Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қаладағы ықшамаудан тұрғындарымен кездесуде. Бес қатарлы, көп пәтерлі тұрғын үйлер орналасқан шағын аудандарды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жүр. Тұрғындар аудан әкіміне көкейлерінде жүрген қиын мәселелермен қатар, өтініштері мен тілектерін де айтуда.
Қаладағы кездесулердің бірінде тұрғындар жол қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғап, асфальт жолдардағы жасанды жол кедергілерін көбейтуді сұраған еді. Олардың өтініштері көп уақыт өтпей орындалды. Қазір қалада ережені ұмытып, тас жолды ғарыштай көріп заулайтын жүргізушілерге тосқауыл болатын, сөйтіп жол қауіпсіздігін сақтау керектігін еске салатын кедергілер көптеп салынуда. Атап айтсақ, СМП-224 ықшамауданындағы Балмұқанов көшесіне, СМП- 615 ықшамауданындағы Ы.Алтынсарин көшесіне, Теміржолшылар ықшамауданындағы №17 үй маңына, 2 ықшамаудандағы №40 үй маңына, Таңқыбаев көшесіне («Балзия» дүкені маңындағы), Оңтүстік аэропорт ықшамауданындағы Н.Аязбаев көшелеріне осындай жасанды кедергілер төселді.
Сонымен қатар қаладағы жарық шамдар мәселесі де көпшілік жиі айтатын өзекті мәселенің бірі. Аудан әкімі тұрғындар айтқан осы өтінішті орындауды қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Қаламыздағы 1-ықшамаудандағы №45 үй мен 8-учаскедегі балалар ойын алаңы маңына жарық шамдар орнатылды. Халық тілегі осылайша тез арада шешімін тауып, орындалды. Айта кетелік, аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың қала тұрғындарымен кездесуі жалғасуда.
Өз тілшіміз