Қазақстан - бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын белсенді түрде жүзеге асырып келе жатқан мемлекет. Еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өзінің бітімгершілік бастамаларын, соның ішінде ядролық қарусыздану мен оны таратудан бас тартуын алға тартты. Әлемдегі бітімгершілікке жету әрі оны сақтау жолында Мемлекет басшысы өзге де ең маңызды қадамдарға барып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда Монғолия, Франция, Әзірбайжан секілді елдерге сапар шегіп, жетекші ел басшыларымен кездесіп, жүздесуі – соның айғағы. Ханойдан басталған ынтымақтастық Иә, ішкі саясатпен қатар әр елдің сыртқы саясаты өте маңызды. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Нгуен Суан Тхангты қабылдады. Кездесу кезінде көптеген мәселелер көтерілді. Әңгімелесу кезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бүгінде қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Президент Вьетнамға жасаған былтырғы ресми сапарын ықыласпен еске алды. Вьетнам астанасы Ханойдағы маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа серпін беріп, оң нәтижесін көрсетті.
Президенттің пайымдауынша, Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға дайын. Одан бөлек, әлеуметтік-экономикалық дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызын айрықша атап өтті. Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тханг:
-Қазақстан Президентінің Вьетнамға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықты жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатырмыз. Еліміздің ұстанымы ұқсас әрі БҰҰ, АӨСШК сияқты көпжақты алаңдарда табысты ынтымақтастық орнатқан,-деді өз сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылғанын құптады. Бұл құжаттың бірлескен ғылыми зерттеулерге тың серпін беретініне сенім білдірді. Кездесу соңында Қ.Тоқаев Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қазақстанға шақырып, оны Астана халықаралық форумына орай ұйымдастыруды ұсынды. Иә, Мемлекет басшысы сыртқы саясатта жақсы келісімдер жүргізіп, еліміздің бітімгершілік бастамаларын қолдап келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі жағдай орын алып жатса да, бейбітшіліктің бағасын білген біздің мемлекетте тыныштық салтанат құра бермек. Бакудегі басқосудың берері мол Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында өтетін Дүниежүзілік климат саммиті Әзірбайжан астанасы Бакуде болды. Әлем елдерінің басшылары жиылған бұл жиынға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, бүкіл бұқараға үндеу тастады. Өзекті мәселелер көтеріліп, олардың шешімдері туралы сөз болды. Күллі әлем жұрты соңғы аптада Бакуге көз тікті. Себебі, Баку олимпиадалық стадионында өткен саммиттің айтары көп, берері мол еді. Арнайы жұмыс сапарымен Әзірбайжанға жеткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты аталмыш мемлекеттің Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш құшақ жая күтіп алды. Алғашқы болып сөйлеу мәртебесін алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін баса айтты. Саммит барысында Мемлекет басшысы:
-Әлемдегі зиянды шығарындылардың бір пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан, бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз. Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз. Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр,-деді ол өз сөзінде. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан елінің COP29-ға табысты төрағалық еткені және саммиттің жоғары деңгейде өткені үшін теңіз арқылы табысатын көрші мемлекет Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын жеткізді. Бакудегі саммитте бас-аяғы 80-ге жуық ел Президенттері, халықаралық, өңірлік ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. Соңғы жылдары жаһандық жылынудың жыры үдегені рас. Себебі, дабыл қағарлықтай үдеріс орын алып жатыр. Адамзат дер кезінде табиғатты аяламаса, қолда бар қазынадан қағылып қалуы әбден мүмкін. Оған кейбір мемлекеттер де дәлел бола алады. Көздің жауын алар бұрынғы кей мекендер қазіргі күні қоқыстан арыла алмай, көз көргісіз болған. Ал, табиғатқа, атмосфераға тасталып жатқан зиянды қалдықтар алдағы уақытта өз әсерін бермей қоймайды. Сондықтан, «Қыс қамыңды, жаз ойла» дегендей, қазірден бастап болашақтың қамына кіріспесек, ертеңіміз бұлыңғыр болуы әбден мүмкін. Кей экологтар бұл мәселені де айтып жүр. Мысалы, эколог Азаматхан Әміртай:
-Жаһандық жылынудың алдын алуға болады. Ол үшін әлем елдері келісім шартқа отыру керек. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздеріне 30-40%-ға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері жақсы жұмыс жасап жатыр. Қазақстан да жаһандық жылыну мәселесін алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқару керек,-дейді өз сөзінде.
Бұл саммит осы бастамалардың бастауы болмақ. Бүкіл әлем біріге жұмыс істемесе, нәтиженің жемісті болуы да белгісіз. Саммитте өзекті мәселелерді көтерген ел Президенті мұқым жұртқа үлгілі үндеу жасады. Алып компаниялардан бөлек қарапайым күнде де тұрғындар табиғатты аялауы керек. Бұл мәселе де біздің ауданда айтылып жүр. Сондықтан, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін туған жерімізді іс жүзінде де таза ұстап, дәлелдеуіміз керек. Трамп таққа тағы отырады Мұхиттың арғы жағалауында орналасқан құрлықта орын алып жатқан саясат сахнасындағы науқан біздің елімізді де айналып өтпесі анық. Өйткені Америка Құрама Штаты – тәуелсіздігімізді алғаш мойындап, бізбен бірінші іскерлік байланыс орнатқан елдердің бірі. Сондықтан АҚШ Қазақстанның жаһандық және бітімгершілік бастамаларын қолдап отырған әлемдегі жетекші мемлекет. Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың қырық жетінші Президенті атанған Дональд Трампты жеделхат арқылы құттықтады. Жеделхатта ізгі тілек айтылып, екі ел арасындағы ынтымақтастық жайында жазылды.
Еске сала кетейік, қараша айында Америка Құрама Штаттарында Президент сайлауы өтті. Талас пен тартысқа толы додада Республикалық партия сапынан сынға түскен Дональд Трамп 312 дауыс жинап, қарсыласы Камала Харристан басым түсті. Трамптың жеңісінен кейін ізін суытпай, әлем Президенттері құттықтап жатты. Оның ішінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та бар еді. Жеделхатта мынадай мәселелер мен тілектер айтылды: «Қазақстан Президенті қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Америка халқының өсіп-өркендеуі жолындағы, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметіне табыс тіледі».
АҚШ-тың әлем экономикасына әсері зор екенін мұқым ел білетіні белгілі. Және дәл осы мемлекетпен ара қатынасымыз да аса маңызды. Себебі, қара алтынның да бағамы Президент сайлауынан кейін күрт төмендеп, бүкіл әлем валюталары аз да болса құлдырауға ұшырап, доллар өзінің позициясын мықтап алды. Саяси аренада да АҚШ-тың айтары көп. Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату үшін жедел түрде шешімдер қабылдайтынын баса айтқан болатын. Дәл осы бағытта ел Президенті Қ.Тоқаев та екі елді бейбітшілікке шақырып жүрген еді.
«Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан қажет болған жағдайда өз жәрдемін көрсетуге дайын. Украинадағы ахуалға қатысты біз екі елді де диалогқа қол жеткізу үшін бүкіл күш-жігерді жұмсауға және бейбіт реттеу ісін бастауға шақырамыз. Басқа жолы жоқ», – деп жазған болатын Қазақстан Президенті Twitter парақшасында.
Соңғы жылдары екі ел арасында әуе кеңістігінде тікелей рейс ашу да қозғалып жүргенін білеміз. Дональд Трамптың АҚШ-тың 47-Президенті ретінде сайлануы қос тарап арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, ел экономикасына оң әсерін береді деп сенім білдіреміз.
Айта кетейік, АҚШ Президенті өз қызметіне ресми түрде 2025 жылдың 20 қаңтарында кірісетін болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Палестина Президенті Махмұд Аббасқа құттықтау жеделхатын жолдады. Ел Президенті Палестина халқын тәуелсіздік күнімен құттықтады. Иә, қазір Палестинаның басынан оңай күндер өтіп жатқан жоқ. Дегенмен, туы тұғырлы, елі егеменді елдің рухы да биік болуы тиіс. Бұл ел 1988 жылдың 15 қарашасында өзінің тәуелсіздігін алып, жаһанға жар салған болатын. Содан бері әлемдік аренада өз орны бар мемлекет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жеделхатында өзінің ізгі тілегін жеткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас қос халықтың игілігі үшін дами беретініне сенім білдірді. Айта кетейік, Махмұд Аббас 2013 жылдың 5 қаңтарынан бастап Палестина Президенті қызметін атқарып келеді. Ал, Израиль мемлекетімен қақтығыс соңғы уақыттарда күрделеніп, шиеленісе түсті. Қазақстанда өз тарапынан екі ел арасындағы бітімгершілік бастамаларға қолдау көрсетіп келеді.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ