Жылыойда Жаңа-Қаратон кентіне воркаут-алаң ашылды

Ашық аспан астындағы жаттығу адамға тамаша көңіл-күй сыйлайтыны анық. Көше жаттығу алаңдары тек артықшылықтарға ғана ие: спорттық жаттығулар, таза ауа, ыңғайлы тренажерлар...

«Workout» (воркоут) – бұл «көшеде жаттығу» деген атпен танымал халықаралық жастар қозғалысы. Ол үшін ешқандай шығын шықпайды. Онымен кез-келген уақытта, кез- келген жерде: турникте, көлденең белдікте, швед қабырғасында, тіпті, көп қабатты үйдің баспалдағында да айналыса беруге болады. Басты мақсат — бұлшық еттерді жетілдіру, төзімді шыңдау. Бүгінде спорттың бұл түрімен айналысуға ниеттілер қатары жыл санап көбейіп келеді.
Жуырда Жаңа Қаратон кенті тұрғындарының бірігуімен «Спорт-біздің тынысымыз» деп аталатын осындай көше жаттығу алаңы (ағылшынша «Street Workout») ашылды. Алаң салауатты өмір салтын жүргізетіндерге арналған. Ол барлық қауіпсіздік талаптарына сай құрылған. Мұнда жаттығуға қажетті барлық құрал- жабдықтар қарастырылған. Спорт алаңының ашылуына «Теңізшевройл» ЖШС, сондай-ақ, Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен құрылған «Qogamdyk kenistikter» жобасы қолдау білдірген. Аталмыш жоба балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Көше жаттығу алаңдарын ашу- дене тәрбиесі мен спорт қолжетімділігін қамтамасыз етудің айқын үлгісі болып табылады.
Бұл көше жаттығу алаңы әдеттегі арқалықтардан нақты «нұсқаулықтарға» дейін жабдықталған.Кешендегі тренажерлар бұлшық етті шынықтырудың барлық топтарын қолдануға мүмкіндік береді, осылайша жаттығулардың тиімділігін арттырады.

-«Жеті мың тұрғыны бар Жаңа Қаратон кентіндегі Асылтас көшесі бойында шағын футбол алаңы бар. Дегенмен, бұл бір ғана футбол алаңы жастардың бірігіп бір уақытта ойнауына және спортпен шұғылдануына өте жеткіліксіз еді. 10-15 адам ойнаса, қалғаны қол қусырып қарап тұратын. Биыл 20 жыл бұрын кенттегі мектеп бітірген түлектер жиналып, ауылымызды гүлдендіру мақсатында және жастар алтын уақыттарын зая кетірмей, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау үшін, Street workout (көше жаттығуы) алаңын орнаттық. Алаңға 6 спорт кешені орнатылып, қауымдастық есебінен 4 орындық пен 2 урна орналастырылды. Сонымен қатар, спортпен шұғылданатын адамдардың қауіпсіздігі үшін, алаң үстіне резеңке төсеніштер де жайылды. Бұл ретте, «Теңізшевройл» ЖШС-не өз алғысымды білдіргім келеді.
Воркауттың негізгі мақсаты – қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға шақыру. Сондай-ақ, есірткіге, шылым шегуге, ішімдік пен интернет тәуелділігіне қарсы күрес жүргізу»,-деді өз сөзінде жергілікті тұрғын, жоба жетекшісі Айдос Исқақов.

62dcefd5-efa1-4f70-b5bf-f6784b4341e6_jg

Алаңдар мен басқа да қоғамдық кеңістіктерді жақсарту – оңай емес, бірақ қызықты міндет. Оған ауылдың еңбекқор және немқұрайлы емес тұрғындары белсенді түрде атсалысады. Қазақстандағы «Балалар жылымен» тұспа-тұс өткізіліп жатқан мұндай бастама болашақта гүлденген және табысты елдің кепілі болатынын, кішкентай азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жайлылығына ерекше назар аударылатынын атап өту маңызды.
Айта кетейік, әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында "Теңізшевройл" ЖШС қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен құрылған "Qogamdyq Kenistikter" жобасының арқасында биыл Атырау және Маңғыстау облысында 34 бастамашыл топ жаңа балалар алаңдарын салу бойынша грантқа ие болды. Олар әкімдікке балалар және жасөспірімдер спорт алаңдарын, шағын футбол алаңдарын және демалуға арналған басқа да қоғамдық орындарды салу үшін өз ұсыныстарын білдірген.

-"Мен біздің аулаларымыздың қалай өзгергеніне, жаңа алаңдардың пайда болғанына, балалар мен ересектер үшін әдемі және қауіпсіз демалыс орындарының құрылғанына куә болғаныма қуаныштымын. Мұның бәрі қаламыздың немқұрайлы емес тұрғындарының арқасында жүзеге асырылып жатыр. ТШО өз кезегінде, осы міндетке қол жеткізу үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер жасайды. Осылайша, биылғы жылы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында өзінің тиімділігін дәлелдеген "Qogamdyk kenistikter" жобасы Атырау қаласында да іске асырылуда. «Qogamdyk kenistikter»-дің халық арасында кең қолдау тапқанына қуаныштымыз, өйткені бұл қоғамдық орындарды көркейтуге көмектесіп қана қоймай, көршілер арасындағы жақсы қарым-қатынасты нығайтады. Жастарды өз қолдарымен салған алаңдарын бағалай білуге үйрететін, адамдарды біріктіретін бірегей жоба.
«Qogamdyk kenistikter» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында біз қолдап отырған жалғыз жоба бұл емес. Біздің серіктестеріміз - үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, денсаулық сақтау, білім беру, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру саласында, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жобаларды іске асырамыз. 2010 жылдан бастап ТШО өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 94 жобаны жүзеге асырды. Биылғы жылы бағдарлама бюджеті 2,3 млн АҚШ долларын құрады, бұл қаражатқа Атырау облысы мен Жылыой ауданында 14 жоба іске асырылуда", - деді өз сөзінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов.


Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел университетінің 2 курс студенті

 0027f5fb-b436-4018-bd3f-c4f2ecbc103e

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT