Алдағы уақытта Атыраудағы халықаралық әуежай жаңа бағыттармен кеңейеді деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Президент Жолдауына қатысты өткен жиында айтты. Оның мәлімдеуінше, Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы аймақтың стратегиялық маңызды көлік торабы ретінде дамып келеді.
- Бүгінде әуежай «Ашық аспан» режимінде жұмыс істейді. Шетелдік жаңа әуе компаниялары қызығушылық танытып, тұрақты рейстер ашуда. Мысалы, Pegasus Airlines компаниясы рейстерін бастады. Алдағы жылдары халықаралық бағыттар саны едәуір артады, – деді облыс әкімі.
2030 жылға қарай әуежайдан өтетін жолаушылар саны 2,8 миллион адамға жетеді деп күтілсе, 2035 жылы бұл көрсеткіш 3,2 миллионға дейін өседі.
2024–2025 жылдары «Атырау-Дубай», «Атырау-Баку», «Атырау-Тбилиси», «Атырау-Ташкент», «Атырау-Стамбул» бағыттары ашылады. Ал 2026-2027 жылдары тағы 10 жаңа рейс жоспарланып отыр. Олардың қатарында Сочи, Санкт-Петербург, Варшава, Будапешт, Лондон, Франкфурт, Шарм-эль-Шейх, Джидда, Абу-Даби және Нью-Дели қалалары бар.
- Бұл бағыттар тек жолаушылар үшін ғана емес, бизнес, инвестиция және туризм саласы үшін де маңызды. Біз әуежайды халықаралық хаб ретінде дамыту жолында нақты жұмыстар атқарудамыз, - деді Серік Шәпкенов.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ