Жылыойдың өнегелі жанұясы - Қалдыоразовтар әулеті

Жыл сайын елімізде қыркүйек айының шуақты күндерінде Отбасы күні мерекесі тойланады. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның да басты негізі. Ал жанұяның басты байлығы, шаттығы мен қуанышы бала десек, сол перзенттерді жақсы жолмен тәрбиелеп, адамдықтың ақ туын биік ұстайтындай тұлға етіп қалыптастыру - әр ата-ананың парызы.

Әке-шешенің бір-біріне деген сыйластыққа толы қарым-қатынасы, олардың мәдениетті жүріс -тұрысы, сыпайы сөйлеу мәнері, ақыл мен парасаты, бойындағы барлық мінез-құлқы перзент бойына тәрбиенің алғы шарты болып қалыптасады. Болашақ ұрпаққа өнегелі тәрбиені текті де зиялы, тату да берекелі  отбасы ғана бере алады. Ата-бабадан келе жатқан алтын дәстүрлерімізбен сабақтаса өріліп жатқан халықтың педагогиканың көрінісін де осындай шаңырақтардан кезіктіре аласыз.

Аудандағы өнегелі отбасылардың қатарында біздің әңгімемізге арқау болғалы тұрған кейіпкеріміз- ардагер журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,  Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразовтың да жанұясы еріксіз еске оралады.

Тарих дәптерінің парағында өшпес әріптермен жазыған зұлмат - Ұлы Отан соғысы сол кездегі талай сәбилер мен бозбалалардың балалығы мен жастық шағын ұрлады. Елде әкесіз жетімдер көбейді, жарсыз қалған жесір әйелдердің саны күн санап арта берді. Бала ойын баласы боп ойнаған жоқ, аналар қасірет шегіп, қыз-келіншектердің жүзі бір жадыраған жоқ. Бәрі де майданға аттанған қайран жауынгер азаматтардың жолын тосып, іштегі булыққан шермен күн кешті.  Бүгінде бір әулеттің тірегі, бір елдің ақыл айтар ақсақалы Қонаш Қалдыоразұлының да балалық шағы осы сұрапыл соғыс жылдарына тап келді. Ол 1942  жылы 7 қаңтарда Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. Қонаш ағаның әкесі ол дүниеге шыр етіп келген күні өзі қатарлы өзге де соғысқа жарайтын азаматтармен бірге 80 адам болып майданға аттанған. Ал анасы екі жасқа жетер-жетпес шағында аяқ астынан дүние салады. Әке-шешеден, бауырларынан жастай айырылған  бала Қонаш апа-жездесінің, өзге туыстарының қолдарында тәрбиеленіп жүреді. Сөйтіп, өмір жолында кездескен адамдардың жақсылығын көре жүріп  жетіледі, буыны бекиді. Мектеп-интернатта оқыған алғыр да қағылез баланың білімге құштарлығы зор, талабы таудай еді. Гурьев қаласындағы (қазіргі Атырау қаласы) училищелерде оқып, әртүрлі кәсіби білім алады. Сөйте жүріп әрекідік оңашада өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, мақала жаза бастайды. Қасиетті қаламның сол кезде өмір бойғы серігі боларын білді ме екен! Бір күні аудандық «Ембі» газетіне сол кездегі газет редакторы Ғилымғали Сайхановтың кезінде шақырту алады. Сөйтіп редакция қызметкері атанады. Журналистикамен қатар жазушылықтың бейнетін де, шабытты шақтарын да бастан кешіп келеді. Бүгінде жазушының қаламынан баспадан басылып шыққан кітаптардың өзі 80-ге жуықтапты. Бұл дегеніңіз - жанкешті еңбек, тынымсыз ізденіс іздері.

Құдай қосқан қосағы, қара торының көркемі Несіп арумен Құлсарыдағы мұнайшылар клубында өткен «Көгілдір сәуле» атты кеште танысыпты. Бір жылдан соң 1971 жылы 11 қарашада шаңырақ көтереді. Қазірде бұл әулеттің мерейі тасып, ынтымағы жарасып отыр. Қара шаңырақтың иесі  Қонаш ақсақал мен жұбайы Несіп апайдың алтын асықтай 3 перзенті бар. Оның екеуі ұл болса, біреуі қызғалдақтай қыз. Сондай-ақ, бауырына басқан тағы бір қызы бар. Бүгінде ұлдары да, қыздары да өсіп, үйлі баранды болды. Олардан тараған 9 немере, 9 жиен, 4 шөбере бар. Бала-келіндері, немере-жиендері де әртүрлі салада қызмет етіп келе жатқан, оқыған-тоқыған азаматтар.

Қазіргі жас отбасыларға айтарым, ең әуелі бір-біріңе кешірімді болыңдар. Кешірім – Құдайдың құрметі дейді. Әйел адам болсын, ер адам болсын бір-бірін жамандап, сөз қумау керек. Отбасы құрар алдында пейілінің тазалығына, ниетінің дұрыстығына көңіл бөлуі керек. Жақсы өмір – жақсы ойдан басталатыны анық. Кемпірім екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге 50 жылдан асты. Әлі күнге дейін бір қатты ренжісіп көргеніміз жоқ. Түсінісіп, сыйластықпен ғұмыр кешіп келе жатырмыз, - дейді Қонаш Қалдыоразұлы.

 

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT