ads_banner

Қол алысып көрісуді кейінге қалдыра тұрсақ қайтеді?

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып; Құшақтасып, көрісіп, мауқын басып...» дегендей қыстан мал-жаны аман шығып, жадыраған жазғытұры мезгіліне асыққан қазақтың жайраңдаған көңіл күйі, береке-бірлігі. Әйтсе де қадым заманнан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүрімізді биылша қоя тұрсақ қайтеді? Әлемді алаңдатып отырған пандемия кезінде қол алысу қаншалықты дұрыс?

Себебі дәрігерлердің ескертуі бойынша коронавирус ауруы көбіне қолдан жұғады екен. Медицина қызметкерлерінің «қолдарыңды жиі жуыңдар» деп ерекше дабыл қағуы да сондықтан. Елімізде карантин енгізілген соң амалсыздан бір қайтыс болған ағамыздың жаназасына бардық. Көпшілік жиналған жерге барудың қауіпті екенін біле тұра ағайынның қазасына бармай тұра алмадық. Сол жерде жұрттың жапатармағай қол алысып көрісіп жатқанын көрдік.

Қауіпті ауруды қаперіне де алмастан бір-бірінің қолдарын құшырлана қысысқандарды көргенде көңілді үрей бұлты биледі. Көрісу әдетте 14 наурызда басталып, содан кездесе қалғандардың «1 жасыңмен» деп көрісуі бес-алты айға дейін жалғасады. Қолдарын ала жүгірген ағайындардың бетін қайтаруды ыңғайсыз көріп көрісуін көріскенмен, автокөлігімізге отырған бойда дереу антисептикалық құралмен қолымызды шайып алдық. Енді осы көрісу дейтін дәстүрімізге байланысты кейбір пікірімізді ортаға салайық. Әлеуметтік желіде елге белгілі тұлғалар Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Төрекелді Шарманов ағаларымыздың бейнебаяны жарияланды. Сонда осы әйгілі ақын-жазушы, ғалым ағалар қолдасып амандасудың орыс халқынан енген дәстүр екенін, ал біздің бабаларымыздың олай амандаспағанын, «Армысыз!» деп қолын кеудесіне қойып, басын иіп амандасқанын айтқан еді.

Шынында да, қол алысып көрісу Европа, орыс халықтарынан келген салт емес пе екен деп біз де ойланып қалдық. Тағы бір айтқымыз келгені, әйел адамдардың, әсіресе жас қыз-келіншектердің ер адамдардың қолын қысып сәлемдесуі ыңғайсыз, сөлекет емес пе? Себебі қызы бөгде еркектің қолынан ұстамақ түгілі кездесе қалса, бетіне тік қарамайтын әдептілік пен арды кие тұтқан елміз ғой. Сондықтан қыз-келіншектердің ер адамдардың қолын қысқанын өз басым құптай қоймаймын, оның орнына «Армысыз» деп басын төмен иіп, әдеппен амандасқаны жарасымды емес пе?

Қазақстанның батысында үш мәрте төске төс түйістіріп, құлаштай қолдасып амандасу салты да бар. Алайда осы салтты нақ карантин жағдайында қоя тұрып, аса қауіпті жұқпалы дерттен сақтанғанымыз - өзіміздің, отбасымыздың, балаларымыздың, еліміздің, Жер шарының амандығының кепілі. Ал асыл дәстүрімізді аты жаман жұқпалы дерттен әлем айыққан соң да жалғастыруға болады.

С.Тәжіқызы

COVID 19

covid

Күнтізбе