Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қолым қалт еткенде көлденең көзден жасырып өлең шатпақтайтыным бар еді. Абыройымды асыру, атағымды шығару үшін емес еді. Ондай оңды ой менде қайдан болсын?! Әрине, кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің қарыштап дамыған, қарқындап өскен алтын дәуірінің біздің бозала таңды бозбала шағымызға сәйкес келуі – адами болмысымыздың қалыптасуына елеулі ықпал етті деп есептеймін. Біздің арамызда кітап оқудан бәсекелестік мықты дамыған еді. Бұл мұғалімдердің еңбегі ғана емес, мезгіл туындатқан тұғырлы тәлім, ғұмырлы ғибрат болатын. Ендеше еліктеу арқылы басталған алғашқы қадам - ақындық емес, албырт көңілдің айналасындағыларға айта алмаған сырының қағазға түскен көшірмесі деп қабылдау керек шығар?!
Менің құпиямды ашқан адамға отыз алты жыл өткенде алғыс айту ыңғайсыз, дегенмен, қолымнан жетектеп аудандық газет кеңесіне алып келген, өзім қатарлас қара баланың алдында шаш-етектен қарыздар екенімді мойындаймын. Он екі парақтық оқушы дәптерін қолымнан жұлып алып, қазір орны күреліп тасталған, саман тастан салынған тапал тамның ені тарлау есігінен еніп кеткен құрдасым кідіріңкіреп барып шықты. Онсыз да жайын ауыз жасөспірімнің екі езуі екі құлағында. Жеңгесі ұл тапқандай желпініп келеді...
- Жүр, шақырып жатыр.
Қолымнан жетелеп әкеліп әлдебір бөлмеге кіргізіп жіберді. Қақ төрде дөңгелек қазақы тақия киген, қысық көздерінде қуақы ұшқын ойнаған жігіт жайыла сөйледі.
- Өлеңдеріңді мына екі ағаң оқып, пікірін айтқан соң жариялаймыз.
Бірі құбақан, бірі қараторы - екі дударбас маған мейірлене қарады. Баяғыда адасып қалған бауырларын енді тапқандай елжіреген көзқарас. Құбақаным Сапарбек Сәрсенов - сараң сөйлейтін жан екен. "Жақсы" деді жәй ғана. Қараторым да қақшаңдап тұрғаны шамалы, "өлеңінде ой бар екен" деді әлгіден ауыз сөз асырып. Ішкі дүниемді бір ыстық леп шарлап жүре берді. Осылай отыз алты жыл бұрын ежелгі "Ембі", қазіргі "Кең Жылой" газеті редакциясының табалдырығынан аттап едім. Әрине, қалам кеміріп, қағаз шимайлағандарға тым жақындап кеткенімді әкей - халық жауының баласы болып, тағдырдың теперішін татыңқырап қалған Сембай Базарбайұлы онша жақтыра қойған жоқ, қарсы да болмады. Қараторы бұйрабас Айтуар Өтегенов менің дәптердегі өлеңдерімді түгел жариялады. Соның арқасында "ақын" атандым, абыройым артты. Әрине, төрт аяғын тең басқан жорға жырлар деп айта алмаймын, бірақ жүрегімнің мөлдір сыры бар еді. Ағаларым соны түсінген сияқты. Бұл күндері "Есенин" деп ерекше еркелететін Кемелхан Ыбырайұлының да, баласынбай әдеби кітаптарды талқылауға, әңгімеге тартатын сыныптасымның әкесі Отар Қабаловтың да алдымда өзімді кінәлі сезінетінім және рас. «Олардың ерен үміттерін ақтай алдым ба?» деген көкіректе бір қыжыл жатады. Қай дарын да өзінің қарымы мен қабілетінің шеңберінде таңдап алған саласына үлес қосады ғой, оған қоршаған ортаңның да қосар үлесі, өзіңнің ұстанымның мен мінезіңнің де тигізер ықпалы аз болмаса керек.... Кейін күбініп келіп, сүрініп кеткен көздерімнің олқысын толтырып осы ұжым, "Ембі" газетінің шаңырағын көтеріп, уық болып қадалған қаламгерлер қауымы мені қызметке қабылдады.
Жігіттердің ыстық ықыласына жүрегі жібіген редактор Мұңал Далбаев сайысқа түскен төрт үміткердің ішінен көңілі қаламай тұрса да мені қолдады. Шешім қабылдау оңайға соқпаған болса керек, әбден ымырт үйіріліп кеткенде ғана қабылдауына кірдім. Иә, осы "әдеби қызметкер" деген атағы бар орынға арамыздағы ең лайықтысы қара сөзден қаймақ айыратын, әрі осы мамандыққа деген махаббаты ерекше Меңдібай Сүмесінов болатын. Ал, ақын Аман Жанкеев те қалам сілтесі жағынан менен оқ бойы озық еді.
Бірақ жігіттердің көзі маған түсті, талай мықтымен табақтас, жайсаңмен қанаттас жүрген Мұқан олардың тілегінен аттап өте алмады. Сөйтіп, "шынжыр балақ, шұбар төстің" тұқымы партиялық газетке келді. Аудандық деңгейде де бұл үлкен абырой, зор сенім еді. Алақандарын ысқылап жүрген Болат Дәулетов пен Қаржау Оразбаевтың қуанышында шек жоқ. Жеңіс сол екеуінікі ғой.
Маған өлең жазу оңай болатын, бірақ мақала жазу бірден оң жамбасыма келе қоймады. Отызға толмай-ақ ойлы өлеңдерімен, өзекті мәселелерді өткір қозғайтын мақалаларымен оқырман қауымның сүйіктісіне айналған қаламгер досым Қаржаудың да жүйкесін біраз жұқартқан шығармын. Бірақ мақтанғаным емес, мен қабілетті шәкірт едім. Көп ұзамай-ақ қай тақырыпқа қалам тербесем де қамшы салдырмайтын дәрежеге жеттім. Қоғамдық өмірде тоқырауың толықсып піскен шағы еді, қопырау кезеңі алда еді. Ең бастысы, жауапкершілік жүгі өте жеңілдеп кеткен кезеңнің, әсіресе, ұлттық дамуымызға кері әсер етер келеңсіздігі басым болатын. Екі адам кездессе арасында міндетті түрде бір шыны арақ, не шарап тұратын. Бұл жазылмаған заңдылыққа айналды. Айналайын, Алаштың азаматымын деп мақтануға тиісті ағайын ортасында мөлдіреп бір жарты тұрмаса алдындағы ақ нан тұрған дастарханды да аттап жүре беретін. Әрине, одан біз де сырт қала алмадық. Бірақ ағаларымыздың алдын кесіп өткен күніміз жоқ.
Арманның атын мінер сылаңдатып,
Қиялға ақын жаны тұрар батып.
Ақынды араққұмар дейтіндер бар,
Өздері сол арақтан құлап жатып,- деген Тұманбайдың өлеңі осы тұста өмірге келген сияқты.
Жал-жая ма, қадірлеген атамыз,
Коньяк па, аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарханға, о, тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз,- деп Қадырдың шамырқанатын, шамданатын шағы бұл. Ең басты кемшілігім, еңбек тәртібін сақтауға жете көңіл бөлмеуші едім. Мақаламды жазып, хабарларымды дайындап болған соң достарыммен жүздесуге жүре беретінмін. Оның арғы жағы белгілі... Ертесіне жиналысқа салады, сөгіс береді. Бірақ жазғаныма екінің бірі қол жүгірте алмайтын.
Жаңадан жазған жырларымызды талқыға салу дәстүрі қанат жайып, ертеректе салынып, еңсесі түсе бастаған ескілеу мәдениет үйінің ғимаратында жыр кештерін өткізіп тұратынбыз. Қозы қарнын қолымен демеп қойып марқұм Қуаныш Ержанов "Ақ жауынын", әңгімесінде әзіл, өлеңінде назы жүретін Тементай Әділханов "Көктемгі найзағайларын" оқитын. Тәжірибелері мол, жастары үлкен болған соң Сапарбек пен Аманқостың қабақтарына қараймыз... Олардың жүздері жылыса біздің жүрегіміз жырлап кететін. Ол да бір өмір екен ғой...
Қасиетті шаңырақты арқалап келе жатқан қатепті қара нардай маң-маң басқан Жәрдем Тайыпов ақсақалдың алдында құрдай жорғалаймыз. Біз оны сыртынан "генерал" дейтінбіз. Киімінің қыры сынбайтын қара шалдың шылым шегісінің өзі тектілікті танытатын. Шынымды айтсам, қызыға қарайтынмын. Арамызда алпысқа толып, мерейтойына арнайы дастархан жайған жампоздың беделі биік болатын.
Туған күн демекші... Біздің бөлімнің меңгерушісі Қонаш Қалдыоразов қырық жасқа толып, сәуір айының алғашқы сенбісінде сол үйге жиналдық. Басшымыз Мұңал Далбаев та келді. Мөлдіреп тұрған шыныларға алғашқы махаббаттай мөлдірей қарап біз отырмыз. Ағаларымыз алып қояды, біз құйып қоямыз. Мұңал мен Бағытжан Бозданұлы татып алмайды. Бұл енді сыйластыққа келетін шығар, сол дастарханнан ораза тұтқан мұсылмандай таңдайымыз жібімей шықты. Бірақ құр аяққа бата жасайтындардың сойынан емеспіз, Болат пен Қаржау үшеуміз оңашалана жылынып алдық.
Ол кезде тілшілер беделді, сөздері өтімді еді. Заманға байланысты құбылыс деп білемін. Марқұм Қуаныш ауыл аралайтын, іссапарға ақжал арғымақтай автобазаның көкқасқасын мініп баратын. Ондай көлікке екінің бірінің қолы жете бермейтін. Жақсының бәрі қат мезгілде үнді шайын, "Қазақстан" темекісін ретін тауып қоймадан алып тұратынбыз. Кейде жұмыстан кейін қалып, шаң басар әдетпен шабыт шақырып, сол кездегі қоғамдық өмір, саясат, әдебиет туралы келелі әңгіме қозғаймыз, пікір таластырамыз. Әркім сол әңгімелерден өзіне керегін, қажетті дерегін алады. Әлемдік өркениеттің алтын арнасы бізге орыс әдебиеті арқылы жететін. Бұл мойындауға тура келетін шындық. Өзіммен жастары қатар әріптестерімнің орыс әдебиетін оқымайтынын байқайтынмын, бірақ өз ұлтының мақтанышына айналар жәдігерлерді жете білетін. Ең бастысы ізденетін. Жаңа кітаптарды бастарына жастанып, көз майын тауыса қаужайтын. Қызғаныш адамға тән табиғи мінездің бір түрі ғой. Жақсы өлең жазғанда қатар жүрген әріптестерінің қуанғанына не жетеді? Міне, осы орайда мен үшін Болат пен Қаржаудың орны бөлек болатын. Екі жылда "Ембі" газетіне қандай еңбегім сіңгенін білмеймін, бірақ, "Әдебиет бетінің" ажарын асырдым деп мақтана айта аламын. Кей ұйқасы келмеген, құйқасы шикі өлеңдерді қайта жазып шығатынмын. Сол үшін Қонаш ағамнан талай сөз естідім. Қазір Қонекеңдікінің дұрыс екендігін амалсыз мойындаймын.
Иә, одан бері ширек ғасырдың жүзі ауыпты. Егер Қоңыр Мандоки Іштваннан хат алып, оны газетке жариялап, "рушылдықты қоздатып жүрсің" деп мемлекеттік қауіпсіздік комитеті түртпегенде де түбі мен қызметтен кететін едім. Өз еркіммен емес, әрине, еңбек тәртібін жиі бұзғаным үшін. Қазір қанша сөгіс алғаным есімде жоқ, бірақ соныға соқпақ салуға тырысқан талпынысымның тасқа соғылғанын ұмыта қойған жоқпын. Алғаш рет құжат, ота, теңге сөздерін осы газетте мен қолдандым ғой деп ойлаймын. "Құжатты" түсінбеді, "отаны" бел ортасынан бір сызды, "теңгені" өзбек сөзі деп қабылдамады. Айналайын, уақыт-төреші, бәрін орнына қойды. Аталарымыздан қалған асылдың сынығандай сөздер қазір қолданыста жүр. Мақтанып кетсем өзінің орны бар ғой деп ойлаймын. Менің өткенім өзгелерге үлгі етіп ұсынуға жарамайды, дегенмен, сабақ алар тұстары мол.
Біз бұл салаға өлең жазу арқылы, әдебиетке құштар көңіл жетегінде келдік. Жалпы, шығармашылықпен айналысатын дарынды адам газеттен аулақ жүруі керек. Журналист - бұл мұнайшы, дәрігер сияқты мамандық иесі. Яғни, қоғамның дертін анықтап, пікір қалыптастыратын ақылман. Мен кейінгі буын әріптестеріме осылай дей отыра, Габрэль Гарсия Маркес пен Эрнест Хемингуэидің де газет шолушылары екендігін жадымнан шығара алмаймын.
Иә, "Кең Жылой" газеті талай тұмса дарынның тұсауын кесті, бағын ашты. Қырандарды қияға самғатты. Алысқа ұшатындардың алғашқы қанат қомдар айлағына айналды. Ендеше, оның абыройы асқақ болғай!
Бүркіт Базарбаев,
Жазушылар одағының мүшесі
3 қазан, 2008 жыл



