Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы — адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық.
Құрылыс индустриясы — экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбеюде.
Еліміздің дамуына, облысымыздың экономикасын күшейтуге өзіндік зор үлесін қосып келетін копаниямыз үшінші буын мұнай өндіру заводының құрылысын жемісті түрде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда құрылыстың тоқсан пайызға жуығы аяқталды. Құрылысты компаниямызбен қоян-қолтық жиырмадан астам шағын компаниялар мен мекемелер жүргізуде.
«Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л. - Офшор» (одан әрі ССЕР компаниясы) компаниясы мен кәсіподақ ұйымы еліміз бойынша аталып өтілетін «Құрылысшылар күніне» орай ағымдағы жылдың 14 тамызы күні кезекті мерекелік шарасын ұйымдастырды. Мерекелік іс-шара спорттың кіші аяқ доптан, үстел теннисінен, қол күресімен арқан тартыс түрлерінен өткізілді. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдарымен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, компанияның құрылысын жүргізуге өзіндік үлесін тигізген бір топ әріптестеріміз облыстық құрылыс басқармасының, облыстық кәсіподақ ұйымының, Жылыой ауданы әкімі орынбасарының және компания басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Құрылысшы еңбегi қашан да құрметке лайық! Барлық құрылысшы мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтап, ел экономикасының дамып, көркеюіне қосқан үлестерінің жемісін көре берсін деп тілейміз!
ССЕР компаниясының кәсіподақ ұйымының төрағасы
Ж.Мүсепов