Қоғамдағы үнсіз қасірет – зорлық-зомбылық тақырыбы бұған дейін де айтылып келді, айтылып жатыр, айтыла да береді.
Өйткені ол тек құқық бұзушылық емес, ол – рухани дерт. Зорлық-зомбылық арқылы әрбір соққыдан, әрбір ауыр сөзден адамның сенімі үзіледі, адамдық қадірі тапталады. Өкініштісі, көп жағдайда мұндай жағдайлар қоғам назарынан тыс қалып, «олардың өз шаруасы» деген немқұрайлылықпен қаралады. Дәл осы үнсіздік зорлықтың ең мықты жауабы ретінде жалғасып келеді. Міне, осындай мәселелерді қоғамның назарында ұстау, алдын алу және түсіндіру мақсатында жуырда ауданда “Зорлық-зомбылыққа жол бермейік!” атты семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шара “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні” аясында және “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.

Жылыойлық нәзік жандардың басын қосқан іс-шараның мақсаты – отбасы ішіндегі түсіністік пен сыйластықты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын түсіндіру және алдын алу, сондай-ақ әйелдердің құқықтық, психологиялық сауаттылығын арттыру еді. Семинарға аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобының аға инспекторлары, полиция майорлары Рысты Жоламанқызы мен Жазира Молдабаевалар, коуч-психолог Алтынгүл Атабаева және бизнес-тренер Нелли Төлегенқызы қатысты. Олар қатысушылармен ашық әңгіме жүргізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қызықты ойындар жүргізіп, қатысушылардың бір-бірімен ашық әңгіме айтуына жағдай жасады. Маңызды семинарда алғаш болып сөз алған коуч-психолог Алтынгүл Атабаева зорлықтың түпкі себебін адам бойындағы қорқыныш пен әлсіздіктен іздеу керектігін айтты. Оның пікірінше, зорлыққа бейім адам – өз өміріне қанағаттанбайтын, өз мәселесін өзге арқылы шешуге тырысатын жан. Ол бұл жөнінде ойын тарқатып:
- Зорлық-зомбылық – әлсіздің қаруы. Көп әйелдер “балалар үшін”, “жұрт не дейді” деп үнсіз қалады. Бірақ бұл үнсіздік олардың өмірін жеңілдетпейді, керісінше ауырлата түседі. Әрбір әйел өз қадірін сезініп, өз құқығын қорғаудан ұялмауы тиіс. Себебі отбасындағы тыныштық әйелдің қорқынышы емес, сенімі арқылы орнайды. Кейде әйелдің жан жарасы денедегі көгерген ізден де ауыр. Өйткені ол көзге көрінбейтін, бірақ ұзақ жылдар жазылмайтын жара екенін өздеріңіз де білесіздер. Зорлықтың ең қауіпті түрі – психологиялық зорлық. Ол сөз арқылы, үнсіздік арқылы, менсінбеу, қорқыту, кемсіту арқылы жасалады. Мұндай жағдайда адам өзін жоғалтады, өзін қажетсіз сезінеді. Ал мұның соңы күйзеліс, өз-өзін кінәлау, кейде тіпті өмірден түңілуге дейін әкеліп соғады,-дейді өз сөзінде. Сондай-ақ ол қоғамда зорлық-зомбылықтың қанша түрі бар екенін түсіндіріп, олардың қай-қайсысы да дұрыс еместігін жеткізді. «Қарапайым қызғаныш, одан кейін, ұялы телефонды жиі тексеру, қайда барып, қайдан келгеніңді аңду, үнемі сұрақтың астына алу, сенім білдірмеудің өзі – зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілері. Бір рет үндемеуге болады, екі рет те үндемейтін болармыз. Бірақ, үшіншісінде өз пікіріңізді білдіріп, бұл нәрсенің ұнамайтынын айтыңыз. Қай нәрсеге де көне берудің қажеті жоқ. Шыдамның да шегі болатынын ұмытпаңыз!»,-деді А.Атабаева.
Ал аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Рысты Мұханова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың аудан көлемінде алаңдатарлық деңгейде екенін атап өтті. Мысалы, өңірде 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 440 адам отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында әкімшілік жауапкершілікке тартылса, былтыр бұл көрсеткіш 305 болған. Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда өңірде отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көрсетеді. Рысты Жоламанқызының айтуынша, полиция қызметкерлері мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобы тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Тұрмыстық жанжалдар тіркелген отбасылар тексеріліп, әр азаматпен жеке әңгімелесу өткізіледі. Биылдың өзінде 360 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 50 ерекше талап қойылған. Қорғау нұсқамасын бұзған 25 адам әкімшілік жазаға тартылған. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабы бойынша 22, ал 108-бабы бойынша 7 қылмыстық іс тіркелген.
-Біз үшін ең бастысы – жазалау емес, түсіндіру. Әр үйде жылулық пен татулық болса, заңның қаталдығына да қажеттілік азаяр еді. Біз қоғамды қорқынышсыз, зорлықсыз өмірге шақырамыз. Жыл басынан бері ауданымыздағы Отбасын қолдау орталығына 12 әйел 36 баласымен орналастырылған. Бұл өз үйінде қорған таппаған аналар үшін уақытша, бірақ қауіпсіз мекен. Дегенмен, мамандардың айтуынша, мұндай көмекке мұқтаж әйелдердің көбі орталыққа барудан бас тартады. Себебі, өздеріңіз жақсы білесіздер, бізде туысқандық байланыс, таныстық, елдің көзі мен сөзі дейтін тақырыптар бар. Осындай ұяңдық пен қорқыныш әйелдерді үнсіз қалуға итермелейді,-дейді аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Рысты Мұханова. Иә, мұндай жағдайлар тек полицияның немесе әлеуметтік орталықтың мәселесі емес. Бұл – тұтас қоғамның дерті. Егер бір әйел қорқынышта өмір сүрсе, ол тек өз тағдырына емес, балаларының болашағына да із қалдырары сөзсіз. Өйткені бала көргенін қайталайды. Қай жерде күш үстем болса, сол жерде мейірім жоғалады.
Іс-шараның жалғасы әйелдер қауымына арналған «Көшбасшы әйел: қоғамдағы белсенді рөлі» тақырыбындағы тренинг өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиын әйелдердің қоғамдағы орнын айшықтап, олардың ел дамуына қоса алатын үлесін көрсетуге бағытталды. Тренингке отыздан аса қыз-келіншек қатысып, бизнес саласында түрлі сабақ алды. Оларға бизнес-тренер Нелли Төлегенқызы дәріс өтіп, сабақтың барысын түрлі ойын арқылы, қызықты өткізді.
Жасыратыны жоқ, ауданда кейінгі кезде нәзік жандарға арналған түрлі бағыттағы семинарлар жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл – үнсіздікті таңдаған әйелдер мен өзін болашақта мықты тұлға көретін әйелдерге жасалған маңызды қадамдардың бірі. Бұл жолғы семинар да сол ізгі мақсаттың жалғасы іспетті болды. Өйткені мұндай кездесулердің әрқайсысы – әйелдердің бойындағы сенім отын қайта жағуға, олардың үнін қоғамға естіртуге бағытталған маңызды бастама. Қатысушылар семинардан үлкен әсер алып, өздерінің де өміріне, мінезіне, қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарауға тырысты. Көпшілігі бұрын елеусіз деп санаған, бірақ өз өмірінде кездескен ұсақ бақылау мен шектеулердің де зорлықтың бір түрі екенін түсінді. Семинар соңында әйелдер қауымы еркін пікір алмасып, өз ойларын ашық жеткізді. Көпшілігі «отбасында зорлық-зомбылық болмаса екен» деген ниетін білдіріп, өз ортасында мейірім мен сыйластық орнату әр әйелдің қолынан келетін іс екенін атап өтті. Олар үшін бұл шара бір ғана ақпарат алу емес, өзін-өзі танудың, өз өміріне жауапкершілікпен қараудың жаңа кезеңі болды десек артық айтқандық болмас.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ


