БЕЙБІТШІЛІК АЛАҢЫНА АЙНАЛҒАН

«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «Жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы «Бейбітшілік алаңы» дейді. Өйткені, ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы елордада өткен Астананың бауырлас қалалар форумында.

Расында да, Евразия кіндігінде орналасқан Астана қаласы тек сұлулықтың символы ғана емес, дүниежүзіндегі дүйім жұртты бітімгершілікке шақыратын бейбітшілік шаһарына айналды. Оған осы күні елордамызда өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті дәлел бола алады. Оған Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен көптеген ресми делегациялар келіп, қатысып отыр. Қазіргі кезде 16 елдің Президенті мен Үкімет басшысы және ондаған халықаралық ұйымның өкілдері, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы да келуге ниет білдіріп, қазақ жеріне табан тіреді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Ал Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде ұйымдастырылған аса маңызды халықаралық форумның бірі.

-Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымынан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік, - деп атап көрсеткен еді Қасым-Жомарт Кемелұлы саммитке дайындық барысында.

Негізінен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына 9 мемлекет кіреді. Астанадағы саммитте Беларусь та ұйым қатарына қабылданады деп күтілуде. Ерекшелігі, бұл жолғы саммит жаңа форматта өтіп жатыр. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы мен "ШЫҰ" кездесуі ұйымдастырылды. Оған тағы алты мемлекет шақырылды. Сондықтан да биыл Астанаға дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары келді. Олардың ішінде Қытай, Иран, Үндістан, Ресей, Түркия, Қатар, БАӘ және тағы басқа елдер бар.

Саммит өтетін сарайдың алдына саммитке келетін елдердің туы ілінген. Олар: Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзірбайжан, Катар, БАӘ, Түркия мен Түрікменстан. Ал Қазақстан осынау халықаралық маңызы бар шараға төрағалық етеді.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521