Жылыой жерінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі істер аз емес. Биыл ауданымыздың алты бірдей ауылында жергілікті тұрғындардың күшімен жаңа ойын алаңдары мен демалыс орындары салынады. Бұл бастаманың ерекшелігі сол – халық өзі жобалап, өзі жоспарлап, өзі салып жатқан нысандар ауыл ажарын ашып қана қоймай, ел ішіне серпін сыйламақ.
Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба, Қосшағыл және Майкөмген ауылдары мен Жаңа Қаратон кентінде балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық және воркаут аймақтары, аллеялар мен демалыс орындары, тіпті ашық сахна мен көркем инсталляциялар бой көтермек. барлығы 16 нысан қоғамдық кеңістік ауыл жұртының игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұл бастамалар Орталық Азияның Еуразия Қоры жүзеге асырып жатқан «Qogamdyq Keńıstıkter» бағдарламасы және еліміздегі ірі мұнай-газ компаниясы «Теңізшевройлдың» қаржылай қолдауымен іске асуда. Ал жобаны жүзеге асыру жергілікті азаматтардың белсенділігі мен бірлігінің жемісі. Бұл жөнінде Тұрғызба ауылындағы «Дана» балалар алаңының жетекшісі Абылай Сабытаев өз сөзінде:
-Қазір балалар жолдың бойында ойнауға мәжбүр. Бұл әрбір ата-ананың жанын ауыртатын мәселе. Жаңа алаңдар арқылы біз балғындарымызға қауіпсіз әрі пайдалы орта сыйлаймыз. Бұл – болашаққа жасалған нақты қадам,-дейді.
Иә, ауылдарда салынатын нысан қатарында 5 балалар ойын алаңы, 2 футбол алаңы, 2 аллея, 3 воркаут аймағы, 1 волейбол-баскетбол алаңы, 1 футбол-волейбол алаңы, 1 жазғы сахна мен бір көркем инсталляция бар. Жобаларды жүзеге асырар алдында қатысушылар арнайы оқытудан өтті. «Жобаны жоспарлау және басқару» тақырыбындағы тренингтер ауыл азаматтарына бюджет құрудан бастап, командалық жұмысқа дейінгі маңызды дағдыларды меңгеруге жол ашты. Бұл жай ғана құрылыс емес, жүйелі ойластырылған ұзақ мерзімді жоспар екенінің көрінісі.
Бағдарламаның басты көздегені ауыл өмірін жаңғыртып қана қоймай, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Әрбір бой көтерген кеңістік – тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығының айғағы. Тұрғызба ауылындағы көркем инсталляция жобасының жетекшісі Асылбек Төлемісов бұл жобаның тек мәдени нысан емес, тәрбие мен танымға бастар жол екенін айтып:
«Біздің басты мақсатымыз – ауылдың терең тарихы мен ата-баба аманатын жас ұрпаққа жеткізу. Бұл кеңістік өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір», – деді.
Жалпы, «Qogamdyq Keńıstıkter» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері 151 қоғамдық нысан салып, 40 мыңнан астам тұрғынға пайдалы кеңістік сыйлады. 2025 жылы бұл қатарға ауданындағы жаңа нысандар да қосылмақ. Халықтың қолымен елдің ертеңі үшін салынып жатқан осындай игі істер – бірліктің, ынтымақ пен елге деген сүйіспеншіліктің шынайы белгісі. Өйткені туған жердің тұғырын биіктету – әр азаматтың парызы. Ал оны өз қолымен жүзеге асыру – мақтаныш.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ