құрылды. Ол аудандық мәслихат сессиясында бекітілді. Аумақтық комиссияда 7 мүше қызмет етеді. Бүгінгі таңда комиссия төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары және хатшысы кәсіби негізде, одан басқа мүшелері қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Сондай-ақ, сайлауды жүзеге асыру үшін ауданда 24 сайлау учаскесі құрылған. Онда 208 мүше бар. Сайлау комиссияларының мүшелерін қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ұсынуымен аудандық мәслихат жасақтайды және 5 жылға сайланады. Оған жастар жағы көптеп тартылып, қазір жас комиссия мүшелері көбейді. Сайлау комиссияларының төрағасын, орынбасарын, хатшысын комиссия мүшелерінің алғашқы отырысында комиссия мүшелері сайлайды. Барлық деңгейдегі сайлауларды осы комиссиялар өткізіп, жұмыс жасайды. Сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастыруды, әзірлеп, өткізуді қамтамасыз етеді.
-Енді осы уақытқа дейін ауданда өткен саяси науқан туралы айтып өтсеңіз?
-Республикамызда сайлау «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңы негізінде өтеді. 2019-2023 жылдар аралығында Президент сайлауы, Референдум, Парламент мәжілісінің депутаттарының, жергілікті мәслихат депутаттарының сайлаулары өтті. Сонымен бірге, заң талабына сай 2021 жылдан бастап ауданымызда Құлсары қаласы, Қосшағыл, Қара-Арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық округтері және Жаңа Қаратон кентінде жергілікті әкімдердің сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасады. Бұдан басқа 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының 20-бабында көрсетілген негіздер бойынша мәслихаттан шығып қалған депутаттар болса, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заңының 101-бап 3-1-тармағына сәйкес, олардың орнына халық қалаулыларын қайта сайлау жылына наурыз және қазан айларының соңғы жексенбісінде екі рет өтеді.
-Елімізде алдағы уақытта қандай сайлау өтеді деп күтілуде?
-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегінде халыққа жасаған Жолдауында атом электростанциясын салу мәселесі жалпыхалықтық референдум нәтижесінде шешілетінін мәлімдеген еді. Соған сәйкес оның мерзімі алдағы уақытта белгілі болмақ.
-Дүниежүзілік сайлау күніне ауданда қандай шаралар жүзеге асты?
-Дүниежүзілік сайлау күніне орай арнайы жоспар жасақталды. Мектептерде, лицейде сынып сағаттары ұйымдастырылды. Аудандық кітапханада осы күнге арналған бұрыш жасақталып, сайлау комиссияларының белсенді мүшелері алғысхаттармен марапатталды. Шараға қатысушылар сайлау тарихы мен оның қоғам өміріндегі маңызы, сайлау құқығы, сайлау және сайлану мәдениетіне қатысты пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процесін жақсарту мәселелері талқыланды. Мектептерде өткен шаралар, негізінен, жастардың саяси сауаттылығын арттыру мен белсенді азаматтық позициясын қалыптастыру идеясын ұстанды. Демократиялық заман талабынан туындаған өзекті тақырып өз өміршеңдігін танытты.
-Әңгімеңізге рахмет.
Жұмысыңызға табыс, сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан: Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ