Депутаттар өздері сайлаған халықтың бел ортасында жүруі керек. Осы мақсатта аудандық мәслихат депутаттарының тұрғындармен кездесу кестесі бекітілген болатын. Өткен аптада олар Жем ауылдық округінің тұрғындармен кездесті. Аталмыш іс-шара ауылдағы №4 орта мектепте өтті.
Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов, мәслихат депутаттары А. Халелова, Б.Садақбаев , Жем ауылдық округінің әкімі Д.Айтпенбет және бөлім басшылары мен мамандары қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов ашты.
Тұрғызба ауылы тұрғындарының айтар ұсыныс-пікірлері мен көптен өздерін алаңдатып жүрген мәселелер аз емес екен. Жем ауылдық округінде әр жиналыс сайын айтылып келе жатқан өзекті мәселелер бар. Олар: өзенге бөгет салу, көше жарығын дұрыстау, ауыл ішіндегі жолдың қиындығы, тері және жүн өңдеу цехын ашу, тағы да басқа мәселелер.
Тұрғындардың бірі соңғы уақытта даладағы шабындықта және мал жайылымында шибөрілердің көбейіп кеткенін айтты. Қазір мал өсіріп отырған шаруаларға зардабын тигізуде.
Бұрын Тұрғызба ауылдық округінің учаскелік инспекторы болған азамат қайтадан бұрынғы қызметіне келсе деген ұсыныс-тілек те айтылды. Бұл сауалға ауыл әкімі Д.Айтпенбет және аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов жауап берді.
Сонымен қатар, кейбір тұрғындар аулаларында тұрған тоқ желісінің бағанасын аула сыртына немесе ыңғайлы жерге көшіруді сұрады. Осындай өтінішпен «Атырау-Жарық» АҚ-ның аудандық электр жүйесі бөлімшесіне барғандарын, алайда, аталған бөлімше «біздің теңгерімімізде емес» деп жауап қайтарғандығын айтты. Жиынға келген аудандық электр жүйесі бөлімшесінің маманы тұрғындармен бірге мекен-жайға барып, қолдан келер көмектерін көрсететінін айтты.
Тұрғындармен кездесу соңында аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов мәслихат депутаттарымен және атқарушы органмен аталған мәселелерді заң аясында шешетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының кей ұсыныстарын аудан әкімімен бірге талқылау керектігін де атап өтті. Еске сала кетейік, ауданымызда өңірді дамытудың бес жылдық жоспары жасақталуда. Оған халықпен болған осындай кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, енгізілмек. Мәслихат депутаттарының аудан тұрғындарымен кездесуі жалғасуда.
А.МОЛДАШЕВ