Жылыойда «Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау» атты 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама туралы ақпарат беру мақсатында орта және шағын бизнес иелерімен кездесу өтті. Аталмыш кездесуге «Даму» қоры АҚ-ның Басқарушы директоры Талғат Темірұлы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының әңірлік басшысы Ерлан Нұрланұлы, Атырау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиал директоры Жандос Бақытбекұлы, сондай-ақ, «Халық банк» АҚ өкілдері қатысты.
Аталған жоба кәсіпкерлікті дамытуды жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Жалпы, ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның үшеуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат- әр азаматтың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау болып отыр.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба 4 бағыт бойынша 10 мәселені шешуге негізделген. Бірінші бағыт кәсіпкерлік белсенділікті, оның ішінде кәсіпкерлікті ауылдық жерде арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін көздейді. Өз ісін ашу үшін жағдай жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы дағдыларды дамыту шараларын қамтиды. Екінші бағыт кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуді мақсат тұтады. Ол үшін кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендету жоспарлануда. Үшінші бағыт туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар шаралардан тұрады. Төртінші бағыт бойынша бәсекелестік кешенді дамыту үш міндетті іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Жиналыста ұлттық жоба бағдарламасындағы шағын несие, қайтарымсыз грант, субсидия, кепілдендіру жайында «Даму» кәсіпкерлік дамыту қорының басқарушы директоры Талғат Темірұлы жан-жақты түсіндірді.
-Қазіргі таңда негізгі 2 мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оның бірі - кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба, енді бірі - басым жобаларға кредит беру тетігі. Аталған бағдарламаларда екі негізгі құрал бар: субсидия және кепілдік беру. Екі бағдарламаның шарттары ұқсас келгенмен, айырмашылықтары өте көп. Аталған ұлттық жоба екі бағыт бойынша жүзеге асады. Олар портфельді субсидия және кепілдік беру. Портфельді субсидияны кеңінен тарқататын болсақ, бұл жақта ең тиімді жол қарастырылған, яғни банк субсидия да береді, сонымен қатар кепілдік те бере алады. Портфельді субсидия –көбіне кәсібін енді бастағалы отырған шағын кәсіпкерлерге арналған. Сомасы 20 млн-ға дейін, оның ішінде 5 млн. теңге айналымдағы қаражатты толықтыруға беріледі. Кредиттің мерзімі инвестицияға 3 жылға берілсе, айналымдағы қаражатты толтыруға – 2 жылға дейін беріледі. Сонымен қатар, банктен кредит алған уақытта «Даму» қоры 85 % кепілдік бере алады. Кредиттің пайыздық мөлшері 6 %-ды құрайды. Егер бизнес ауылдық жерлерде, сондай-ақ кішкентай қалаларда жүзеге асырылса, пайыздық мөлшер 5 %-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар, кредитті микроқаржы ұйымдары арқылы да алуға болады. Егер сіз алмақшы болған кредит 20 млн. теңгеден асатын болса, жоба индустриялды - инновациялық бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мұнда сомасы 3 млрд-қа дейін несие беріледі. Егер белгілі бір кәсіп түрі облыстан бастау алса, басым сектор өндіріс, туризм , медицина, білім беру салалары бойынша жүзеге аспақ. Бұл жағдайда субсидия мерзімі - 5 жылға дейін беріледі. Ал айналым қаражатын толтыру бойынша 3 жыл субсидия алуға мүмкіндік бар,-деді ол өз сөзінде.
Жиналысқа қатысқан кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Оған қор жетекшілері жауап берді.
Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел университетінің 2 курс студенті