БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Жұрттың көбінің ірілі-ұсақты несиелері бар. Осы тұста кім, қалай күнелтіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды.

Былтырдан бері әлемді жайлаған тәжтажал үйреншікті тұрмыс дағдысын өзгертті. Бастапқыда халық «базарлар жабылады» деген неше түрлі қаңқу сөздерге еріп, азын-аулақ ақысына қапшықтап ұн-шекерін алып қойған болатын. Қашанғы жесін, ол бір күні таусылды. Еліміздің басқа өңірлерін қайдам, жылыойлықтардың нәпақасын іргедегі алып кен орны – Теңізден табатыны белгілі. Алайда, пандемияға байланысты ондағы сандаған мекемелер уақытша жұмыстарын тоқтатты, бірнеше жүздеген жұмысшылар қысқартуға ұшырады. Демек, көптеген отбасы тұрақты табыс көзінсіз, яғни кіріссіз қалды.

Жұмыс көлемінің болмауына байланысты қысқарғандарға берілетін жәрдемақы да 6 айға ғана тағайындалады. Жұрттың көбінің ірілі-ұсақты несиелері бар. Осы тұста кім, қалай күнелтіп жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Ең төменгі жалақы мөлшері былтырғымен салыстырғанда өзгеріссіз қалды – 42 500 теңге (100 доллардың ол жақ-бұл жағы). Қариялар дәрі-дәрмегіне жетер-жетпес зейнетақысымен жұмыссыз қалған балалары мен оның балаларын асырауға мәжбүр болды. Биыл ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін өскенін де айта кетейік. Жалақыдан басқаның бәрінің өскендігіне не күлеріңді, не жыларыңды білмей дал боласың. Көпбалалы отбасыларға 46 760 теңге беріледі (бұл санды да келтіре кетуді жөн көрдім, себебі «пособиямен» күн көріп отырғандар қаншама?!).

Абырой болғанда биыл балалар қашықтықтан оқиды. Олар мектепке баратын болса, үстеріне киіп баратын мектеп формасының қазіргі тамақ бағасы тәрізді қымбатсығанын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Ал енді жоғарыда көрсетілген зейнетақы мен жәрдемақының неге жететінін есептеп көрейік. Мысалы, әрбір отбасы коммуналдық шығындарды өтеуге орта есеппен алғанда 15000-20000 теңгесін жұмсаса (үй-жайдың көлеміне, тұтынған ток, газ, суына, үйдегі адам санына қарай бұл сома көп немесе аздау болуы мүмкін), қалғанына азық-түлік алады делік. Ендеше, базарға кеттік!

АСТЫҚТЫ ҚАНШАДАН АЛЫП ЖҮРСІЗ?

Бұл күндері базарда бірінші сұрыпты астықтың 1 қабы (50 кг) 7250 теңге тұратын болса, жоғары сұрыптысы одан да қымбаттады (8000-8500 теңге). Макарон өнімдерінің бағасы өндірушісіне қарай (отандық және ресейлік) әрқилы. Күнбағыс майының 1 литрі 650-800 теңге аралығында екен. Қанттың 1 келісі 300- 350 теңге, сүттің 1 литрі 300-400 теңге шама- сында.

ҚАНАТ БІТІП, КӨККЕ ҰШҚАН ЖҰМЫРТҚА БАҒАСЫ

Жаңа жыл қарсаңында жұрт санда- лып жаппай жұмыртқа іздеуге кірісті. Жұмыртқаның қат болғаны соншалық, 1 түйірі 60 теңгеге жеткені естеріңізде болар. Содан бері 3 ай өтсе де тұқымның бағасы 45-48 теңгеден түсер емес. Тауықтар алтын жұмыртқа басып шығарып жатқан жоқ па екен деген ой келеді осындайда. Панде- мия кезінде де «қонақжайлылығын» қоя алмаған жерлестерге де ренжисің. Сұраныс болмаса, тауар да қымбатсымас еді ғой.

АЛ КАРТОПТЫҢ ҚЫМБАТСУЫНА НЕ ЖОРЫҚ?

Жыл сайын өңірлерде көкөністің жылдық қоры жинақталады. Қоймаларда тонналаған картоп, пияз, орамжапырақ, сәбіз, қызылша секілді көкөністер сақталушы еді. Картоптың жаңасы әлі шыққан жоқ, қоймада бұрыннан сақтаулы жатқан ескісінің бағасының аяқастынан 200-300 теңгеге дейін көтеріліп кеткеніне түсінбей далмыз. Ең қарапайымы – көкөністердің бағасы осылай шарықтаса, жеміс-жидектер жайлы тіпті жақ ашпаймыз.

БАРА-БАРА ШАЙ ІШУДІ ДЕ ҚОЯТЫН БОЛАРМЫЗ...

Қою күрең шайды терлеп-тепшіп ішпейтін қазекем кемде-кем. Десек те, шайдың бағасы одан әрі өсе беретін болса, шайға «отказ» жасаудан басқа амал қалмайын деп тұр. Құны шарықтап 900 теңгеге жеткен бір қорап шай бағасы шайқорларды қынжылтатыны сөзсіз. Мәселен, «Чемпион» атты шай бағасының өсуі жағынан нағыз чемпион емес пе?!

ИМБИРЬ МЕН ЛИМОН ҰШЫНЫП КЕТКЕН КЕЗ

Бағалардың адам айтқысыз шарықтап өсуіне ел арасындағы алып-қашпа әңгімелердің де қырсығы тиіп жатыр. Пандемия басталған уақытта «коронавирусқа зімбір (имбирь) мен лимон, қойдың құйрық майы, бал, сарымсақ, қымыз бен шұбат ем екен» деген қауесет тарап, халық осыларды жаппай сатып алуға көшкен кез есіңізде ме? Әшейінде, жаз болса ашып өтпей тұратын шұбаттың 1 литрі 2000-2500 теңге болғанын көзіміз көрді. «Атақты» зімбірдің бағасы 8000 теңгеге жеткенде жағамызды ұстап таңғалғанымыз рас.

Сатушыдан «Неғып қымбатсып кеткен?» деп сұрасаң, алатын жерімізде баға өсіп кетті, қосатынымыз 5-10 тиын деп ақталады. Кәсіпкерлерді кінәлаудан аулақпыз. Қымбатшылықты қайсыбір жылдары «доллар бағамының өсуімен» байланыстырып еді. Ендеше, шетелдік валютаның бағасында айтарлықтай өзгеріс байқалмаса да тамақтың бағасы неге сонша күн сайын құбылып, өзгеріп, өсіп отырғаны, әрине, түсініксіз. Сонымен, бас-аяғы 25000-30000 теңгеге (коммуналдық төлемдер мен несие қарыздарынан артылғаны) не алуға болады деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Балалы-шағалы отбасы болатын болса, оларға тәтті тоқаш пен кәмпит те ала алмайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сонда бұл бағаны бақылап, белгілі бір шек- тен асырмай ұстап тұратын органның болмай тұрғаны, болса да қауқарсыздығы көңілге қаяу түсіреді.

Жансая ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521