Бүгін Жылыойда аудандық мәслихаттың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтіп жатыр. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды саяси науқан.
Сайлау таңғы сағат 7:00-де басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Сол сәттен бастап сайлау учаскелеріндегі дауыс беру жұмысы басталып кетті.
Атап айтсақ, №5 жалпы орта білім беретін мектепте орналасқан №96 сайлау учаскесінде түске дейін 20-ға жуық сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл учаскеде аудандық мәслихаттағы бос орынға үш кандидат бақ сынауда: Асулан Абдрахманов, Ақылбек Едігеев және Айнагүл Нұрланқызы. Мұндағы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ұлжан Шоқанқызы атап өткендей, дауыс беру процесі Қазақстан Республикасының “Сайлау туралы” заңына сай ұйымдастырылған. Бұл жөнінде ол:
—Қазіргі уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау барысы бірқалыпты, тыныш жағдайда өтуде. Сайлаушылар өз еркімен келіп, көңілі қалаған кандидатқа дауыс беруде— дейді өз сөзінде.
Ал сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындардың бірі Гүлжан Бейжанова мұндай маңызды шаралардан мүлде қалмайтынын жеткізіп:
—Бүгін мен өз дауысымды беріп, ауданымыздың дамуына үлес қостым деп ойлаймын. Мәслихаттағы өкілдер — біздің сөзімізді, ұсынысымызды жеткізетін тұлғалар. Сондықтан әр тұрғын өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ауданда сайлау болады деген сайын, отбасымызбен келіп дауыс береміз. Өйткені өз тұрғылықты жеріміздің депутатын өзіміз сайлауымыз керек деп ойлаймын,-дейді ол ой өрбітіп.
Иә, қазіргі таңда №96 сайлау учаскесінде бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері де бар. Олар дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуін қадағалап отыр. Еске салайық, дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



