Жылыойда мәслихат депуттары тұрғындармен кездесті

Аудандық мәслихат депутаттарының аудан халқымен жоспарлы кездесуі өтті. №16 Д.Жазықбаев атындағы мектептің акт залына тұрғындар көптеп жиналды.

Еркін қалыпта өткен кездесуге Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қ.Адинов және аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов ашты. Мәслихат депутаттары қала тұрғындарының өзекті мәселесі мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Көпшіліктің айтар ұсыныс-пікірлері, көптен өздерін алаңдатып жүрген мәселелер аз емес екен. Көптен бері ауданымызда болған әр жиында да айтылып келе жатқан қала көшелерінде бұралқы иттердің көбеюі, көптеген адамдардың ит ұстау ережесін сақтамайтындығы, шашылып жатқан қоқыс мәселесі бұл жолы да сөз болды.
1-ші ықшамаудан тұрғындары көпқабатты үйлер ішінде орналасқан пәтерлерде электр энергиясымен қамтып отырған тоқ беретін электр жәшігінің қайта-қайта істен шығатыны, жалпы электр тоғының әлсіздігі туралы шағымдар айтты. Сондай-ақ, қоқыстың арнайы жәшікке салынбайтыны, мұның тазалыққа кері әсері тиіп жатқандығы айтылды. Қалада балалар ойын-алаңы салынса деген ұсыныс-тілектер айтылды. Осы және т.б мәселелер бойынша көпшілік қойған сұрақтарға бөлім басшылары жауап беріп, зерделеу жұмыстарын жүргізетіндіктерін жеткізді.
Кей тұрғындар жеке тұрғын үй салу үшін 2007 жылдан бері тізімде тұрғандарын, алайда сол кезден бері жер телімін ала алмай жүргендерін ренішпен жеткізді. Бұған қала әкімі аппаратының маманы Ж.Еркінов жауап берді.
Ауданымызда өңірді дамытудың бес жылдық жоспары жасақталуда. Оған ауданымыздағы халықпен болған кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, енгізілмек. Халық қалаулыларымен болған бүгінгі кездесуде айтылған барлық өтініштер де сол жоспарды жасақтау кезінде ескерілетіні анық. Тұрғындардың сауалдарына жауап берген мәслихат депутаттары да олардың кездесуде айтқан ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайтындығын айтты. Көптеген өзекті мәселелердің шешу жолдары да талқыланды. Айта кетейік, аудандық мәслихат депутаттарының аудан және қала тұрғындарымен кездесуі жалғасын таппақ.


А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521