Биыл 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, онда Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекараларын айқындауда халықтың пікірі мен экономикалық және инфрақұрылымдық әлеует, халық саны және басқа да өлшемшарттар ескерілді.
«Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының өткізілген сессияларының қорытындысы бойынша қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу күтілуде, онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекаралары бойынша мәселе қаралатын болады. Сонымен қатар, құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалыптастыру, сондай-ақ жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайларға қажеттілік мәселелері талданады», - деді ведомство басшысы.
Жалпы, Алгоритмге сәйкес мемлекеттік органдар мен өңірлердің негізгі жұмысы ағымдағы жылғы 20 сәуірге дейін аяқталатын болады, ал Президенттің тиісті Жарлықтарының жобалары мамыр айының басында Президент Әкімшілігіне енгізілетін болады. Жұмыс алгоритмінің іс-шараларын іске асыру министрліктің күнделікті бақылауында.
ortcom.kz