Жылы естеліктер

Өткен күндерді еске алып қағаз бетіне түсіргім келді. Өткен күн - ол тарих. Сонау 1972 жылы он жылдықты бітірген соң еңбекке араластым. Еңбек жолым аудандық «Ембі» газетінде тазалықшы болудан басталды. Алғашқы жұмысқа қабылдаған редактор ағай Мұңал Далбаев болатын. Көп үндемейтін, жүргені де білінбейтін, кербез ағай тапсырма бергенде бір рет қана айтады, тазалықты жақсы көретін.

Журналистерді шақырып алып, мені таныстырды: «Бізге жұмысқа «қара қыз» келді, іштің тазалығына қарайды, бос мезгілінде машинкаға көмектеседі»- деді. Үш ай сынақ. Ол кезде он шақты журналист ағай, қыздардан есепші Балзия Құлбалиева, секретарь-машинистка Нұржамал Бозшиева. Жұмысқа кірісіп кеттім. «Ембі» газеті редакциясы орналасқан ғимарат ескі, ұзынша барак үй болатын. Күн шығыс беті редакция, ортасында «Халық соты» судья Зағыпаров ағай, батыс беті баспахана, баспахана жақта жауапты хатшы Сапарбек Сәрсенов, корректор Қаржау Оразбаев, редактордың орынбасары Қаржаубай Сұлтанғалиев, ауыл шаруашылығы бөлімі, автотранспорт, экономика бөлімдерінде Жәрдем Тайыпов, Қуаныш Ержанов, Айтуар Өтегенов ағайлардың кабинеттері болған еді. Күн шығыс бетте редакция алқасы, ол жақта редактор Мұңал ағай, хат бөлімінде Қонаш Қалдыоразов, Нұрдәулет Ақназаров, Тементай Әділханов, Бисенбай Бигелдиев, Бөкенбай Құмарғалиевтар отырды. Редакция баспаханамен тығыз байланыста отырып жұмыс жасаған еді, баспаханадағы қыздардың еңбегі зор болатын. Бет құрушы апалар екі аяқтарынан тік тұрып, қол терме қара күйемен адал еңбек етті. Ол апалар - Тұрсын, Нақан, Зиба, Зарипа, Ақанай, Сұлу, Хадиша, Ақбидай, Айша, Мәру тағы да басқа қыздар. Күн демей, түн демей адал еңбек еткен баспагерлердің еңбегін аудан әкімшілігі бағалады.

Кейін Нұрдәулет ағай партшколға кетіп қалды. Арада үш ай сынақ мерзімі өтіп, секретарь-машинистка болып тағайындалдым. Бұрынғы Нұржамал басқа жұмысқа ауысып, менің орныма Айман Исмагулова деген қыз келді. Әр журналистің жазулары әртүрлі болатын. Ішінде Мұңал ағай мен Қаржаубай ағайдың жазулары тасқа таңба басқандай, әдемі жазу, Жәрдем, Сапарбек, Қуаныш ағайлардың жазуы үлкен ал Айтуар мен Қаржау ағайлар ұп-уақ жазатын, Қонаш ағай тіпті 1,2 бет мақала жазатын. Тементай, Бисенбай, Бөкенбай ағайлардың жазуы ап-анық болатын. Мұңал аға «арамызға жастар қосылды, газет бетіне салмақты материалдар жазу керек» деп отыратын. Ол кезде мектеп оқушыларынан, 4 совхоздан штаттан тыс тілшілер мақалаларды қарша борататын. Бір айда 100-200 хат түсетін, оларды жорналға тіркеп редакторға беретін едім.

 5 мамыр – Баспагерлер күнін, журналистер мерекесін Райкомның залында өткізетінбіз. Шақыру билеттерін толтырып, аяқтай әр мекемеге жаяу апаратынбыз. Мекеме, мектептерде қабырға газеттерін шығарып, оларға редакция атынан марапат берілетін.

Гурьев облысы бойынша жеті аудандық газеттер арасында жарыс ұйымдастырылса, біздің аудандық газет үнемі 1-орынды иемденуші еді. Газетіміз төрт бет боп шықса да ішіндегі материалдар салмақты, халықтың мұң-мұқтажын ашық көрсете білген материалдар болушы еді.

Редакторымыз Мұңал ағай өте сыйлы болды. Мысалы Райисполкомға қағаз беріп жібереді, сонда Қалдыбай Байшаханов, Камал Ермұханбетов, Жұма Өмірбаев ағалар алдымнан шығып, «Мұқаң беріп жіберді ме?» деп құрақ ұшатын. Ойлап қарасам, газетіміздің беделді, редактордың сыйлы екенін түсіндім. Мұқаңның арқасында журналист ағалардың да абыройы биік болып, Мұқаңның «қара балдары» деген жақсы атаққа ие болды.

Грамоталар, Ульянов атындағы жоғары сыйлыққа ие болған газетіміз ауданға, облысқа беделді болды. Ол кезде таңертең сағат 8-де райкомға бірінші секретарьға 2 дана газетті апарып беретінмін. Бірінші секретарь сол күні шыққан газетті қарап шығып, ризашылығын білдіріп, Мұңал ағайға телефон соғатын. Редакторымыз мұны ұжымға жеткізетін. Маған «Осы машинка – нанымыз, сүртіп отыр» деуші еді ағай. Себебі, аудандағы жалғыз қазақша әріптер басатын машинка тек редакцияда еді. Редакцияға 80-жылдардан бастап жаңа жас толқын тілшілер келді, аудан, облыс, республикаға белгілі ақын Бүркіт Базарбаев, Болат Дәулетов, Сәулеш Шәтенова, Айтқали Бекетов, Әбдіхалық Сисенбердиев, Маржан Ибраева, Ербол Қошақанов сынды жас журналистер қосылды. Газеттің беделі одан сайын өрге бастады.

Биыл 2026 жылы тірі болса Мұңал Далбаев ағамыз 100-ге, Қуаныш Ержанов пен Айтуар Өтегенов 80-ге, Бисенбай Бигелдиев 75-ке, Айтқали Бекетов 70-ке толар еді. Топырақтары торқа болсын деп 18 жасымнан жұмыс жасаған сүйікті газетіміздің бетіне естелік жазуды жөн көрдім.

Жұмақыз Қасымқызы, зейнеткер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT