Жылыойлық «Атырау Жарық» қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті

Жуырда 3-тамыз күні «Атырау-Жарық» АҚ-ның Жылыой аудандық электр жүйесі бөлімшесінің жұмысшылары мен қызметкерлері аталған мекеменің кеңсесінің алдына жиналып, талаптарын қойды. Олар өздері алатын еңбекақының мардымсыздығын және жұмыс жағдайының көңіл көншітпейтіндігі айтты.
Қазіргі таңда аудандық электр жүйесінде 214 қызметкер еңбек етуде. Олар алып отырған еңбекақының аз екендігін, қымбатшылық жайлаған заманда мардымсыз еңбекақымен өмір сүрудің қиындығын айтты. Сондай-ақ, қызметкерлер компанияда еңбек етуге жағдайлар жасалмағандығына шағымданды. Қызметтік көліктердің ескі әрі жағдайы да нашар екендігін айтты.

-Еңбекақымыз өте төмен. Жалғыз «УАЗ» көлігі бар. Жазда оның іші қапырақ ыссы болғанда оған ешкім де мінгісі келмейді, ал қыста аса салқын. Ол көлікке тек бес адам ғана сияды. Ал қалған 15 адамға жұмысқа жаяу баруға тура келеді. Киетін жұмыс киімдеріміз сапасыз, әрі құрал-саймандар жетіспейді. Жататын жатақханамыз ескі ғимаратта орналасқан,санитарлық талапқа мүлдем сай емес,- деді осы мекемеде еңбек ететін жұмысшылардың бірі Нұрым Жәкешов.

Жиында аға бақылаушы Элмира Алдашбаева да әріптестері атынан сөз сөйледі:

- Қымбатшылық қысып тұр, тамақ бағасы бірнеше есе өсіп кетті. Менің 100 мың теңге айлық еңбекақыма күн көру мүлдем мүмкін емес. Күйеуім жұмыстан қысқарып қалды, үйде табыс табатын жалғыз өзім. Бір басымда екі қарыз несием бар. Біздердің - бақылаушылардың жұмысы көзге көрінейді, жұмысымыз қиын, үйді аралап жүреміз, кейде итке таланамыз.Мекемеде жалғызбасты, асыраушысы жоқ, көп балалы аналар еңбек етеді. Бәрінің жалақылары өте төмен, «шықпа жаным шықпамен» отыр,- деді ол ренішпен.

Ал Мүбарак Ноғаев есімді жұмысшы

-Техникалар өте ескірген, жоқтан бар жасап жатқан жайымыз бар.Біздің мамандығымыз аса сақтықты және жоғары техникалық құралдармен жабдықталуды қажет етеді. Жаңа жұмысқа келген электриктерді үйретеміз, олар әбден істеріне машықтанып алғасын, еңбекақысы жоғары басқа жұмысқа ауысып, бізден кетіп қалады,- деді.

Наразылық білдірген жұмысшылармен кездесуге келген «Атырау-Жарық» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов оларға былай деп жауап берді:

-Үкімет энергетикаға толық бетбұрыс жасамаса, біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Мен сіздерге тікесінен айтайын, екі сөйлейтін емес, бір сөйлейтін жігітпін, оны өздеріңіз білесіздер. Біз тек қана антимонополия қандай тариф береді, сол бекітілген тарифпен жұмыс жасаймыз, бұл қаржы жеткіліксіз. Техникаға сұраныс беріліп отыр, бірақ оны да «қиып» тастап отыр. Оны бәрі біледі. Атырау мен Жылыой ауданы жұмысшыларының жалақысы бірдей. Халық наразылық білдіргенмен не істей аламын?! Шынымды айтайын, жалақыны көтереміз деп уәде бере алмаймын. Үкімет тарапынан энергетика саласына кешенді іс-шара қолға алыну керек,- деді.

Ал аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, аудан прокурорының орынбасары Серік Ищанов жиналған компания жұмысшылары мен қызметкерлеріне жиын өткізу тәртібі туралы түсіндірді. Көпшілікке заң аясында рұқсатпен әрі белгіленген жерде өтуі керектігін, егер ол орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық кодекстің заңнамалары барын ескертті.
Айтылған мәселеге аудан басшылығы мен аудандық мәслихат депутаттары назар аударды. Жуырда аталған мәселе бойынша «Атырау-Жарық» АҚ-ның аудандық электр жүйесі басшылығымен аудандық мәслихат депутаттары қатысқан кездесу өткізілді. Компания өкілдері алдағы уақытта жұмысшылар қойған талап негізінде аталған мәселелерді шешуге жұмыстанатындықтарын жеткізді.
Аты-жөнін атамауды өтінген бақылаушы қыз-келіншектер де журналистерге шағымын айтты. Олардың айтуынша, жұмысшылар бұдан екі-үш ай бұрын жоғары басшылық тарапына жалақыны өсіруді сұрап өтініштерін айтқан екен.
100 мың теңгеге азық-түлік бағасы мен өзге де тауарлар бағасы шарықтап бара жатқан кезде күн көру қиын екендігі белгілі. Коммуналдық төлемдер мен басқа да ақылар бар дегендей... Сол күні талаптарын білдірген жұмысшылар тарап кетті.

«Егер біз жұмысты тастап кетсек, мынадай ыстықта халық жарықсыз қалады ғой. Сондықтан әрқайсымыз жұмыста болайық деп шештік» дейді олар.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521