Жұмысшы мамандықтар жылына орай "Ашық есік" күні өтті

Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде «Ашық есік» күні өтті.

Жұмысшы мамандықтар жылына орай еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпаққа кәсіптік бағдар беру мақсатында Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университеті «М.Асаубаев атындағы Креатив орталығында» «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, арнайы көрме әзірледі.

Шараның басты мақсаты – жастардың техникалық және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, сұранысқа ие бағыттармен таныстыру, сондай-ақ болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашу болды.

Аталған іс-шараға Аққала орта мектебінің жоғары сынып оқушылары кәсіптік бағдар беруші Гүлден Әбілқайырқызының жетекшілігімен қатысып, оқу орнының ерекшеліктерімен, ондағы мамандықтар жайлы мол мағлұмат алды. Шара барысында көптеген оқушылардың кәсіптік білімге деген ынтасы оянып, келешекте нақты бір мамандықты игеруге қызығушылық танытқаны қуантады. Соның бірі – 10-сынып оқушысы Парасат Ибатов. Ол өзіне автоэлектрик мамандығы ұнайтынын және болашақта осы салада еңбек еткісі келетінін жасырмай жеткізді.

Ал жетекшілері Гүлден Жантасова бұл тәжірибенің маңыздылығын атап өтіп:

– Шақырғаннан қалма демекші, барып көріп, көрмелерін тамашалап, көптеген тың әрі пайдалы мәлімет алдық. Әсіресе ер балаларға аса қажетті мамандықтар ұсынылғанына көзіміз жетті. Бір қуантарлығы – университетте заманауи дуалды оқыту жүйесі бар екен. Сондай-ақ талапкерлерді ҰБТ-сыз емтихан арқылы қабылдауы жастар үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын, – деді.

Ақмарал БОКИРОВА

Индер ауданы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT