ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ХАБАРЛАУЫНША, ҚАРАША АЙЫНЫҢ 15-І МЕН 24-І АРАЛЫҒЫНДА АТЫРАУ АЙМАҒЫНДА «МАЛ ҰРЛЫҒЫ» АТТЫ ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ БАСТАЛДЫ.
ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ ҚАМЗА ҮМБЕТҚАЛИЕВТІҢ АЙТУЫНША, АТАЛҒАН ШАРА МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ БОЛДЫРМАУ, БҰРЫННАН ОРЫН АЛҒАН ҰРЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШУ, ҚЫЛМЫСТЫҢ ОСЫ ТҮРІМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРГЕН ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ӘШКЕРЕЛЕУ МАҚСАТЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ОТЫР.
Жалпы еліміз бойынша Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деп аталатын арнайы бап енгізіліп, қылмыстың бұл түрімен күрестің күшейтілгені белгілі. Соған қарамастан, мал ұрлауды кәсіп еткен қылмыскерлер бұрынғы әдетін тоқтатар емес. Сондықтан жедел шара осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсері сөзсіз.
-«Мал ұрлығы» шарасы барысында аудандық полиция бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесі мен жергілікті учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізетін болады. Атап айтқанда, мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыскерлерді құрықтау, олар туралы жеткілікті ақпарат көздерін жинақтап, талдау мақсатында жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, олардың ой-пікірлері, ұсыныстары тыңдалады. Сонымен қатар, мал сою бекеттері мен мал базарлары, қасапханалар тексеріліп, оларға әкелінетін ет түрлерінің заңдылығы тексеріледі, - дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қ. Үмбетқалиев.
Ал департаментке қарасты жол-патрульдік полиция қызметкерлері рсепубликалық және халықаралық деңгейдегі тасжолдардың бойымен мал тасымалдап жүрген көліктерді тексеруден өткізетін болады. Олардың арасындағы арнайы ветеринарлық төлқұжатсыз, сертификатсыз және анықтамасы жоқ мал иелеріне заң шеңберінде тиісті шара қолданылатын болады.
Е.Қошақанов