Жолдаудағы бизнеске серпін беретін бастамалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы стратегиялық даму бағытын айқындайтын тарихи құжат болып отыр. Соның ішінде кәсіпкерлікке ерекше назар аударды. Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатыны сөзсіз.

 Бүгінгі күні шағын және орта бизнесті қолдау- басты назарда.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Ендігі жерде кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеймек.

 

Кеңінен тоқталатын болсақ  салық кодексі бизнестің мүддесін қорғауға бағытталады. Президент салықтық бақылауды толық цифрландыруды, есептілік нысандарын 30%-ға қысқартуды тапсырды. Бұл – кәсіпкерлерге артық жүктемені азайтып, ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін маңызды қадам.

 Сонымен қатар, экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайту – жеке бизнестің өркендеуіне кең жол ашады. Президенттің тапсырмасы бойынша, жекеменшік кәсіпорындар үшін әділ бәсекелестік жағдайы жасалмақ. Бұл қадам Жылыой ауданы үшін де өзекті.

 Елде жаңа жұмыс орындарын ашу – экономиканың тұрақты дамуының басты кепілі. Мемлекет басшысы индустрияны әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, заманауи кәсіпорындарға қолдау көрсету арқылы еңбек нарығын жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл әсіресе жастардың жұмыспен қамтылуына және ауыл-аймақтардағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етпек.

 Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда айтылған міндеттер бизнестің дамуына серпін беріп, инвесторлардың сенімін арттырады. Жылыой ауданы кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдайды. Біз үшін басты міндет – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту.

 

Жылыой аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы менеджер- кеңесші  Гүлмира Балжігітова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT