Журналист болу – жас жүректің қалауы

Армансыз адам болар ма,сірә?! Адам өміріндегі көп арманның бірі - қалаған мамандығыңның иесі болу. Мамандық таңдау- ең маңызды, ең жауапты сәт. Сондықтан, мамандық таңдауда қателесуге болмайтыны айдан анық. Мамандықтың бәрі жақсы, талғамыңа қарай таңдай біл. Иә, мен таңдаған мамандық - балалық шағымнан алдыма қойған мақсатымның, қиялымды кеңге жайған аққанат арманымның нәтижесі - журналист болу. Жай журналист емес, жаһандық аренада танымал қазақ журналисі болу.

Әрине, мен өз таңдауымды жасадым. Бүгінде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «құқық және әлеуметтану» факультетінде журналистика мамандығы бойынша білім алудамын. «Әркімнің өз шығар биігі бар» демекші, СДУ-дың студенті атану мен үшін - үлкен бақыт. Кең қияға құлаш ұрған арманым алдамады.
Расында, бұл оқу орнын мен кездейсоқ таңдамадым. Сағат сайын жаңарып отырған заманда болашағына үлкен қадам жасайтын жас түлекке алдымен мамандықты, сонан соң кәсіптің қыр-сырын меңгеретін жоғары оқу орнын таңдау - үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әлемдік тәжірибеде тізімдегі алдыңғы орындардан мен мұндалаған жоғары оқу орындарынан ең алдымен бір нәрсеге баса назар аудардым. Бұл - осы университеттің мен қалаған журналист мамандығын оқытудағы жетістігі.
СДУ-дің басқа жоғары оқу орындарынан ерекшелігі - оқу үдерісін халықаралық үлгідегі бағдарламаға сай жүргізеді. Сонымен қатар, 3 тілді бірдей жетік меңгерудеміз.
Бұл университетке келгелі, аз ғана уақыт ішінде дебат, ораторлық өнерге бағыттайтын клубтарға қатысып, алдыңғы қатарлы студенттер легінен орын алдым. Оған дәлел- университет атынан мен білім алған мектепке жолданған алғыс хаттар...
Нағыз шыңдалатын, сыналатын, қызық әрі қиындау мамандыққа қалай қорықпай келдің?-дейтін шығарсыз. Қашанда адамның көркі білім ғой. Мектепте көптің бірі болғым келмеді, үнемі ізденуден жалықпадым. Мен №15 Сүлеймен Карабалин атындағы мектептің түлегімін, үздік аттестат иегерімін. Мектепте оқып жүргенімде қиялымды көкке самғатып, қоғамнан көп өзгеріс күтетінмін. Кітап - менің жан серігім болатын. Сыныпта өтетін сынып сағаттарын, мектептегі мерекелік іс-шараларды жүргізе жүріп, журналист болуға деген талпынысым артпаса, еш кеміген емес. Бұл тұрғыда маған сенім артқан аяулы ұстаздарыма алғысым шексіз. Журналист - халық пен қоғам арасындағы көпір десек, қателеспейміз. Журналистің бойынан қашан да ашық пікір, шынайы мінез, талғампаз көзқарас анық көрінуі тиіс. Көкейтесті, өткір мәселелерді қозғайтын болғандықтан қоғамның «төртінші билігі» деп атайтыны да содан. Кешегі менің арманым - кемел келешегіме айналды. Болашағым бүгіннен басталады. Мен ұшқыр ой мен киелі қаламды серік еткен өз ісінің шебер маманы болатыныма сенемін! Менің арманым - журналистика саласында бояусыз өзіндік дара жолымды салсам деймін...


Айкерім ШАҒАТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT