Мұнайдың арқасында әйдік қалаға айнала алдық па?

Төрт тарабы да түгел қоршалған, машина мен жаяу адам қаптаған базарға өрт сөндіру машиналарының қазір де жақындауы қиын.

Осыдан оншақты жыл бұрын бір архитектордан сұхбат алдым. Кенет рөліміз ауысып, сұхбат беруші маған қарсы сұрақ қоя бастады. Сеземін, риторикалық сұрақтар.

-Сіздіңше, Құлсары қалаға ұқсай ма?-деп сұрады ол.

- .........................................

-Қала дегеніміз - биік зәулім үйлер... Ал жатаған үйлері толып жатқан елді мекенді үлкен ауыл деп атаса да болады. Сондықтан Құлсарыны дәл осы қалпында қала деп атағанымыз күлкілі,- деді ол.

Тағы бірде таксиге міндім. Жүргізуші Құлсары қаласының ойқы-шойқы асфальт жолдарына машинасы секеңдеген сайын ызаланып, ренжіп келеді.

-Мынау қала ма?-дейді ол терезеден көшеге қарап.

- Мұнайымыздың арқасында әлдеқашан шетелдегідей әйдік қалаға айналуымыз керек еді ғой...

Осы екі әңгіме көңіл түкпірінде қалып қойды. Шынында да, Құлсары қалаға ұқсай ма? Сараптап көрелік.

Қала дегеніміз - биік үйлер... бірақ

Келер жылы Құлсарының қала мәртебесін алғанына 20 жыл болады. 2001 жылдың 21 қыркүйегі күні қала атағына ие болған болатын. Осы жылдар ішінде қала аумағы әлденеше есе өсті. Бірақ ол зәулім ғимараттар есебінен емес, негізінен жергілікті халық «қазақ үйлер» деп атайтын жатаған үйлер есебінен өсті. Сонау Кеңес Одағы кезінде салынған бес қабатты үйлерді айтпай-ақ қоялық, қала мәртебесін алғалы зәулім үйлер өте аз салынды. Соңғы жылдары салынған көп қатарлы 5 үй және жаңадан салынып жатқан «Болашақ» және «Атырау» жаңа ықшамаудандарындағы үйлерді қосқанда саусақпен ғана санарлық. «Атырау» ықшамауданына қазір 100 пәтерлік 3 үйдің құрылысы бастап салынуда. Солайша алда кезең кезеңімен (4 кезең) жалпы саны бес қабатты 12 үй салынбақ. Жер телімін алған 411 аудан тұрғындары жаңа ықшамаудандарға тағы да өз күштерімен тұрғын үй салмақ, демек тағы да жатаған үйлер қаптайды деген сөз. 10958 адам жер алу кезегінде. 20 жылға жуық мерзім ішінде биік қабатты тұрғын үй кешендері құрылысы мардымды жүргізілмеген. Әзірге қаланың шырайын кіргізіп тұрған жеке адамдардың қос қабатты тұрғын үйлері мен кәсіпкерлер салған екі не үш қатарлы ғимараттар ғана. 20 жыл ішінде ең көп салынған құрылыс - тойханалар.

Қаланың адам айтқысыз тарылғаны соншалық, құмырсқаның илеуіне ұқсап барады

Қаланың Бас жоспары бірнеше мәрте қаралып, «Казгипроград» жобалау институты ЖШС жасап, талқыланып, соңғы рет 2013 жылы бекітілді. Бас жоспарды қайдам, біздің көзқарасымызша, қалада мүлдем бос жер қалған жоқ. Жыл өткен сайын қала көшелері тарылған үстіне тарылып барады. Мәселен, ең көрнекті боп саналатын орталық Махамбет даңғылын алайық. Әдетте даңғыл деп аумағы атшаптырым көшелерді айтады, ал қос автомашина қапталдасса әрең сиятын тар көшені даңғыл деп дабырайтқанымыз қалай өзі? Қаланың тығыздығы артқаны соншалық, өзге жақтан Құлсары қаласына кіргенде бейне құмырсқаның илеуіне кіргендей әсерде боласыз. Орталық «Беркад» базарының о баста айналасы ашық болатын. Сол күйі ашық тұрғанда қалаға әжептәуір көрік те берген. Бүгінде базар айналасына құжынаған дүңгіршек, дүкендердің есепсіз салынғаны соншалық, бұл жерден көлік те, жаяу адам да әрең өтеді. Бірде базар ішіндегі бір дүкенде өрт болғанда өрт сөндіру машинасы ол жерге маңайлай алмаған, себебі жан-жағы түгел жыпырлаған дүңгіршек, дүкендер. Төрт тарабы да түгел қоршалған, машина мен жаяу адам қаптаған базарға өрт сөндіру машиналарының қазір де жақындауы қиын. Автостанса, аудандық емхана маңы да солай. Бұл сол кездердегі қала басшылығының көрінгенге жер бере берген «көңілшектігінің» кесірінен. Құлсары қаласындағы бос жерді көрсе бітті, әлдебір кәуап сатушы қалалық әкімдікке барып әлгі жерді ала қоятындай, сөйтіп ол жерге жапырайған бір дүңгіршегін сала қоятындай көрінеді. Сондайда қалалық әкімдіктегілер мен ауданның сәулетшілері «Біз болашақ ұрпағымызға қандай қала салып, қалдырамыз?» деп патриоттық ойларға берілсе игі.

Арман болған бағдаршамдар

Алматы, Атырау қаласына барыңызшы, көшелерде қызыл, жасыл, сары көздерін жағып, сөндіріп тұрған бағдаршамдарды көресіз. Ал Құлсары қаласына бағдаршамдар орнатылмай-ақ қойды. Нақтырақ айтсақ, «бағдаршам орнату» жыры бітпей қойды. Біресе жоба дайын емес, біресе жол ережесіне сәйкес емес. Көшенің арғы бетіне жүгіріп өтпек болған талай адам қазаға да ұшырады. Көршілес Бейнеу ауданына барғанда ондағы бағдаршамдарды көріп, қызыққанбыз. Әзірге Қазақстандағы бағдаршамы жоқ бірден-бір қала - Құлсары қаласы.

Желге ұшатын қаңылтыр аялдамалар

Ия, ия, бірде қатты дауылда Құлсары қаласының бір шеткі ықшамауданында тұрған аялдаманы жел жұлып ап допша домалатып кеткені. Бұл туралы «Кең Жылой» газетінде кезінде жарияланды да. Басқа қалаларға қыдырып барамыз, сондайда әйнектен бе, әйтеуір бір сапалы материалдан салынған әсем аялдамаларды көреміз. Тіптен қыста жылытылатын электронды құралдары бар заманауи аялдамалар туралы естіп жатамыз. Ал Құлсары қаласындағы көптеген аялдамалар жай ғана бір көк қаңылтырдан салынып, төбесі де сондай қаңылтырмен қаптала салынған. Осы аялдамаларды салуға бюджеттен қаражат бөлінген. Одан көрі «мықтырақ» аялдамалар кәдімгі ақ ұлутастан қаланып салынған. 19 жылда бір жөні түзу аялдамаға да жарымадық.

Ойылып қала беретін тротуарлар

Жалпы Құлсары қаласындағы тротуарлармен жүргенде аса абай болған жөн. Себебі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың кей тұстары опырылып, ойылып түскен. Түп-түзу қаздаңдап жүріп келе жатып, біз өкшеңізбен бір ойпаң жерден сүрініп кетуіңіз де ғажап емес. Бір қызығы, осы тротуарлар жөнделеді де жатады. Брусчаткалардың арасынан бұрқырап топырақ, сусылдап құм шығып жатады. Сондайда үлкен қалалардағы айнадай жалтырап тұратын тротуарларға қызығасың. Кейде өзіңді қалалыққа ұқсатып, шіреніп-ақ жүргің келеді, алайда кедір-бұдыр тротуарлар бұл қиялыңды су сепкендей басады.

Көшеде қаңғырған ит қаппаса игі...

Еліміздегі қай қалаға барсақ та, көшеде қорықпай алаңсыз жүресіз. Қорықпай деген сөзімізге таңырқап отырған боларсыз, бұлай дейтініміз- Құлсары қаласында қаптап жүрген қаңғыбас иттер қауып алмасын деп қарадай қалтырап келе жатасыз. Себебі ең орталық көшелердің өзінде қаңғыған иттердің небір тұқымы топ-тобымен өріп жүреді. Жыл сайын Құлсары қаласында ит қапқан адамдар саны өте көп. Тек биылғы 2020 жылдың сегіз айы ішінде 30-дан астам адамды ит қауып, ауруханада қаралған. Тұрғындар да қалада ит ұстау ережесінің болатынын, оны сақтау керектігіне бас қатырып жатпайды. Себебі оларды тексеріп, айыппұл төлетіп, тәртіпке шақыратын құзырлы орындар жоқ. Көшеде төрт түлік мал жайылып жүр Басқа қалаларда кездеспейтін айрықша көрініс: Құлсары қаласы көшелерінде үйір-үйір жылқы, бес-алты түйе, ұсақ жандық қой-ешкі кейде қала көшелерінде өрісте жүргендей жайылып жүреді. Қала әкімдігі көшеде жүрген малмен күресуін күреседі. Арнайы орынға апарып, қамап та қояды. Бірақ малдың аты мал, «ау, мынау дала емес, қала ғой» деп қымсынбайды.

Айнадай... емес асфальт жолдар

Жылда қаладағы Махамбет даңғылы бойындағы асфальт жол жөндеуден өтеді. Бірақ жөндеуден өткенмен айнадай жалтырап тұрудың орнына бұрынғысынан да қотырланып қалады. Ең орталық көшенің ойдым-ойдым шұңқыр боп жатуынан жүргізушілер де әбден мезі болған. Онсыз да тар көшеде, әрең сиысып келе жатқан көліктер шұңқырлардан қашпақ боп соқтығысып та қала жаздайды. Құлсары қаласының тұрғындарының өкпе-реніштері де осы асфальт жолдарға байланысты. Өткен жылы да осы көшеге байланысты дау-дамайдың соңы жол құрылысын қолға алғандарды сотқа берумен аяқталды. Тендерде ұтып алған «Жаңа түбек» мекемесі жолды төсей бастағаннан бір шикілік байқалды. Аудан әкімдігі жол салушы мекемені сотқа берді. Ал, тегістеліп, асфальт құюға дайындалған жол сол күйі қалып қойды.

Тазалық жайы...

Қаланың кез-келген көшесінде шашылған қоқыстар. Бұған дейін аузы ашық қоқыс контейнерлері пайдаланылып келген болатын, тек биыл «Ecobin» деп аталатын 80-нің үстінде контейнерлер әкелінді. Оған 60 млн қаражат жұмсалған. Жоғарыда айтып өткендей, қалада шұбырып жүрген ит көп, ол аздай иесі жоқ қаңғырған мысықтар да көп. Оларға сиыр мен жылқы, түйе мен қой-ешкілерді қосыңыз. Осылар лақтырылған қоқыс тола дорбаларды тістеп шығарып, «олжаға» кенеледі. Желмен желбірей ұшқан целлофан, басқа да лас дүниелер осылай ыбырсиды.

Қаланы көркейтуге аудан, қала әкімдері тырысуда

«Кезінде аудан әкімі болған Мақсым Ізбасов, Азамат Бекет - сынды басшылар болған тұста қалада көптеген жұмыстар жасалды» деседі Жылыой ауданы тұрғындары. Шынында да, бұл жылдары қалада көп қабатты 5 үй салынып, туған жерімізден табылған Алтын адам мүсіні орнатылды. Өнер мектебі мен музей және кітапхана ғимараттары салынды. Бұған дейін олар ескі шағын ғимараттарды паналап келген болатын. Саябақтар ашылды. Құрсай жағалауы абаттандырылып, жағалауы тасжолдармен қапталды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар іске қосылды. Көше шамдары тізіліп, бақылау камералары орнатылды. Тендерде қалаішілік автобустар қозғалысы басқа «БатысТехИнвест» мекемесіне берілді. Бұдан соң су жаңа 20 «Газель» NEXT және ТШО арқылы 10 автобустар алынып, қала көшелері кәдімгі үлкен қалалардағы көшелерге ұқсай бастады. Дегенмен...

Жиырма жылға жуық уақытта не өзгерді?

Ірі шетелдік және отандық компаниялардың жалпы өнімін қосқанда жылына миллиардтаған тонна мұнай өндіріп жатқан ауданның орталығы Құлсары қаласы 20 жылға жуық уақыт аралығында қандай өзгерістерге ұшырады? Кемшіліктер мен жетістіктердің арасалмағы қаншалық? Жоғарыда айтып өткен кейіпкеріміздің бірі-қарапайым таксист айтқандай, біз «мұнайдың арқасында шетелдегідей әйдік қалаға айналуымыз» керек-ті. Әрине, бұл да Құлсары қаласы тұрғындарының қиялы мен арманында сызылған көріністер болар. Алға қарай сол арманға да жетерміз, бәлкім? Ал, сіздіңше, Құлсары қалаға ұқсай ма?

C.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521