Жүрекке жылу сыйлаған

Әйел-аналар мерекесіне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектерді құттықтау аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова өзі марапаттап, үй тірлігімен қатар қызметті де қатр алып жүрген әйелдердің еңбегін ерекше атап өтті.

-Баршаңызды шұғылалы көктемнің айрықша мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге әрқашан айтылар жылы лебіздер таусылмайды. Қиын-қыстау кезде де коммуналдық сала қызметкерлері бас көтеріп көмектесіп, халық игілігі үшін жұмыс істеді. Біз сіздердің қажырлы еңбектеріңізді әрқашан бағалаймыз. Шаңырақтың берекесі, өмірдің гүлі, күннің шуағы болып жүре беріңіздер,-деді жүрекжарды жылы лебізін білдірген Гүлнафис Аязберікқызы.

Салтанатты шарада марапатталған жанның бірі - аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсету аумақтық орталығының әлеуметтік маманы Алтыншаш Жетпісқызы:

- Бізді елеп-ескергеніне көп рақмет айтамын. Көңілімізді көтеріп, мерейімізді өсіріп, жүрекке жылулық сыйлағаны жасырын емес. Барша әйел затын аталған мерекемен шын жүректен құттықтаймын,-деп өз тілегін жеткізді.

Шара барысында аудан өнерпаздары мерекелік ән шырқап, өлең оқып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кездесу аяғында «бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербетіп» жүрген жылыойлық аруларға аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты мен бағалы сыйлығы табысталды.

Е.ЖАСТАБАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT