Жаңа Қазақстанның болашағы, жалпы бүгіні мен ертеңі, дамуы мен модернизациялануы жастарға байланысты. Әлемдегі мемлекеттер де жастардың жасампаздығын мойындап, олармен санасады. Сондықтан жылдың айтулы бір күнін арнайы Жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. 12 тамыз - әлемдегі көптеген елдерде Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.
Бұл күн (International Youth Day) БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сəйкес 1999 жылғы желтоқсанның 17-інен бастап атап өтіледі (Лиссабон, 1998 жылғы тамыздың 8-і мен 12-і аралығы). Кейбір мемлекеттерде Жастар күні мемлекеттік деңгейде тойланады. Мысалы, Қытай, Түркия, Тунис, Камерун мемлекеттері жастар күніне айрықша маңыз береді.
Ауданымызда 12 тамыз - Жастар күні аталып өтті. Құлсары қаласының орталық сахна алаңында осы күнге арналған «Жасампаз елдің жалынды жастары» атты мерекелік шара өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров аудан әкімінің атынан құттықтау сөз сөйледі:
-Баршаңызды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жастар - қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек. Өйткені, ел болашағы жастарымыздың білімдері мен күш-жігерлеріне, патриоттық сезімдеріне тікелей байланысты.
Құрметті жастар!
Алдағы уақытта да білім мен біліктіліктеріңізді тәуелсіз еліміздің өркендеуіне арнап, жастар саясатын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына үлес қоса беретіндеріңізге сенімдемін. Сіздердің әрқашанда игі бастамаларыңыз сәтті, болашақтарыңыз баянды болсын!-деді ол.
Бұдан соң сахнаға өнерлі де дарынды жастар шықты. Атырау қаласынан арнайы шақыртылған белгілі әншілер, жылыойлық "Bi bi" халықтық би ансамблі, жергілікті өнерпаздар, құлсарылық "Бәйтерек" көңілді тапқырлар клубы өз бағдарламаларын қала тұрғындарына және қала қонақтарына тарту етті. Сахна Жастар күніне орай авангардтық стильде, заманауи нақышта безендірілді. Мерекені тамашалағандар көп болды.
С.БАҚТЫҒАЛИ