Жұмыскер сақтандырылуға міндетті

Мемлекет басшысының өзі кейбір өндіріс орындары мен кеніштерде орын алатын қайғылы оқиғаларға байланысты еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға баса назар аударып келеді. Бұл ретте қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке тиісті шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырма бергені де рас.

Негізінен, еңбек қауіпсіздігіне қатысты және жазатайым оқиғаларға орай Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде нақты баптар қарастырылған. Айталық, осы кодекстің 23 - бабы 2 - тармағының 15 - тармағына сәйкес: «Жұмыс беруші жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға» міндетті.

Жалпы Еңбек кодекстің 1- бабының 27 – тармақшасында «еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға» жөнінде негізгі ұғым берілген. Яғни, ол «өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі» болып табылады.

Сонымен қатар Кодекстің 182 - бабының 2 – тармағының 14 – тармақшасында: «Жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберу көзделген».

Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган осы кодекстің 17- бабының 4-1 – тармақшасы негізінде «жұмыс берушінің жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуын бақылауды жүзеге асырады. Бүгінгі күні Еңбек кодексінің осы талаптарының орындалуын бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті Еңбекті қорғау және қауіпсіздік ақпараттық жүйесі арқылы мониторинг жүргізіп, нәтижесінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындар мен ұйымдарды анықтау үстінде.

Жоғарыда көрсетілген Кодекс талаптары орындалмаса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230- бабының 2- тармағымен Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндеттейді. Ал міндетті сақтандыру шартын жасаспауы – жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз алпыс, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады.

Егер жұмыс беруші міндетті сақтандыру шартын жасамаса немесе осы мәселе бойынша сұрақтар туындаса, онда Департаменттен және «Мемлекеттік аннуитеттік компания» Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Атырау облысының филиалынан толық кеңес алуына болады. Байланыс телефоны: 8 (7122) 519903, 556065.

С. Үбіғалиева,

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің

Атырау облысы бойынша департаментінің

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT