Ана деген атқа лайық болса...

АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ. АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ ӘНУАР ШӘКІРОВ АШЫП ЖҮРГІЗГЕН ЖИЫНДА АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ «ЖАЙСЫЗ ОТБАСЫ» РЕТІНДЕ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА З.Б-НЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ.

Облыстық білім беру басқармасына қарасты аудандық білім бөлімінің ұсынысымен күн тәртібіне енгізілген бұл мәселе - өте өзекті. Денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік санат алған әйелдің ұлы мен қызы Құлсары қаласындағы №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте білім алады. Қызы аталған мектептің 5 сыныбында оқыса, ұлы 2 сыныбында оқиды. Дегенмен, мәселе қала тұрғынының балаларында емес, оның өзінде болып тұр.

Бір қолында кемістігі бар әйел адам, жарамсыз денсаулығына қарамастан күнделікті ішімдік ішумен айналысады. Әрі, тұрып жатқан үйіне бөтен ер адамдар көп жиналатын болып шықты. Ал комиссия мүшелері болса бұл келеңсіз жағдайдың соңын балаларға зияны тиюмен аяқталама деп алаңдайды. Осы себепті де, жағымсыз жайттың алдын алу үшін дер кезінде басқосуды жөн көріпті.
Аудандық білім бөлімі басшысы Айбарша Қақпанбаеваның жасаған баяндамасына сүйенсек, Құлсарыдағы көпқабатты ықшамауданның бірінде тұратын отбасының әлеуметтік жағдайы аса мәз емес. Тұрып жатқан үйінің ішінде тазалық сақталмаған, балалардың қолайлы өмір сүруіне еш жағдай жасалмаған боп шықты.

2021 жылдың 30 қарашасында №18 М.Сатыбалдиев атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Досжанова мен әйелдің ұлының сынып жетекшісі А.Абубакирова оқушылардың үйіне барады. Жайсыз жанұяның материалдық-тұрмыстық жағдайын зерделеу барысында оқушылардың анасы З.Б-ның өзінің ағасымен және көрші әйелмен бірігіп ішімдік ішіп отырғанын анықтайды. Ал сол күні сағат 18.30-19.00 шамасында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары балалардың жылап тұрғанын көріп, жандарына келіп мән жайды білмекке ұмтылады. Балалар болса өздерін нағашы ағаларының үйден қуып шыққанын айтып, шағымданады. Сол жерде А.Досжанова полиция бөлімінің 102 байланыс нөміріне қоңырау шалып, учаскелік полицейлерді шақырады.

Баяндамашының сөзінше, полиция бөлімінің қызметкерлері бұл отбасының жағдайымен бұрыннан таныс болып шықты. Үйлеріне жиі барып, бақылап тұрады екен.

Мұқтаж отбасыға мектеп әкімшілігі заттай да, азық-түлікпен де, қажетті тұрмыстық бұйымдармен де көмек көрсетіп келеді. Дегенмен, жасаған жақсылықтың қадірін түсіне бермейтін әйел қайырымды жандар берген заттарды сатып жіберген. Мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақысын ішімдікке жұмсайтын көрінеді. Балаларының жағдайына көңіл бөлмей, кейде сабақтан да себепсіз қалдырады.
З.Бұлақбаеваның үйінде бөтен ер адамдардың жүруі бір емес, бірнеше мәрте қайталанған. Тіпті, оны мұқтаж отбасыға көмек көрсетуге келген жандар да растап отыр. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, аудан кәсіпкерлері мен еріктілерден құралған қайырымдылық қорлары бұл отбасыға бірнеше рет көмек беруге ниеттенген. Алайда, әйелдің жауапсыздығына куә болған жанашыр азаматтар қол ұшын созудан бас тартқан.
2021 жылдың 20 желтоқсаны күні мектеп директоры А.Ибраева мен оның орынбасары А.Досжанова тағы бір мәрте бұл отбасының үйін зерделеуге бет алады. Тиісті мекен-жайға барған кезде мектеп басшысы мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары үйде бейтаныс ер адамның жүргенін көздерімен көрген. «Бұл кім?» деген сұраққа З.Б: «Бұл-көршім. Үйіме жылу жүргізуге көмектесіп жатыр» - деп жауап берген. Отырысқа жиналған комиссия мүшелері бұл жауапқа сенбейді.
Комиссия отырысы кезінде аудандық білім бөлімі маманы З.Б-ның тәртібіне, іс-әрекеті мен өзін-өзі ұстауына қарап, дұрыс жолға түсеріне көзі жетпейтінін айтты. Сол үшін жолдасы қайтыс болған, жалғызбасты ананы «аналық құқығынан заңды түрде айыруды» ұсынды. Бұл ұсынысты естіген З.Б комиссия отырысының үстінде дауыс көтеріп, жылауға дейін барып, ашумен тысқа шығып кетпекші болды. Дегенмен, комиссия мүшелері оны райынан қайтарып, орнына қайта әкеліп, өзін өзгертіп, өмірін түзетуге соңғы рет мүмкіндік беретінін ескертті. Егер дұрыс жолға түспесе, заң жүзінде әрекетке көшетінін қадап айтты. Ал отырыста мәселесі қаралған З.Б қолының түнде, ұйқыға жатар алдында шыдатпай ауыратынын айтады. Дәріні ағзасы қабылдамайтынын, тіпті, дәрі-дәрмекті көп қабылдағандықтан өлім аузынан қалған айтып, ішімдікті ауруын жеңілдету үшін ішетінін айтып, ақталды. Өкінішке орай, оның отырысқа қатысушылардың қойған сұрақтарына берген жауабының көпшілігі шындыққа сәйкес келмейді.

Комиссия отырысы барысында мектеп директорынан бастап, білім бөлімі, ішкі саясат, полиция бөлімі мен әлеуметтік сала мамандары мен басшыларынан түгелдей дерлік жауап алынып, олардың ұсыныстары тыңдалып, хаттамаға енгізілді. Жалғызбасты анаға соңғы рет ескерту беріліп, соған сай тиісті шешім қабылданды.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521