Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражанов шалғайдағы Желтау маңында мал және егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтары иелерімен кездесті. Аудан әкімі шаруагерлер еңбек етіп жатқан жерлерге барып, олардың хал-ахуалымен танысты.
"Есен" шаруа қожалығының иесі Әліби Кісенбай ата кәсіпті қолға алып, дала төсінде төрт түлік өсірумен қатар егін егіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жандардың бірі. Әліби қазіргі кезде жалпы саны 800-ге жуық мал өсіріп отыр. Олардан алған өніммен ауылдастарын және аудан тұрғындарын қамтамасыз етеді. Шаруагер мал өсіруге қолайлы әдістерді пайдаланып жүр. Ол қысқы мал азығын дайындауға жер асты суын пайдаланып, оң нәтижесін көріп отырғанын жеткізді.
Ә.Кісенбай биылғы жылдан бастап 4 гектар жерге қауын-қарбыз дақылдарын да еккен екен. Тек мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, оған қоса жер төсін еміп, көкөніс пен бақша дақылдарын өсіріп көрмекке бел буыпты. Егіске әйгілі израйлдік тамшылатып суару әдісін қолдануда. Алдағы уақытта өнімі жақсы шықса, аудан орталығындағы сауда орындарына жеткізетінін айтты.
Құлсары қаласынан 160 шақырым шалғайда орналасқан мал шаруашылығын аралап, қожалық иесімен кездескен кезінде аудан басшысы да оған халық атынан орынды ұсыныс айтты. «Өздеріңіздей ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқан кәсіп иелері бағаны тұрақтандыруға да атсалысуы керек. Ауыл шаруашылық өнімдерін делдалсыз тікелей халыққа ұсыну арқылы бағаның тұрақты болуына көмектесе аласыздар»,-деді Жұмабек Байрақбайұлы. Иә, сауда орындары мен супермаркет, дүкендердегі баға күннен күнге шарықтап барады. Бағаның өсуіне кәсіпкер мен тұтынушы арасынан пайда тауып қалуды көздейтін делдалдардың да қырсығы тиюде. Сондықтан әр шаруагер өз өнімін тікелей халыққа жеткізсе, баға да тұрақтар еді.
Аудан әкімі егін алқаптарын аралап, ондағы қарапайым еңбек иелерінің жағдайымен танысты.
С.БАҚТЫҒАЛИ