Жылыойда мұнайшы Бисенбаевтар әулетіне құрмет көрсетілді

«Ембімұнайгаз» компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты жыл басынан бері көптеген шаралар өтуде. Жақында «Мұнайшылар әулетімен» кездесу ұйымдастырылды.Мұнайшылар династиясының бірі ретінде Бисенбаевтар әулеті де зор құрметке ие болды.

Әкем Ақтөреш Бисенбаев 1906 жылы Жылыойдың Ракөш поселкесінде дүниеге келген.Небәрі төрт сыныптық білім алған. Әкесі Аталық жәй ғана қарапайым шаруа адамы. Әкемнің ағасы Денжай көкеміз бен ол кісінің зайыбы Нақыш әжеміз Миялы ауылында тұрды. Бүгінде ол кісілер бақилық болған. Олардан туған Ерсайын аға мен Айман апай да өмірден озған.
Әкем Ақтөреш Аталықұлы мұнай өндіру саласына 14 жасында келген. Еңбек жолын мұнай бұрғылау экспедициясында жәй үйренуші-жұмысшы болып бастаған. Бір кездері Қарашүңгілдің мұнайын отынға пайдаланғандарын айтып отырушы еді. Кейін соғыс кезінде жаңа мұнай көздерін ашып, бұрғылау шебері атанды.

780f1b01-230a-44ac-9d09-24b2a60b1d55
Әлі есімде, әкемнің Жантай-Боранқұл барлау экспедициясында еңбек етіп жүрген кезі. Әуелі бұрғышы, кейін шебер болған ол түнімен жұмыс істейтін. Таңертең үйге келгенде қатты тоңғаннан көпке дейін ес жия алмайтын. Ол кезде қыс қатты болады. Мұртына қырау қатқан әкем үйге келгенде үстіндегі киімі де мұздан сіресіп, сықырлап тұратын. Әбден сіресіп қалған киімдері шешінуге икемге келмей, әуреге түсуші еді. Біз жабылып жүріп, етігін аяғынан әзер суырып аламыз. Қайран қара нардай төзімді, өмірдің тәттісінен гөрі ащысын көбірек көрген біздің әкелер-ай!
Әкем Ақтөреш Бисенбаев – алғашқы стахановшылардың бірі. Атақты бұрғылау шебері Рамазан Есқариевтің Ескене мұнай алаңындағы бригада бұрғышылары Бисенбаев Ақтөреш, Жиеналиев Тапай, Айболов Қаратай болатын. Олар №138 бұрғыны қазу нормасы 14 күндік болса, соны алты күнде орындауға міндеттеме алған. Бұрғылау қондырғысынан түспей, күн демей, түн демей еңбек еткен осы үш мұнайшының ерен еңбегі сол шақта аңызға айналған еді. Сөйтіп төрт күнде Ақтөреш Бисенбаев өз нормасын 359 пайызға, Тапай Жиеналиев - 199, Қаратай Айболов 259 пайызға асыра орындаған. Ескенеліктердің бұл ерен еңбегі кезінде «Правда» газетіне жазылып, одаққа әйгілі болды. Аудандық «Социалистік Ембі» (қазіргі «Кең Жылой») газетінің 1942 жылғы 1 қазанындағы санында 14 күндік жұмыс жоспарын 4 күнде орындаған үздік стахановшылар туралы мақала айрықша мақтанышпен жазылыпты. Мен мұнайшы әкемнің еңбектегі ерен жетістігі туралы жазылған осы мақаланы мұрағаттан арнайы барып, іздеп тауып, газет көшірмесін жеке архивімде сақтап қойдым.

Біздің бала кезімізде көлік тапшы, бұрғышылар бригадасына жалғыз ат беріледі. Соны жетектеп жұмыстан шаршап, үйге қайтып келе жататын. Балалық қой, алдынан жүгіріп шығып, атқа мінейік десек, бізге: «Бұл – үкіметтің аты, болмайды» деп түсіндіретін. Ол кездегі еңбек адамдарының адалдығы, шыншылдығы сондай еді. Сол мекемеде «Казнефтеразведка» саласында зейнеткерлікке қалғанша еңбек етті. Әкем бұрғылау жұмыстарын Доссор, Ескене мұнай алаңдарынан бастаған. Он шақты жаңа мұнай бұрқағын атқызып, іске қосқан. Соғыс жылдары, қиыншылық кезі ғой, төбесінен бомба жауып, төрінде зеңбірек зіркілдемесе де қазақ жері де ауыр сынды бастан өткергені рас. Соның ішінде, қазақ мұнайының қара шаңырағы атанған Ембі өңіріне аз ауыртпалық түспеді. Соғыстағы танктер мен ұшақтар үшін жанармайды көптеп өндіру қажет еді. Майдан даласындағы жауынгердер Отан үшін жанын қиса, тылдағы еңбеккерлер де олардан қалыспады. Солардың бірі – менің әкем де бұрғылау мамандығының қыр-сырын тым ерте меңгерді. Доссордан Атыраудың мұнай зауытына «қара алтынды» түйе арбаға теңдеген бөшкелермен тасыпты.
Тереңөзек мұнай алаңында ең бірінші мұнай тапқан менің әкем. Иә, әкем бұрғы салған Ескене, Тақырбұлақ, Қарашүңгіл, Жантай, Тереңөзек, Южный Қамыскөл мұнай алаңдарында оның ізі сайрап жатыр. Кейін мұнай саласының басшылары еңбегін ескеріп, мұнай бұрқағын атқызған ұңғымаға әкемнің ескерткіш мемориалдық тақтасы қойылды. Соғыстағы танктер мен ұшақтар үшін жанармайды көптеп өндіру керек болды. Бұл талапты орындау оңайға түскен жоқ. Соғысқа дейін, соғыс мезгілінде, одан кейінгі мезгілде еселі еңбегі бағаланып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Осы жоғарыда аталған атақтарды өзінің қарапайым еңбегімен, ешкімге жалтақтамай, адал еңбегімен алған еді.
Қарт Ембі өңірі әкемді әлі күнге дейін еске алып, мақтаныш етеді. Оның дәлелі – жоғарыда айтып кеткен, «Ембімұнайгаздың» 100 жылдығына арналған шара аясында өткен «Мұнайшылар әулетімен кездесу» кеші. Аталған шарада мұнайшылар әулеттері сахна төрінен орын алып, сый-сияпатқа ие болды. Қара алтын саласында еңбек етіп жүрген кейінгі мамандар әулетімізге құрмет пен ізет көрсетті. Сонда асқар таудай әкелерімізді, осы биікке жеткізген мұнайшы кәсібін мақтан еттік. «Ембімұнайгаз» компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медальді өңірімізге тақты. Аталған шараны ұйымдастырған компания басшыларына, барлық әріптестерге, ұжымның қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтып, риза болдық.

Алтас БИСЕНБАЕВ,
мұнай саласының ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT