Ата Заңның үштен бірі өзгереді

 

Биылдан бастап елімізді жаңа саяси өзгерістер күтіп тұр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқының Ассамблеясында бүкілхалықтық референдум өткізуге ұсыныс тастауы – дәл соның айғағы.

- Мен Конституцияға түбегейлі сипаттағы және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізуге бастама көтердім. Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшудеміз. Мұны екінші республика деп атауға болады, – деген Президент бұл бағытта құрылған жұмыс тобы Ата Заңның 33-бабына түзетулер дайындағанын хабарлады.

Бұл – бүкіл Конституцияның үштен бірі екен. Аталған өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңеске беріліп, нақты шешімін шығармақ.

- Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақта «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейді. Сол айтқандай, шынайы зиялы ортадан шыққан азаматтың басшылығымен қолға алынып жатқан түбегейлі өзгерістер елімізді жарқын болашақта «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманға жетелері хақ.

Бақытжан Нұржанов, медиатор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT