Аудан аумағында Прибрежное кен орнында барлау жұмыстарын жүргізу үшін Прибрежное-1, Прибрежное-2, Прибрежное-3 іздестіру ұңғымаларын салу жобасына экологиялық рұқсат алу бойынша қоғамдық тыңдау болып өтті.
Оған аудан әкімдігі жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.Ақназаров, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ғ.Жолдыбаев, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Нұрланов, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Д.Елдесбаев, «Жан и КС» ЖШС өкілі, геология бөлімінің басшысы Н.Тәжіназарова және т.б мекеме өкілдері мен тұрғындар қатысты. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдауға онлайн жүйемен «ZOOM» платформасы арқылы Атырау облыстық экология департаменті өкілдері қатысып отырды.
Қоғамдық тыңдауда мына жобалар көпшілікке ұсынылып, таныстырылды: 1. Атырау облысының Прибрежное кен орнындағы барлау жұмыстарының жобасына №1 толықтыруға жеңілдетілген тәртіп бойынша ықпал етуге экологиялық рұқсат алуға арналған материалдар; 2. Атырау облысының келісім-шарттық аумағында тереңдігі 615 м Прибрежное-3, Тереңдігі 715 м Прибрежное-2 іздеу ұңғымаларын салуға топтық техникалық жобаға жеңілдетілген тәртіп бойынша әсер етуге экологиялық рұқсат алуға арналған материалдар; 3. Атырау облысының Прибрежное учаскесінің келісім-шарттық аумағында жобалық тереңдігі 2405 м Прибрежное-1 іздестіру ұңғымасын салу жобасына жеңілдетілген тәртіп бойынша әсер етуге экологиялық рұқсат алуға арналған материалдар.
"Timal Consulting Group" ЖШС-нің өкілі Г.Төлеуішова ұңғымалардың жобасымен таныстырып, баяндама жасады.
- Прибрежное кен орны әкімшілік бөліну бойынша Жылыой аумағында орналасқан. Теңіз кен орнынан солтүстік-шығысқа қарай 110 км жерде Мақат- Бейнеу теміржолы бар. Аудан аумағы бойынша Ақсарай-Атырау-Қандыағаш бір жолды теміржол желісі өтеді,-деді ол.
"Timal Consulting Group" ЖШС-нің өкілінің баяндамасына сүйенсек, ұңғымалар салынатын аудан аумағында тұщы су көздері жоқ. Ауыз сумен жабдықтаудың ең жақын пункті – Теңіз мұнай кәсіпшілігі, мұнда су Қиғаш-Атырау-Мақат-Қосшағыл-Сарықамыс су құбыры арқылы жеткізіледі. Бұрғылау бригадасы мен мамандарды ауыз су және шаруашылыққа қажетті сумен жабдықтау мердігерлік ұйыммен жасалған шарт бойынша шөлмектелген су есебінен жүзеге асырылмақ. Прибрежное кен орнының аумағынан түзілетін өндірістік қалдықтарды шығаруды шартқа сәйкес мердігерлік мекеме жүзеге асырмақ.
Аталған жоба таныстырылғаннан кейін, қоғамдық тыңдауға келген көпшілік тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Д.Елдесбаев «Аталған жобалардың маңызы қандай? Осы жобалар қандай қажеттіліктен туындап отыр?» деген сауал қойды. Бұл сұраққа «Жан и КС» ЖШС өкілі, геология бөлімінің басшысы Н.Тәжіназарова жауап берді. Оның айтуынша, егер аталған жоба іске асып, мұнай табылып, бұрғылау жұмыстары сәтті жүрген жағдайда аудан экономикасына да зор пайдасын әкелмек. Жұмыс орындары ашылып, мұнай көзі ұлғаймақ екен.
Аудан тұрғындары мұнай іздеу үшін бұрғылау ұңғылары іске қосылғанда қоршаған ортаға зияны тимейтіндей болсын десті. Компания өндірістік қалдықтармен аудандағы жер аумағын ластамауға тиіс, барынша экологиялық заңдылықтарды сақтауға тиіс деген ұсыныстарын білдірді.
Аудан әкімдігі жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н.Ақназаров:
-Компания бүгінгі қоғамдық тыңдауда айтылған сын-ескертпелерді ескеруі керек. Жоба мақұлданып, жұмыстар жүрген уақытта шикіліктер орын алып, уәде орындалмаса, заңды орындарға жүгінуге тура келеді,- деді. Бұл пікірді мекеме өкілдері де қолдап, тұрғындар өтінішін орынды деп санады.
Қоғамдық тыңдаудың соңында көпшілік тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізілді.
А.МОЛДАШЕВ