Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Еліміздің басынан өткен «сан қилы» заманда көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына байланысты да жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар. Демек, топонимдер атаулары тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгіл бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде халықтың дүниетанымын, мәдениетін тілдік құбылыстармен сабақтастыра зерттеу кеңінен қарастырылып келеді. Кез келген халықтың этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің жетегінде, әлеуметтік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдар аясында сөз ету мәселесі тіл білімінде этнолингвистика ғылымында қарастырылғанымен, осы құбылыстың қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өрісі – лингвомәдениеттанудың еншісіне тиіп отыр.
Аталған екі ғылым сағасы бір арнаға тоғысып, тіл мен мәдениеттің шекарасында халық тілі мен ұлт мәдениеті, ұлт менталитеті арасындағы қызметінің сабақтастығы анықталады. Ұлттың мәдениеті мен тілін байланыстыра зерттеудің қажеттілігі жөнінде ғалым Ж.Манкеева былай дейді: «… ұлттық тіл ерекшелігінің сырын, табиғатын, сол тілде сөйлеуші ұлт өкілінің рухани, психологиялық, әлеуметтік, т.б. сипаттарымен біртұтастықта зерттеу… Солардың ішінде тілді ұлттық сана, дүниетаным, мәдениет, тарих, этностық рухты бейнелейтін таңба ретінде қарастыратын – лингвомәдениеттану саласы. «Лингвомәдениеттану» деген атаудың құрамында тіл мен мәдениеттің сабақтастығы айқын көрініс табады… Сондықтан ұлттық болмыс-мазмұнын тұтас мәдени жүйе ретінде өз бойында сақтаған құнды этномәдени дерек ретіндегі тілдік бірліктерді «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес жинақтап, жүйелеу, талдау игілікті де өзекті іс болмақ» [1;3-5]. Олай болса, лингвомәдениет дегеніміз – халық мәдениетінің сол ұлт тіліндегі көрінісі болып табылады. Жеке ұлт тілі ретінде қазақ тілінің дүниетанымдық қызметінің қазақ тілінің негізінде қарастырылуының маңызы, оның ұлт мүддесі үшін қызметі, керісінше, ұлт дүниетанымындағы қасиеттердің, арнайы ұғымдардың ана тіліміздегі көрініс табуы да өз дәлелдері мен соның негізінде кейбір ерекшеліктерін, тілдік айналымдағы орнын көрсетіп беруді, осы сияқты сұрақтар ауқымын жан-жақты аша түсуді қажет етіп отырғандығы ақиқат. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қазақ халқының дүние туралы түсінігінің ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын жерінің бірі – топонимиялық атаулар екенін көреміз.
Топонимика – ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Бұл гректің «топос» – орын, жер, «онома» – атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз. Топонимдер, яғни жер-су аттары, негізінен үш бағытта зерттеледі: семантикасы (мағынасы); жасалу жолдары; этимологиясы. Топономия сөзінің анықтамасының өзінде оның ұлтпен байланысы анық көрсетіледі. «Топономия дегеніміз – халықтың ділін бейнелейтін мәдениеттің маңызды бөлігі. Топономия – этностың шығу тегі мен дамуын, аймақты, пайдалы қазбаларды меңгеруді халықтың ментальдық психологиясын және әлемнің тілдік бейнесін және тағы басқа көптеген мәселелерді зерттеудің қайнар көзі» [2;17]. Осы сілтеменің өзінен-ақ біз ұлттық ерекшеліктерді байқататын бірнеше терминдерді көреміз. «Халықтың ділі», «ментальдық психология», «әлемнің тілдік бейнесі» сияқты ұғымдарды аша отырып, біз этнотопономиялардың да сырын ашатын сияқтымыз. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінің өзіне тән жергілікті ерекшеліктерін де естен шығаруға болмайды. Себебі, бүгінде жалпы аймақтық топономияны зерттеу – нақты дамып келе жатқан бағыт.
Зерттеуші Қ.Рысберген өзінің «Аймақтық топономияның өзекті мәселелері» атты мақаласында біраз теориялық түйіндер жасап, мәселенің негізгі бағыттарын саралап берген. Оның ойынша, «Қазақ топономикасындағы аймақтық зерттеулер статикалық, синхрондық, сипаттамалық негізде жүргізілді десек, қате айтпаймыз. Аймақтық зерттеулерде құрылымдық жағынан нақты өлкенің тарихи, географиялық жағдайына шолу жасалып, топонимдік, апеллятивтік бірліктер тілдік атрибуция, стратиграфия, лексика-семантикалық, сөзжасамдық, грамматикалық тұрғыдан қарастырылып, кейбір көне этимондар мен реликтілік тұлғаларға этимологиялық, типологиялық, салыстырмалы-тарихи талдаулар жасаумен шектеледі [3;380]. Еліміздің тәуелсіздік алуы бұл ғылым саласының алдына жаңа міндеттер қойды, ғылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды, олай дейтініміз Қазақстанда бұрыннан да осы ғылым дамығанмен көп нәрсені идеология қойған шеңберде айтуға тура келді, елді мекендерге, жер-суға қойылған сансыз сырттан тағылған, этнотопонимді ығыстырушы атауларға сыни қарауға мүмкіндік болған жоқ, ал этнотарихи топонимдердің халық санасынан шығарылуы, әсіресе жас ұрпақ үшін теріс роль атқарып келді. Еліміздің тәуелсіздік алуы осы бір тарихи қателікті түзетуге, көмескіленген ұлттық атауларды қайта жандандыруға жағдай жасады. Бүгінде елімізде іске асып жатқан топонимдік атауларды өзгерту үрдісі – осының көрінісі. Кеңес үкіметі тұсындағы түгелдей қазақтардан тұратын мал шаруашылығы серіктестіктерін немесе елді мекендерді «Коминтерн», болмаса «Путь Ильича» сияқты атаулармен атаудың мән-мағынасыз, саяси науқандықтан басқа ешқандай себебі болған жоқ еді. Ал соған қарамастан бірқатар ұлттық нақыштағы гидроним (су атаулары), ороним (тау, төбе), ойконим (елді мекен), фитонимдер (өсімдікке байланысты атаулар) сақталып қалды. Сол азғантай нәрселердің өзі жергілікті халық санасы үшін зор роль атқарғаны сөзсіз.
Соңғы оншақты жыл көлемінде топонимдік атауларды этнолингвистикалық бағытта қарастыру оң нәтижеге қол жеткізіп, жер-су атаулары мазмұнындағы ұлттық нақыш-бояуларды айқындай түсті. Міне, осы ескерту жағынан қарасақ та, аймақтағы атауларды тек тізіп қана қоймай, оларды әр бағытта кешенді қараудың үлкен маңызы бар екені өзінен-өзі түсінікті деп ойлаймын. Оған бірнеше себеп те бар. Біріншіден, атаулар үнемі қолданыста болатын ұғымдар болғандықтан ауыздан-ауызға беріле отырып, өзгеріске сирек ұшырайды. Екіншіден, ол атаулар салт-дәстүрмен немесе белгілі тарихи оқиғамен байланысты болғасын, халық санасында сақталып отырады. Сондықтан да топонимдерді зерттеуде тілдік-мәдени мәселе ерекше орын алады.
Осы тілдік-мәдени бағытында Қазақстанның топонимдерін кешенді зерттеу де, аймақтарын жеке-жеке зерттеу де қатар жүргізіледі. Соның бірі – Батыс өңірі топономиясы. Осы өңір топономиясы туралы әрісі Е.Зябловскийдің «Землеописание Российской империи» 1810ж., Данилевский К.В., Рудницкий Е.У. «Урало-Каспийский край» Краеведческий справочник.-Уральск, 1929 сияқты еңбектер болса, берісі ресейлік, кавказдық және отандық ғалымдардың топономия саласындағы еңбектері. Соңғыларының ішінде М.Қожанұлының «Атырау облысының жер-су аттары», М.А.Диарованың «Топономия Атырауской области в условиях казахско-русского двуязычия», «Ақтөбе облысының топономикалық кеңістігі», «Атырау облысының топономикалық атауларының анықтамалығы», Уразаева Қ.Б., Уталиева Ж.Т., Бекназаров Р.А. «Ақтөбе облысының топономиясы» (3 томдық), Ә.Әбдрахмановтың «Қазақстан этнотопономикасы», «Қазақстанның жер-су аттары», Г.Қоңқашбаевтың, Е.Қойшыбаевтың еңбектерін, жергілікті өлкетанушылар М.Жолжановтың, К.Қаюповтың мақалаларын атап кетуге болады. Осы зерттеулер негізінде топонимдерді ұлттық-дүниетанымдық және ұлттық-тілдік деп бөлуге болады. Бұл сонда топонимдердің этнолингвистикалық және лингвомәдениеттанымдық мәні деген зерттеу мәніне сәйкес келеді. Оларды былайша топтастыруға да болатын сияқты:
1. Ұлттық дәстүрді, дінді, мәдениетті бейнелейтіндер: Абақанмола (антропоним), Адаймола, Айбосмола, Айыртам, Ақкиізтоғай, Ақмешіт, Оңайата, Қызәулие, Әулие(көл), Хазірет, Ақсақал тәуіп, Сұлтануәйіс ата және т.б.
2. Соғыс, майдан оқиғаларымен байланысты атаулар: Қарауылтөбе, Найзакескен, Алкелді, Қалмаққырған, Кіндіктөбе, т.б. ;
3. Антропонимдік мағыналы тарихи топонимдер; Құрманғазы, Халел ставкасы, Чапаев ауылы, Мақаш ауылы;
4. Тұрмыстық заттар, мәдениет материалдары атаулары; Қылышқұдық, Қырықмылтық, Тұсаубайлаған, Майкөмген, т.б. Белгілі зерттеуші М.Қожанұлы өзінің «Қазақ этнонимдер жүйесі» атты еңбегінде Батыс Қазақстан өңіріне тән этнонимдердің этнолингвистикасын зерттей отырып, қазақ рулық-тайпалық құрылымының атауларына терең шолу жасаған. Аталған еңбегінде зерттеуші тотемдік атауларға, туыстық қатынастарға тән атауларға, діни, наным-сенім, ырымға тән атауларға біраз тоқталған[4]. Біз де мақаламызда атаулардың осындай лингвомәдениеттанымдық мәні бар топтарына тоқталғымыз келеді. Топономикалық атаулар тек геотерминдік қана сипатқа ие жай сөздер емес, олар, әсіресе, сол тұрғылықты этностың рухани мәдениетінде зор роль атқаратын дүниетанымдық терең мәнге ие лингвомәдени құбылыстар. Ал ұлттық атаулар жайдан-жай тумайды, олар қашанда жалпыхалықтық, тарихи-мәдени, экономикалық алғышарттардың жиынтығынан қаралады. Бұл мағынасында геотермин лингвомәдени атау ретінде әлеуметтік орта өкілдерін біріктіруші түпкі негіз ретінде үлкен психологиялық та роль атқарады. Осы контексте әлдебір табыну құралы-культтік объект сияқты деңгейге жетеді. Ондай өңірлер барлық халықта да, біздің еліміздің барлық жерінде де баршылық. Олар: Сарыарқа, Жетісу немесе Мұрат ақын жырлаған атақты үш қиян-Еділ, Жайық, Маңғыстау. Қазақтың ұлттық дәстүрінде аталар және жалпы өлгендер аруағының орны ерекше болуына байланысты кең тараған дәстүрлі топономика зираттар атауымен байланысты болып келеді. Ол бір жағынан белгілі бір рудың зиратын білдірсе, екіншіден, сол рудың мекенінің шекарасын да білдірген. Содан болар, «мола» компоненті бар атаулар еліміздің барлық аймағы сияқты батыс өңірінде де мол кездеседі. Сонымен бірге «мола» компонентімен қатар «қорым», «оба» атаулары да жиі ұшырасады. Атаулардың бірі белгілі адамның атымен аталған болса, екіншісі белгісіз адам атымен аталған. Мысалы, Оңайата, Қызәулие, Шойтас қорымы, Шәпек обасы сияқты атаулар белгілі адамдар атымен аталған қорымдарға мысал болып тұрғанын көреміз.
Қазақ топономикалық жүйесінде осындай теонимдердің өте мол кездесетінін байқау қиын емес. Мысалы, Атырау облысы бойынша: Алашамола, Алпанмола, Есболай қорымы, Оңайата деген атауларды мысалға келтіруге болады. Ақтөбе облысының жерінде Жалғыз оба, Қырықоба, Қособа аталатын жерлер бар. Батыс Қазақстан облысы бойынша: Бекбике обасы, Маңғыстауда Айназар әулие, Бектұрлы қорым, Бала әулие қорымдығы деген атауларды келтіруге болады. Бұл топонимдік атаулардың кең тарауы мен сақталуы олардың халықтың сенімінде берік болуымен байланысты. Оған дәлел осындай қасиетті деп саналатын жерлерге деген ерекше қатынас кешегі Кеңес үкіметінің қысымы мен қатаң саясаты кезінде де сақталған екен. Осы жерде бұл жерлердің халық үшін рухани мәні-мағынасы болғанын да айта кеткен жөн. Оны мәдениет пен тіл саласының мамандары да атап өтеді. Мысалы, атақты зерттеуші Серікбол Қондыбай өзінің «Арғы қазақ мифологиясы» атты кітабында былай дейді:«Төретам (рухани орталық) – реальды географиялық (топографиялық) нысан немесе координаттар тоғысы. Қасиетті, киелі деп есептелген немесе ежелгі арутамдар (святилище) орналасқан алқап, тау, орман, тоғай, өсіп тұрған жеке ағаш немесе топ ағаш, құдық, бұлақ, үңгір, әулиенің бейіті, әулиенің мүрдесі, діни ғимарат, ... т.б жатады»-деп көрсетеді.
Автор осындай рухани орталықтарды жіктей келе, «Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әулиелердің барлығы да – рухани орталықтар, мәртебелік, танымалдық деңгейі (бүкіл қазақтық, аймақтық, жергілікті) түрліше болып келетін «n –ші дәрежелі төретамдар» болып есептеледі» деген тұжырым жасайды [5, 54-55]. Демек, көшпелі қазақ осындай жерлерді қасиетті территория санаса, оның көбі қайтадан жандануда, ал Атырау облысындағы Бекет атаға қатысты Ақмешіт сияқты жерлер, Бекет Ата мешіті қазір қайтадан, С.Қондыбай айтқандай, бүкіл қазақтық рухани ортаға айналып отырған жер болып табылады. Қазақтың әлі де кең сақталып отырған осы дүниетанымына сәйкес «әулие» «тәуіп» ұғымдарына ие атаулар да өте көп кездеседі. Оның дәлелін жоғарыдағы атаулардан көріп отырмыз. Бұл аталған жерлер жай ғана топономикалық шеңберден шығып, әлдебір қасиеттілік, сакральдық сипаттағы мағынаға ие болады. Адамдар ол жерге (молаға) ерекше құрметпен, болмаса қорқыныш сезімімен қарайды. Ол жерлердің, ол жерде жатқан адамның құдірет-күші жайлы аңыз-әңгімелер пайда болады, оның өзі жұрт назарын аударатын фактор болып шығады. Енді жаугершілікпен байланысты атауларға келер болсақ, олардың көптеген тарихи атаулар арасында жиі көрініс беретіні байқалады. Л.Жаксылықова Ақтөбе облысындағы «Алкелді», «Найзакескен» атаулары туралы «Алкелді» топонимінің толық варианты «ал, жау келіп қалды» түріндегі сөйлем болса, «Найза кескен» атауы Найзаға сап, кесіп дайындаған жер тіркесінен ықшамдалған», - дейді [6;87]. Мал шаруашылығына байланысты топонимдер де қазақ халқының төлтума шаруашылық ерекшелігіне байланысты кеңінен тараған. «Айғыркөл», «Айғыршағыл», «Айғыршығанақ» атаулары үлкен көл, үлкен шағыл, үлкен шығанақ мағынасына ие атаулар болса, «Ақінген» атауын сол атауға ие биіктіктің сыртқы түрі қос өркешті інгенге ұқсас болуынан осылай аталған болса керек»,- деп есептейді зерттеушілер [6;12].
Малға байланысты оқиғалардан туған атаулар да қазақ дәстүрлі тіршілігінен хабар береді. Мысалы, «Байталкеткен», «Еткөмген», «Көксиыр», «Торыаткісінеген», «Алабайтал» және тағы басқалар осыны дәлелдейді. Мал – қазақ тіршілігінде зор рөл атқарғандықтан малға байланысты әрбір тосын оқиға халық санасында ұзаққа сақталып қалады. Жоғарыдағы атаулардан «байтал», «торы ат», «кісінеу» сияқты қазіргі кезде пассивті қолданыстағы сөздерді көреміз. Тіпті, үнемі мал етін пайдаланған және малдың ішкі құрылысын өте жақсы білген қазақ халқы кейбір жер бедерін малдың дене мүшесімен салыстыра бейнелеген. Оған дәлел «Боқтықарын» және «Боқішек» деген өзек атаулары Атырау облысының Жылой ауданында кездессе, «бүйрек» деген құм атауы Қызылқоға ауданында белгілі жер болып табылады. Осылайша халықтың физиологиялық білімі метафораға айналып, жер бедерінің танымдық білімге айналғанын көреміз. Топонимиканың төркінінде ұлттық сана-сезім, талғам мен қажеттілік жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Қазіргі тілдік зерттеулердің ішінде кеңінен тарап келе жатқан тың бағыттың бірі – гендерлік-лингвистикалық ізденістер екені белгілі. Топонимдер жүйесіндегі гендерлік атау – тарихи қалыптасқан тұрақты топонимдердің бірі болып табылады. Олар бір жағынан антропонимдер болып келеді, екінші жағынан бұл атаулар ұлттық мәдениет пен құндылықтар жүйесінен де хабар береді. Қызәулие, Бәйбішеқұдық, Бекбике, Алып-ана–Түкті ата, Секер сұлу мазары, Мүслима, Қызмола, Үшкемпір, Үшбике және тағы басқа еліміздің батысында кездесетін атаулар осыған мысал бола алады.
Жалпы антропонимдерді зерттеген кезде байқалатын нәрсе – ер адам атының көбірек кездесетіні. Бұл ер адам билеген қоғамға тән дәстүрлі көрініс, бірақ соның өзінде байырғы қазақ мәдениетінде елге абыройлы немесе ерекше қабілетке ие әйел адамдардың болғанын, елдің оларды құрметтеуге ұмтылғанын, сол себепті, тіпті, әруақтар, ата-бабалар жатқан қорымның өзін сондай сыйлы әйелдердің атымен аталғанын көреміз. Ұлттық дүниетанымдық сипаттағы атаулар жүйесі Кеңес үкіметі кезінде үлкен өзгеріске ұшырады, бірақ халық сонда да оларды жадынан шығармады. Тәуелсіздік алуымыз арқасында олар қайтадан жаңғырды. Бұл да ұлттық мәдениет пен тілдік ұғымдарды қайта жаңғыртудың бір көрінісі. Сөз соңында ұлттық сипаттағы топонимдердің әрі рухани, әрі нақты географиялық мәнге ие екенін айта кеткен жөн.
Жұмазия Абдрахманова,
филология ғылымдарының кандидаты,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті