Ауданымызда туған перзентіне арзымайтын алиментті төлеуден қашып жүрген «әкелер» аз емес екен. Бұл туралы өткен аптада арнайы болған жиналыста айтылды. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «алимент мәселелері» бойынша Атырау облысы Әділет Департаменті және сот орындаушылар палатасының өкілдерімен кездесу өтті.
Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, Атырау облысының Әділет Департаментінің атқарушы өндірістік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Зарина Төребаева, аудандық мәслихат депутаты, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Халеловалар қатысты.
Ұлтымыз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Бүгінгі таңда қазақ қоғамының бетіне шіркеу болған бір мәселе туындап тұр. Ол - ажырасу мен алимент. Бір жылда 5 мыңдай неке қиылса, 2 мыңнан астам шаңырақ шайқалады. Елімізде ат шаптырып, той жасап, шаңырақ көтерген жас жұбайлардың әрбір үшіншісі ат - құйрығын үзісіп, бет көріспей, ажырасып кетеді екен. Қазақстан айрылысу көрсеткіші бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Біздің өңірдегі статистика да көңіл қуантпайды. Қоғамның дертіне айналған тақырыпты Атырау облысының Әділет Департаментінің атқарушы өндірістік қамтамасыз ету бөлімнің басшысы З.Төребаева тарқатты.
-2022 жыл Балалар жылы деп жариялануына орай және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, әлеуметтік маңызы бар атқарушы өндірістер бойынша, халықтың әлеуметтік осал тобындағы аналар тарапынан өзекті мәселе ретінде жарияланып жүрген, ана мен бала құқығын қорғау бағытында үлкен жиын ұйымдастырылып отыр.
Қазіргі таңда облысымызда 88 сот орындаушы өз жұмыстарын атқарып келеді, соның ішінде 4 сот орындаушы Жылыой ауданында қызмет етеді. Атырау облысы бойынша 8 мың алимент болса, 2 мың алименті Жылыой ауданындағы 4 сот орындаушыға тиесілі. Бүгінде облысымызда безбүйрек әкелердің баласынының алдындағы қарызы, яғни алимент мөлшері 205 млн теңгені құрайды. Өкініштісі, алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің саны жылдан-жылға артып келеді. Кез келген заңды некеде туылған бала алимент алуға құқылы. Дегенмен, тұрмысы төмен болса да, алиментін уақытылы төлейтін адал әкелер де аз емес. Олардың жұмыссыз екендіктері мен тұрмысын ескеріп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтып, кәмелетке толмаған балалары үшін алимент өндіруіне ықпал етіп келеміз. Биыл өңірімізде 42 борышкер жұмыссыз ретінде тіркелген. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айындағы есептік кезеңнің аяғындағы атқару құжаттарының қалдығы 8500-ден астамды құрады. Оның ішінде 5200 борышкер қарызынан ұсталса, 3000-ы өз еркімен төлеуде. Жылыой ауданынан 100-150 борышкер бар. Аталған борышкерлер қарызын мүлдем өтемейді. Ол үшін арнайы іс-шаралар да ұйымдастырылып келеді. Биыл 64 борышкер алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 адам қамауға алынса, 53 борышкерге айыппұл салынды. Бүгінде проблемалық алименттерді жою мақсатында департаментпен бірқатар жұмыстар атқарылуда ,- деді өз сөзінде ол.
«Алимент мәселелері» бойынша ұйымдастырылған кездесу жиналған қауыммен пікір алмасу, сұрақ-жауап арқылы өз жалғасын тапты.
Айкерім ШАҒАТАЕВА
Сүлеймен Демирел атындағы
униерситеттің 2 курс студенті
Фото: liter.kz