ЖЕМ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ ...

Биылғы экспедицияның мақсаты: Мұғалжар тауларының басындағы су қоймаларын, бөгеттерді есепке алып, зерделеу жұмыстарын жүргізу болды.

Жем өзені жыл сайын арнасы тартылып, кеуіп барады. Бұл қиын мәселені қалай шешу керек? Жем өзенінің қазіргі қиын ахуалы туралы мәселе көтеріп жүрген бұрынғы Сенат депутаты, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов. Ол қыс айында ауданымызға арнайы келіп, аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Онда Жемнің бастауы Мұғалжар тауларына дейін арнайы экспедиция шығарып, су тапшылығын зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізуге уәде еткен-ді.

Айтқандай, осы айда бір топ министрлік өкілдерімен ауданға іссапармен келіп, Ақтөбе қаласына қарасты Мұғалжар ауданына экспедиция ұйымдастырды. Оның құрамына Сәрсенбай Құрманұлымен бірге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Казгидромет» бас директорының орынбасары Серік Сайыров, «Казгидромет»-тің ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиндер, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жантөре Рашев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, аудандық мәслихат депутаты Сейітжан Балжігітов, «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов және «Кең Жылой» газетінің журналисі (осы мақаланың авторы) кірді.

Еске сала кету керек, дәл осындай экспедиция өткен жылы да ұйымдастырылған еді. Биылғы экспедицияның мақсаты: Жемнің бастауы саналатын Мұғалжар тауларының басындағы үлкенді-кішілі өзен-көлдер мен су қоймаларын, бөгеттерді есепке алып, зерделеу жұмыстарын жүргізу болды. Нәтижесінде белгілі болғанындай: Жемнің өз арнасы бітелмегенімен, есесіне оған құятын көлдер мен өзектердің, Темір өзенінің өзегі кеңшарлар кезінде топырақпен тұрғызылған бөгеттермен көміліп жатқаны анықталды.

Сапарға шыққан экспедиция төрт темір тұлпармен Қырықмылтық арқылы түс әлетінде Орта Аққұдыққа келіп құлады. Бұл жерде экспедиция мүшесі, «Ащысай» қожалығының басшысы Бақтығали Тілеуұлының жазғы жайлауы қоныс тепкен екен. Жайлау деген аты болмаса, жері шұрайлы көрінбеді. Оның үстіне, сол күнгі ауа райының қолайсыздығынан аңызақ жел соғып, үй маңын ала шаң басты.

-Бұл жер - Қызылқоға ауданының жері. Мұнда мұқырлық малшылар да көршілес қоныс тепкен. Қазір Қайнардың сайын жағалай қоныстанып отырмыз. Осы жерлерде балалық шағым өтті. Көріп отырғаныңыздай, үлкен сай арнасының аңқасы кеуіп жатыр. Су келмегелі бірнеше ондаған жылдың жүзі болды. Бала кезімізде бұл тоғанның іші суға тұнып тұратын-ды. Көктемде таңнан арғы бетке жайылып кеткен түйелер кенеттен су тасып кетсе, кешкісін бергі бетке өте алмай боздап тұратын-ды. Енді қазір жайлау жайсыз. Амалсыздан тағы да көшкелі тұрмыз. Ендігі бағытымыз – көрші Байғанин ауданы, - дейді Бақтығали Тілеуұлы мұңая. Мұндағы малшылар суат ретінде жерасты суын пайдаланады екен. Оны арнайы сусораптың күшімен тартып алады.

ӨНДІРІС ТАБИҒАТҚА ӘСЕРІН ТИГІЗУДЕ

Экспедиция кешке қарай көрші Ақтөбе облысының аумағына табан тіреді. Байғанин ауданына енгеннен-ақ жер бедері өзгеріп сала берді. Боз жусан мен бетеге өскен көк майсалы қырдың басына қызыға қарадық. Еріксіз көлік терезесінің әйнегін түріп қойып, табиғаттың тамаша көрінісінен көз ала алмай, боз даланың жұпар ауасын сіміре жұттық. Құрғақшылықтан құты қашып, жайылым таппай дала кезіп жүрген Қайнар сайының бойындағы төрт түлік үшін бұл өлке бейне жұмақтың төрі дерсің! Алғаш ат басын тіреген ауылымыз Қопа ауылдық округінің орталығы Ебейті елді мекені болды. Шағын ауылдың іргесіндегі сайдан бұлақтың суы сарқырап ағып жатыр. Іргесінде жайылып жүрген мал да күйлі көрінді.

Табиғаттың таңқалдырар таңғажайып құбылысында шек бар ма?! Сарытоғай ауылдық округіне келгенде керісінше көрініске тап болдық. Тау-тау болып үйілген қалың шағылды құмды төбелерден тұратын Баршақұмға табан тірегенде бейне шөл далаға келгендей болдық. Шетелдік «внедорожник» деп аталатын темір тұлпарларымыздың тұмсығы тасқа тіреле жаздады. Экспедицияның көлік керуенін бастап келе жатқан Бақытжан Достановтың, оның соңынан ерген Абзал Қайыржанұлы, Сейітжан Балжігітов, Бақтығали Жиенқұловтардың жүргізушілік шеберлігі осы жерде көрінді. Осыған дейін де қазақтың маң даласын кезіп, талай тау-тасты, шағылды жерлермен жортып, тәжірибе жинақтаған жылыойлық жігіттер экспедицияны қалың құмды толарсақтан кештірген Баршақұмнан да алып шықты-ау. Бір қызығы мұндағы таудай болған құмды төбелердің үсті жасыл желекке толы. Мамандардың айтуынша, мұндай қалың құмның асты тұнып тұрған жерасты суына толы.

Кешке салым Кеңқияққа келіп жеттік. Өндірісті өңірге өткенде өзгеше көрініске тап болдық. Байғанин қырындағы көк майсалы жерлер көзден бал-бұл ұшты. Жұтаң тартқан жусанды боз дала. Кеңқияқ пен Сарыкөл ауылының арасынан Темір өзені ағып жатыр. Жемге құятын бірден-бір ірі өзен осы. Бірақ «Ағып жатыр» деуге келмейді. Сол жерден біз арнаның үстімен жүріп жатқан көпірдің бойынан бір емес, екі бірдей шлюзге кезіктік. Өзен ағысы әлдеқашан тоқтаған. Күткендегідей арна толы суды көре алмадық. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидоллаұлы кейін анықтағанындай, аталған бөгет ешкімнің балансында болмай шықты. Жанындағы жазуы өше бастаған белгіден экспедиция мүшелері «Солтүстік шлюз» деген сөздерді әрең оқып шықты. Жемнің басындағы алғашқы көрініс көңілге кірбің ұялата бастады. Арна толы тулаған толқынды өр өзеннің тентек мінезінен бір белгі жоқ.

ЖЕМ БОЙЫНДАҒЫ ЖЕКЕМЕНШІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ

Экспедицияның негізгі жұмысы ертеңгісін басталды. Жем шаһарына да ат басын тіредік. Бұрынғы әскери қалашықта Кеңес өкіметі кезінде мұндағы казармаларда 40 мыңға тарта жауынгер қызмет еткен екен. Офицерлер арнайы салынған көпқабатты үйлерде тұрған. Қаңыраған бос ғимараттар көңілге қорқыныш сезімін ұялатады. Біздің назарымызды аудартқан жайт: шаһардың Жем өзенінің жағасында орналасқандығы еді. Әсіресе КСРО Қорғаныс министрі, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, маршал А.Гречконың қосқабатты коттедж үйі қатты қызықтырды. Ол кезде өзен суға толып, жағасы үйдің іргесіне тиіп тұрған. Кеңес әскерінің қолбасшысы бос уақытында өзен суынан балық аулап, қайықпен серуендеген. Ал қазіргі көрініс көңілге көтерерлік емес. Арнасының кеңдігінен-ақ кезінде бұл жердің айдынды шалқар көл болғанын болжауға болады. Су жағадан біраз алыстап, қалың қамыс басып кеткен..

Мұнда кәсіпкерлердің дені балық шаруашылығымен шұғылданады екен. Олар аудан аумағындағы су айдындарын жеке иелікке алып, шабақтар өсіреді. Онысын төрт-бес жылдың ішінде бағып, өздері аулап, сатылымға шығарады. Сондай су айдынының бірі – Алталы. Кеңестік шаруашылық кезінде үлкен бір су қоймасы ретінде пайдаланылған көл бүгінде жергілікті кәсіпкер Бекболат Сенбаевтың иелігінде. «Ысқақ әулие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры оны 2016 жылы «Көктас» акционерлік қоғамынан сенімді басқаруға алыпты. Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағанбетовтың айтуынша, көл көктемгі бұлақ пен қыста қататын мұз бен қар суымен толығады. Алталы –Өтесай сайында орналасқан Жем өзенінің арнасын суға молықтырған аудандағы үлкен көлдің бірі. Экспедиция жетекшісі С.Еңсегенов, мүшелері Д.Бекмағанбетов, С.Сайыров, Ғ. Азидуллин және басқалар көл маңын мұқият қарап, Жемге ағатын тұсының бөгелгенін көрді. Ал бөгет өткен ғасырдағы Кеңес өкіметі кезінде салынған, ескі.

-Бала кезімде көлге келетін сайдан су үзілмейтін. Енді көріп тұрсыз, тайызданып барады. Су көп келіп, арнасы толған жылдары көлдің көлемі 1 млн. 200 мың текше метрге дейін суға толып, артығы Жемге құйылып, тасып жататын-ды. Биыл су былтырғыдан жақсы келді. Бірақ сонда да өзінің байырғы жағалауына жете алмады. Қазіргі таңда мұнда 800 мың текше метрдей су бар. 2016 жылы суға шабақтар жіберіп, бұйыртса енді өнім аламыз ба деген үміттеміз. Жағалай тал отырғызып, абаттандырамын ба деген ойым да жоқ емес, - дейді серіктестік директоры Б.Сенбаев.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидоллаұлынан білгеніміздей, су тоғанының кейбір құжаттары дұрыс емес, әсіресе кешегі Кеңестер заманы кезінде салынған бөгеттің тиісті заңдастырудан өтпегені белгілі болды. Ал кәсіпкер азаматтың суды пайдаланғаны үшін арнайы рұқсат қағазы да жоқ екен. Сондықтан оны заңдастыру керек екендігін ескертті. Бір сөзбен, бастауын таудың мөлдір бұлағынан алатын Алталы су қоймасының өзінің қазіргі халі адам қызығарлықтай емес. Кәсіпкер бар суды сары майдай сақтап, балығы үшін бақылауда ұстап отыр. Алталыдан әзір Жемге келіп-кетер пайда жоқ екені көрініп тұр. Өкінішке орай, бұл жалғыз осы Өтесайдағы су қоймасына тән мәселе емес.

Экспедиция әрмен қарай Мұғалжардың басына қарай жылжыды. Тау бөктеріне жақындаған сайын боз жусаны аралас көк майсалы қыраттар, көкорай шалғын бәйшешекке оранған үлкенді-кішілі сай-салалар мен өзектер көз тарта бастады. Бірақ қай-қайсысында да су жоқ, көктемде толғанмен, жазда кеуіп кеткен. Жер тек жаңбырдың күшімен жанданып тұр. Жолсерігіміз сол аудан әкімінің орынбасары Бекболат Қалдыбайұлы мен жеке кәсіпкер Сайлау Қиясов таудың биік бөктерінде орналасқан Әулиекөл су қоймасына алып келді. Бұл да кезінде Кеңес өкіметі кезінде салынған, негізінен, «Көктас» акционерлік қоғамының коммуналдық меншігінде болып шықты. Қазір оны С. Қиясов мырза жалға алып, балық шаруашылығы үшін пайдаланып отыр екен. Аумағы Алталыдан бірнеше есе ауқымды, сыйымдылығы 7,7 млн. текше метрді құрайтын алып тоған өткен ғасырдың сонау 1970 жылдары қиыршық тас өндірісінің қажеттілігі үшін, яғни «щебеньді» шайып, тазалау мақсатында тұрғызылған екен. Бірақ кейін ондағылар өндіріске жақын жерден ұңғыма қазып алып, су қоймасы керексіз болып қалған. Сондықтан тек су тапшылығы қатты қысқан жылдары Жем арнасын толтырып, ауылшаруашылығы мен балық шаруашылығын өркендету үшін пайдаланып келсе керек. Біз келгенімізде бөгеттің астыңғы ернеуінен жіберілген тау суы төмендегі өзен арнасына қарата ағып жатты.

-Қазір су қоймасында 7 млн. текше метрдей су бар. Балықтың түрлері де алуан. Мен өз басым өзге кәсіпкерлердей емес, жергілікті жұрттың балық аулауына тыйым салмаймын. Мұндағы мол суды алтын өндірушілер де сұратты. Бірақ мен келісімімді бермедім. Егер олай жасайтын болсам, онда су көзі бірнеше есеге кеміп кетеді. Сондықтан халықтың игілігі үшін көздің қарашығындай сақтап отырмын, - дейді кәсіпкер азамат.

ЖЕМДІ СУСЫЗ ҚАЛДЫРҒАН БАСТЫ СЕБЕП - ЕСКІ БӨГЕТТЕР

...Сайлау Қиясов айтқан алтын өндірушілердің өндірісінің үстімен өттік. Алтынды ауылы Мұғалжар тауының етегіндегі кен ор- нымен іргелес орналасқан. Мұндағы шағын көлдің жағдайы мәз болмай шықты. Су деңгейі бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір төмендеп кеткен. Бар болғаны 500 мың текше метрдей ғана су қалыпты. Жергілікті тұрғындар оны техникалық су ретінде ғана пайдаланады. Ал Жемге қосылатын арнасы топырақтан жасалған биік бөгетпен бөлініп тасталған. Ол да кешегі Кеңестік кезеңнің сарқыншағы.

Әрине, сапар барысында экспедиция дәл осы тектес Амансай су қоймасы мен Сарыкөл секілді табиғи көлдердің де жағдайын барып көрді. Ондағы бөгеттердің жай-күйі мен су деңгейін зерделеді. Олардың барлығында да су аз, кейбірінің деңгейі өте төмен. Аталған су тоғандарының барлығын дерлік жеке кәсіпкерлер сатып алған,оған балық өсіреді. Жекеменшік көлдерден жергілікті жұртқа балық аулауға қатаң тыйым салынады. Тіпті біреуі жағалауын арнайы ауламен қоршап, кіреберіс қақпасына шомылуға және балық аулауға болмайтындығын бадырайтып жазып қойған.

Бір қызығы Жемге құятын Темір өзенінің бастауы да Мұғалжар ауданының аумағына қарасты болып шықты. Экспедиция мүшелері бұл ауданда ұзындығы бір шақырымға дейін созылып жатқан биіктігі төрт метрлік бөгеттерге кезікті. Бұл бұлақ суларынан бастау алатын Темір өзенінің арынын тежеп тұрған басты «кедергі» екені көрер көзге ұрып тұрды. Мұндай бөгеттердің көпшілігінде су көздері тасқын қатты болған кездері жырылған жерлерден ғана сыздықтап ағып жатыр.

-Осындай ескі бөгеттер Жемнің бастауынан бастап өр өзеннің ағысын тежеп, табиғи жолмен тасуына үлкен кедергі келтіріп тұр. Соның салдарынан өзендегі су мөлшері жылдан жылға азайып барады. Оның үстіне, кеңшарлар кезінде салынған бөгеттердің ешқандай құжаттары жоқ. Сондықтан оларды заңдастыру керек, болмаса бұзып, су арнасын аршып тазалау керек, - деген экспедиция жетекшісі Сәрсенбай Еңсегенов осыған қатысты мынадай бір деректі әңгімеледі: - Осыдан 2-3 жыл бұрын маған ақтөбелік бір ақсақал келді. Кезінде осы өңірдегі кеңшарларда директор, кейін ауданның басшылық қызметінде жұмыс жасапты. Міне, осы кісі Кеңес Одағы кезінде жоғарғы жақтың тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысының аумағындағы Жем өзенінен көптеген бөгеттер тұрғызып, арнасын суат, егін егу үшін бірнеше жерден бұрғызғанын, ол жұмысты тікелей өзі басқарып, кейін өзі ауданға басшы болғанда да қарауындағы кеңшар директорларына сондай тапсырма бергенін айтты. Сол кезде ауданға іс сапармен келген білімдар бір ғалым азамат өзен арнасын топырақпен бөгеудің зиянды екенін, 20-30 жылдан кейін келер ұрпақ соның зардабын тартатынын ескерткен екен. «Бүгін, міне, сол ғалымның айтқаны айнымай келді, Жем өзені оның бастауындағы су шайып кеткен бөгеттердің кесірінен бұрынғы замандағыдай еркін аға алмай, қарқыны қайтып, арнасы құмығып жатыр» - деп мұңын шаққан-ды. Біздің экспедицияның мақсаты: осы олқылықтың орнын толтыру, аға буынның жіберген қателігін түзету, Жем мен оған құятын сағалар мен Темір өзені арнасындағы судың толассыз ағуына кедергі келтіріп тұрған заңсыз бөгеттерді анықтап, бұздырту. Өзендердің арнасына тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттің өзі арнайы қаражат көзін қарастыруы керек. Ол үшін осы экспедициядағы көрген-білгенімізді, ойға түйгенімізді жоғарғы жаққа жеткізіп, мәселеге Үкіметтің назарын мықтап аудартуымыз қажет. Сонда ғана бұл өзекті проблема шешімін тауып, тиісті жұмыстар қолға алынады, -деді министр кеңесшісі.

...Тау бөктерінен алыстаған сайын мұндағы су тоғандарының арнасы да тайыздана түседі екен. Соның бірі - экспедиция аялдаған Іле су қоймасы. Мұнда да өткен ғасырда салынған ескі бөгет алдымыздан шықты. Тау-тау болып үйіліп, жотадай тізілген қалың топырақ Жем өзенінің арнасына су жібермей, кесе көлденең жатып алған. Шамасы жайылыс немесе шабындыққа су шығару үшін салынса керек. Бірақ 1993 жылғы қатты тасқын кезінде бір жағын су шайып кеткен. Одан беріректе Жем өзеніне су сол өткел арқылы құйылып тұрыпты. Кезінде бұл жердің де өткел бермес өр өзеннің бір сағасы болғаны арнасының кеңдігі мен тереңдігінен-ақ көрініп тұр. Қазір қоймадағы су айдыны қалың тоғайдың арасынан мен мұндалап әрең көрінеді. Бөгеттің бір жағына бетоннан жасалған су ағынды құрылғысы орнатылған. Бірақ су одан асып өтуі үшін көктемгі тасқынның қарқыны қатты болуы керек. Сонда ғана арна суға толып, өр судың артығы бетон қондырғының ернеуінен асып, ойға құлап терең сайға құйылады. Ол өз кезегінде өзен арнасымен жалғасып жатыр. Осыдан-ақ бөгеттің су мол болған өткен ғасырдың екінші жартысында салынғаны көрініп-ақ тұр. Ал қазір қарт Жемде ондай қарқын жоқ. Сол себепті көптен суға толмаған сайдың арнасының аңқасы кеуіп жатыр. Есесіне қалың нар қамыстан, жиделі тоғай мен құба талдардан көз сүрінеді.

ТАУДАҒЫ БҰЛАҚ КӨЗІ БІТЕЛІП ЖАТЫР

Экспедиция Егіндібұлақ ауылдық округінің жеріне келді. Орталығы Бұлақты ауылы екен. Аты айтап тұрғандай, көк майсаға оранған бұл өлкенің қыратының асты да, үсті де бұлақтың суына толы болып шықты. Мәселен, біз аралаған Төлеубай қыстағындағы Андақұлбұлақ және одан әріректегі Шошқалыбұлақ деп аталатын жерлерде бұлақтың суы жер астынан бұрқақ болып атқылап жатыр. Бұл ,әсіресе, қазіргідей маусым-шілде айларында ыстықтап келген біз секілді жолаушыға таптырмас сусын көзі. Суы тұщы, әрі таза, оның үстіне тоңазытқыштан шыққандай салқын. Бірақ су көзі барлық жерде біркелкі емес. Тек бір әттеген-айы бұлақтан мөлдіреп аққан судың ағысы Жемге арнасына жетпейді екен. Кішігірім көлдер мен сай-саланы толтырады да қояды. Қыс мезгілінде суы мұз боп қатып, қармен бірге көбейіп, көктемде еріген кезде ғана өзенге құйылуы мүмкін дейді мамандар. Ал бұлақтың бойын жайлаған ауылдардың барлығы дерлік күнделікті тұтынатын ауыз суын осындай елді мекен іргесіндегі бұлақ көзінен алады. Көбісі жерасты суларын құбыр арқылы тартып алып, ешқандай өңдеусіз пайдаланады екен. Осының өзі көп нәрені айғақтаса керек. Мәселен, біз аялдаған Бұлақты ауылының су көзі 9 метр тереңдіктен шығып жатыр.

-Көріп отырғанымыздай, бұл жердің бұлақ көзі өзеннен тым алыста жатыр. Сай-саланы толтырып, осы өңірді жасыл желекке бөлеп тұр. Негізінен, Жем қар мен жаңбыр суымен молыққанымен, бұлақ суларының да қосатын рөлі зор. Кезінде Мұғалжар тауларының басында 200-дің үстінде бұлақ бастауы болған екен. Өткен жылғы экспедиция кезінде біз соның екеуінің ғана көзін әрең таптық. Егер сол бұлақтың бәрі тоқтаусыз ағып жатса, онда ұлы өзен қазіргідей мүсәпірдің күйін кешпес еді. Өкінішке орай елімізде бұлақ мәселесімен айналысатын, оны бақылайтын бірде-бір мемлекеттік мекеме жоқ. Біздің министрлік жанында Су ресурстар комитеті мен Қазақстанның батысындағы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан секілді төрт облысты қамтитын Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы, басқа да ведомстволық ұйымдар бар. Олардың барлығы да аты айтып тұрғандай, тек қана су мәселесімен айналысады. Бірақ сол судың көзі саналатын бұлақ проблемасына келгенде олардың ешқайсысы бас қатырмайды. Өйткені «бұлақ» сөзінің су секілді ешқандай статусы да жоқ. Бүгінгі таңда, еліміз бойынша алғанда қанша бұлақ бар, оның қанша көзі бар, ағып жатқан қанша бастаулары бар, ешкім білмейді. Бұлақты бақылап, есепке алып, қадағалап отырған, мәселенің мәнісін зерттеп жатқан жан жоқ. Соның салдарынан да, Мұғалжар секілді тауларда жыл өткен сайын бұлақ көздері бітелуде. Көпшілігі тіпті жойылып та кетті. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, жолға қоюымыз керек, - деді министр кеңесшісі С.Еңсегенов экспедиция сапары барысында.

ЕГІНДІБҰЛАҚТАҒЫ ЕРТЕ ТАС ДӘУІРІ

Егіндібұлақ ауылдық округінің аумағынан біз археологтарды кезіктірдік. Онда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым акалемиясының академигі Жакен Таймағамбетов бастаған бір топ археологтар Төлеубұлақ үңгірі мен оның маңынан қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жакен Қожахметұлының айтуынша, мұнда ерте тас дәуірінің адамдары мекен еткен. Оған дәлел: осы жерден табылған сол замандағы тұрмыста қолданған құрал-саймандар. Олардың барлығы тастан, сүйектен қашап жасалған. Осыған дейін де анықталған бұл тарихи орынды Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институттың жанынан құралған археологиялық экспедиция қайта зерделеу үстінде екен. Қос экспедиция мүшелері бұлақ суын бойлай өскен ақ қайыңды орманның көлеңкесінде шоқ самаурынға қайнатылған қою шәйдан ауыз тие отырып, бір-бірімен ақпарат алмасты. Бірі ерте тас дәуірінен хабардар етіп, көне тарих қойнауынан сыр шертсе, Жылыойдан шыққан экспедиция төменгі Жемдегі су мәселесін айтып, елдің мұңын шақты. Ерте тас дәуірінің белгілері табылған Төлеубұлақ үңгірін барып көрді. Онда неолит, жаңа тас дәуірінің тағы бір белгісі - үңгір ішіндегі тасқа қашап жасалған көне суреттер. Табиғатқа тәуелді жағдайда өмір сүрген сол кездегі адамдар осы үңгірге келіп өздерінің наным-сеніміне сай символикалық суреттер салып, соған табынатын болған.

Темір тегеурінін тежеген...

Экспедиция сапарын ертеңгісін Темір ауданындағы Сарыкөл мен Кеңқияқ елді мекені аралығындағы Темір өзенінің үстіне орнатылған көпірдегі екі бірдей су реттегіш шлюзден бастады. Аталған қос қондырғы өзен суының жайылмасында шабындыққа су шығару үшін салынған. Бірақ зерделей келе ешқандай коммуналдық меншікте жоқ екенін анықтады.

Көп ұзамай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Казгидромет»-тің Ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, Ауылшаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиндер бастаған экспедиция мүшелері Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Макар Өтегеновпен кездесті. Экспедицияның көтеріп отырған мәселесіне байланысты ол өзінің ой-пікірін ортаға сала келіп, мұнай өндірісінің бұрынғы маманы ретінде мұндағы қиын экологиялық проблемаларды да ашық айтты. Расында да Кеңқияқ ауылдық округінің аумағына енгеннен-ақ жағымсыз иіс қолқаны қаба бастаған-ды. Ал Темір ауданы тұрғыны Иса Адиловтың айтуынша, сол түні ауылдың ішін газдың иісі алып кеткен, тұрғындар тұншығып, далада еркін отыра алмаған. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.

-Бұрынғы дәуірде далалық жолдарда «К-700» деген трактормен әрең жүруші едік. Қар қалың, одан қалды ылғал мол, су көздері көп, батып қалу қаупі жоғары еді. Ал қазір ше? Бүгінде қырдың басын «Нива» жеңіл көлігімен емін-еркін шарлай береміз. Жемнің суы соңғы рет, ұмытпасам 2017 жылы жақсы келді-ау деймін, міне, содан бері қар да, тасқын су да жоқ. Биыл ақпанда аяқ астынан ақтүтек боран болып, қар қалың түсіп еді, бірақ оның да суын ұстай алмай қалдық қой, - дейді 1983 жылдан бермен қарай осы өңірде жылқы бағып келе жатқан Иса ақсақал мұңая.

Шынымен де өндірісі өркен жайған Кеңқияқтың мұнайлы Жылыой өңірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екен. Мұнда да су тапшы, аптап ыстықтан сарғайған даланың шаңы аспанға шығып жатыр. Кішігірім сай-салалардағы шағын көлшіктерді суат ретінде сақтап, соны айналдыра қоныс тепкен малбегілер.

Иса ақсақалдың көрсетуімен біз Темір өзеніне құятын сайлар мен сағалардағы Ақтасай, Қопа және Наушабай секілді үлкенді-кішілі бөгеттердің басында болдық. Олардың барлығы да кешегі кеңшарлар кезінде тұрғызылған, қазір иесіз болып шықты. Жалпы осындай қараусыз қалған 20 шақты бөгет бар екен. Соның ең ірісі – Наушабай. Кезінде мал суару, жайылымға су шығару мақсатында салынған. 1998-1999 жылдары бір жағы жырылып жіберілген. Ал Қопаға келгенде ескі бөгеттің тұсындағы Темір өзенінің негізгі арнасын топырақпен бөгеп жатқан бір топ ауыл азаматтарына кезіктік. Біз тілдескен Төлеген есімді азамат аты-жөнін толық атаудан бас тартты. Өзеннің бұл бөлігі Сарқырама деп аталады екен. Арнаны бөгеу мақсатын 6 мың гектарлық жайылманың арнасына су шығарумен түсіндірді.

-Барлығымыз да малмен күнелтіп отырған ауылдың шаруасымыз. Осы жердің халқында 5-6 мыңдай сиыр мен 10 мыңға тарта қой-ешкі бар. Темір арнасымен су жүріп тұр. Бірақ тоқтаусыз Жемге барып құйылады. Одан біздің ауылдың жанына да, малына да пайдасы шамалы. Сондықтан осы бөгетті қолдан жасап жатырмыз. Бірақ біз өзеннің ұлы арнасын бөгеп жатқанымыз жоқ. Темірдің суы жайылманы толтырып, айналып барып өзінің негізгі арнасына құйылады,-деп ақталды Төлеген.

Сарыкөлдіктердің бұл әрекеті экспедиция мүшелерін бей-жай қалдыра алмады. Темір өзенінің негізгі арнасының бұлайша бұрылып әкетуі Жемді мол судан айыратыны анық. Бірақ «сіздерге керек су, бізге де керек» деген Төлегеннің сөзін ескерсек, мәселе «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кебінін кигізіп тұр. Су бәріне де керек!

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, нағыз бөгет мәселесі Темір қаласына келгенде «мен мұндалап» алдымыздан шыға келді. Соның бірі - қаңырап иесіз жатқан Алтынбай бөгеті. Өзен арнасына «кесе көлденең жатып алған» оның ұзындығы 150 метр. Топырақтың астына екі жерден 300 мм-лік тұрба өткізілген. Бөгеттің кесірінен Темір өзенінің суы төменгі жақтағы негізгі арнасына тіке қосылмай, шабындық алқаппен айналып өтеді екен. Сондықтан ол өр өзеннің бұрынғы табиғи ағыс арынын қалпына келтіру үшін бұзылуы керектігі көрініп тұр. Алтынбайдан көп алысқа ұзамай-ақ экспедиция Жұрын көпіріндегі бөгетке тап келді. Бұл да ешкімнің меншігінде болмай шықты. Топырақпен өткел ретінде жасалған көпірдің астына су ағызғысы ретінде 500-дік қос тұрба ғана салған. Одан ағып өтетін судың көлемі қасқалдақтың қанындай ғана. Ал арнасының өзін қалың нар қамыстар, құба талдар, жидек ағаштары, басқа да өсімдіктер басып, кәдімгі орман-тоғайға айналдырған. Соның кесірінен, осы жерде өзен бар дегенге сыртынан қараған адам сенбейтіндей. Бұл онсызда ағысынан жаңылған Темірдің тегеурінін тежеп тұрғаны сөзсіз.

-Алтынбай да, Жұрын көпірі бөгеті де өзен ағысының экологиялық ахуалын қалпына келтіру мақсатында бұзылуға жатады, - деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.

Темір қаласынан бастап экспедицияға жол көрсетуге Самат Ашимов есімді азамат шықты. Бұл кісі де малшы екен. Сондықтан Темір өзеніндегі су мәселесін, соның ішіндегі бөгеттердің жай-күйін жақсы білетін болып шықты. Сол азаматтың көрсетуімен біз Темірдің үлкен саласының бірі саналатын Толғанай өзегіне жол тарттық. Ол жерде 1969 жылы тұрғызылған Толғанай бөгеті бар екен. Өзек деген аты болмаса, бұл жердің арнасы өзеннен кем емес. Бөгеттің аумағы да ат шаптырым. Бір шетінен жырылып бұзылған бөгеттің айналасы қалың тоғай, кезінде мал суару және орман шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланылса керек. Өйткені бұл жерге темір тұлпарымызбен желітіп жеткенше ит тұмсығы сыймайтын қалың нулы орманның арасынан жорытып, ұзақ жүруге тура келді. Ауданда орман шаруашылығы мекемесі бар. Толғанайдың арнасы жоғарғы жақтағы Құласу деп аталатын бұлақпен толығады. Кезінде бұл жерлерде мол судың көзі болғаны көрініп-ақ тұр. Өкінішке орай, күні бүгін көзі бітелуге қалған. Министрлік пен комитет мамандары тез арада бұлақ көзін аршып, арнасын тазаламаса, Толғанайдың бұрынғыдай суға тола қоюы неғайбыл деген шешімге келді. Ал ұзындығы бір шақырымға созылып жатқан Оралбай бөгеті болса, ешбір мекемеде тіркелмеген, иесіз жатқаны анықталды. Биіктігі шамамен 4 метр болатын тау төбелер Темір арнасын жартылай жауып тастаған. Ол да өзен ағысына зор кедергі келтіріп тұр. Оның үстіне, жазда суы тартылып, арнасының аңқасы кеуіп қалатын бұл жерлерді де қалың тоғай басқан. Мамандар бұл бөгетті де бұзу керек деген қорытындыға келді.

Экспедиция Темір өзенін жоғары өрлей сапарын жалғастырды. Тасқабақ, Келбатыр, Бабатай, «Көлденең Темір» атты көлтабандап суару жүйелеріне кезіктік. Олардың көпшілігінің республикалық меншікте екені белгілі болды. Бірақ бөгеттері бұзылған. Жоғары өрлеген сайын жер климаты да өзгерді. Көк майсалы қыраттар алдымыздан шықты. Айналып Темір ауданы аумағынан шығып, қайтадан Мұғалжар топырағына табан тіредік. Сөйтсек Темір өзені де бастауын Мұғалжар ауданынан алатын болып шықты. Тек өзгешелігі мұнда таулар жоқ. Жазық дала мен жасыл қыраттар. Бұл жерге «Қазгидромет» Ғылыми зерттеу орталығының директоры, экспедиция мүшесі Нұрлан Абаевтың арнайы картасы арқылы өзенді бойлай жүріп жеттік. Жолшыбай республикалық трасса маңында орналасқан Сагашили ауылының тұсынан өттік. Асфальтты күрделі жөндеуден өткізіп жатқан жолшылар да автомобиль көпірін жөндейміз деп Темір өзені арнасына топырақ төгіп, уақытша айналма жол салып қойыпты. Бұл да өзен ағысын тежеп тұрған бөгеттен кем емес.

Ақыры кешкісін Темір өзенінің басына да келіп жеттік-ау. Бұлақтан жиналған мол суға кезіктік. Шағын өзек пе, көл ме, түсініксіз. Кешегі Кеңес өкіметінен қалған топырақ бөгеттер мұнда да сопиып алдымыздан шықты. Оны қашан, кімнің салғаны белгісіз. Ұзындығы бір шақырымға дейін созылып жатыр. Қаншама уақыт иесіз жатқаны да беймәлім. Бір қызығы бөгеттің еш жерінде жырық жоқ. Сонда да бұлақ суы Темір арнасын толтыруда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ұлы Жемге құятын негізгі ең үлкен Темір өзенінің тегеурінін тежеп тұрған басты кедергі - бөгеттер болып шықты. Олардың барлығы кешегі кеңшарлар кезінде салынған, басым бөлігі қаңырап иесіз жатыр. Сондықтан бұзып, өзен арнасын қалпына келтіруді қажет етеді. Экспедицияның басты мақсаты - жылдан жылға тартылып бара жатқан Жем өзенінің қиын ахуалының себептерін анықтау еді. Экспедиция сол миссиясын орындады. Сонау Мұғалжар тауларынан бастап өзен бойындағы берекесіздікті түзету қажет. Ендігі ауқымды жұмыс Үкімет тарапынан болады деген үміттеміз.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

Жылыой – Байғанин-Мұғалжар-Темір-Жылыой

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521