Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.
Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде» деген еді. Осылайша жастарды жұмыспен қамту мәселесінің өзекті екенін айтқан. Осы орайда ауданымызда да келелі кездесу өтіп, сүбелі сұхбат құрылды.
Бұл ретте еліміздегі белді теологтар жастармен жұмыс жасауды күшейтті. Соның бір айғағы жуырда ауданымызға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының сарапшылары арнайы келіп, жұртшылықпен жүздесті. Алдымен өңір жасөспірімдеріне уақыт арнаған олар ерекше бір маңызды тақырыпты ортаға салып, «NEET» санатындағы жастармен ашық әрі шынайы сұхбат өткізді.
№6 мектептің төрінде өткен іс-шараға отыздан аса жас қатысты. Жүрексініп келгендердің жүзінен алғашқыда сенімсіздік байқалғанымен, уақыт өте ашыла сөйлесіп, көкейде жүрген сан сауалға жауап алды. Олар бұл кездесуге қарапайым тыңдаушы ретінде емес, өз тағдырын өзгертуге қадам басуға келгендей әсер қалдырды. Мұнда жат ағымға бет бұрудың алдын алу, қоғаммен байланыс орнату, дос табу, білім алу сынды тақырыптар қозғалды. Аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері де бұл кездесуде белсенділік танытып, жастармен жеке-жеке жұмыс жүргізді. Себебі әр пікір – тереңде жатқан сөз, әр сауал – қоғамнан қол үзіп қалмауға деген жас жүректің үнсіз айқайы еді. Бұл ретте өңірдегі ақпараттық түсіндіру тобының белді мүшесі Асхат Кенжеғалиев былай деді:
- «NEET» жастары дегеніміз – білім алмайтын, жұмыс істемейтін, қоғамнан шеттетілген жастар. Олардың өмірге деген құлшынысы төмен. Осы санаттағы жастармен жұмыс істеу – бүгінгі күннің аса маңызды миссиясы. Жастар ресурстық орталығы бұл бағытта көптеген бастама көтеруде. Мәселен, ағылшын тілі курстары, мотивациялық кездесулер мен «Өзгеріс» атты тренингтер өткізіп келеді. Мақсат – олардың білім мен еңбекке деген ынтасын ояту.
Бүгінде Жылыой ауданында дәл осы санатқа кіретін 275 жас тіркелген. Мамандардың айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл біршама азайған. Оның ішінде «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа орналасқан жастар да бар. Дегенмен, бұл бір күндік шаруа емес, жүйелі әрі үздіксіз қолдауды қажет ететін процесс. Сондықтан бұл көрсеткіш әлі де төмендеуі қажет деп білеміз.
Өңір халқына арнайы келген Дінаралық және конфессияаралық диалогтың халықаралық орталығының сарапшысы Дулат Жақиянов кездесуде ерекше ықыласпен сөз сөйлеп, жастардың ішкі дүниесіне терең үңілуге тырысты. Және ойын білдіріп:
- Біз жастарды «проблема» деп қарамауымыз керек. Олар – біздің болашағымыз. Бірақ сол болашақтың бүгінгі келбеті алаңдатып отыр. Өйткені қоғамнан шет қалған, өз орнын таппаған жастар түрлі қауіпке тез бой алдырады. Соның бірі – жат ағым. Біз олармен дін емес, шынайы тақырыптарда сөйлесуіміз керек. Дін “ұрда-жық” ұстаным емес, парасат пен сабырдың жолы екенін түсіндіруіміз керек. Бұл тек дін мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Және әр жасқа сенім артып, бағыт сілтеу – үлкендердің борышы,-дейді ол.
Теологтың сөзіне сүйенсек, бұл тек біржақты түсіндіру шарасы емес, жүректен жүрекке жетер шынайы диалог. Ол өз сөзінде жастардың көзіндегі үміт ұшқынын байқағанын айтып, мұндай кездесулер жиілесе, оң нәтиже болатынына сенім білдірді.
Иә, жастардың бойында тек үміт емес, күш те бар. Оларға бағыт, мүмкіндік және сенім керек. Ал бұл шара соның бастауы болғандай. Аудандық Жастар ресурстық орталығы да бұл бағыттағы жұмысты күшейтетінін, жаңа жобалар мен курстар арқылы жастарды қоғам өміріне белсенді араластыруға күш салатынын мәлімдеді. Оның үстіне өмірден өз орнын таппай, тұйыққа тірелген жасөспірімнің тағдыры бір ғана отбасының емес, бүкіл ұлттың болашағына әсер ететін күрделі дүние. Сондықтан бұл мәселе – назардан тыс қалмауға тиіс дейді сарапшылар.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ