Соңғы жылдары өзен суы мол келіп, шаруалар бұрынғыдай шабындықтан қысқы мал азығын дайындауға кірісті. Десек те, кей жерлердің суы ала жаздай кеппей, шөбі шабылмай қалған алқаптар да бар. Әрине, мұның астарында бірлесіп шешетін өзге бір мәселе жатыр. Дәл қазіргі күн тәртібінде Жемнің жағалауында отырған екі елді мекенді алдағы келе жатқан көктемгі су тасқынынан қорғау мәселесі тұр. Жергілікті атқарушы билік пен азаматтық қорғаныс штабы күні бүгін осы түйткілге бас қатырып жүр. Одан аудандағы «AMANAT» партиясының басшылығы да тыс қалған жоқ. Партиялық жұмысшы тобын құрып, су тасқынының алдын алу бағытында жақында зерделеу жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Көктемнен көктемге дейін...
Ол, негізінен, Құлсары қаласындағы Қамыскөл көлінің жағалауындағы бөгеттердің бойында және Жем мен Қара Арна ауылдық округінің орталықтары Тұрғызба мен Шоқпартоғай ауылының іргесіндегі Жем өзенінің арнасында жүргізілді. Комиссия құрамындағы «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Қобылан Кенжебековтермен бірге биылғы жылдың көктемгі су тасқының алдын алу бағытында осыған дейін атқарылған жұмыстар мен әлі де қолға алынуы керек осал тұстарды барып көрдік.
Зерделеу жұмысын бастамас бұрын, ең алдымен, тасқыннан қорғану мақсатында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының осы бағытта атқарған жұмыстары жөніндегі ақпаратпен танысқан едік.
Жалпы көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында аудан бойынша елді мекендерді қорғау жұмыстарын ұйымдастыру үшін іс-шаралар жоспары бекітілген. Шараға сәйкес аудандық төтенше жағдайлардыңалдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелеріне аудан көлемінде орналасқан автомобиль және теміржол магистралында орналасқан құбырлар мен көпір ғимараттарының, шлюздер мен қорғаныш бөгеттерінің су өткізгіш жағдайларын қадағалау бағытында нақты тапсырма берілді.
Өткен 2023 жылдың 3 наурызында көктемгі тасқын судың алдын алу мақсатында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп көру, шолу жұмыстарын жүргізді. Қажетті техникалар жұмылдыратын жерлерді белгілеп, тиісті тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, 15-18 наурыз аралығында демеушілік көмекпен арнайы техникалар бөлініп, 30 наурыз бен 1 сәуір аралығында Жем ауылдық округі Тұрғызба ауылының іргесіндегі Жем өзенінің 4 км-ге жуық бөгеттерін топырақпен биіктету, нығайту жұмыстары жүргізілді. 30 наурызда жергілікті мекемелердің демеушілігімен арнайы техникалар бөлініп, Құлсары-Шоқпартоғай тас жолында орналасқан су өткізгіш тұрбалардың айналасы топырақпен биіктетілді. Ал 16-20 наурыз аралығында демеушілік көмекпен арнайы техникалар жұмылдырылды. Қарағай елді мекені маңындағы Құрсай өзегі бойындағы жыраларға да топырақ төселіп, қорғаныс күшейтілген.
Мұндай жұмыстар Құлсары қаласының ішінде де жүргізілді. 30 наурыз бен 2 сәуір аралығында жергілікті мекемелердің демеушілік көмегімен арнайы техникалар бөлініп 8, 9-учаске мен «СМП - 224» ықшам ауданымен іргелес Қамыскөл көлінің жағалауындағы бөгеттер де топырақпен биіктетілген. Дәл осындай жұмыстар 24 наурыздан 5 сәуірге дейін қаладағы 5-ықшам ауданы, 7-учаске, «Атырау» ықшамаудан және «Автожолаушылар» қалашығында да жасалды. Бұл жұмыстарды аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілік көмегімен арнайы техникалар жүргізді.
Су тасқынынан қорғану жұмыстары былтырғы күз айында да жалғасын тапты. Айталық, 25 - 29 қыркүйек аралығында Жем ауылдық округіне қарасты Алтықұлақ учаскесіне топырақ төселіп, бөгетті биіктету жұмыстарына демеушілік көмекпен арнайы техникалар бөлінді. Мұндағы Тұрғызба ауылының осал тұсы Ықсантүбек деген жер. Ондағы Жемнің арнасының Шынтақ деген тұсындағы бөгетіне былтырғы жаз айында плита төселіп, нығайтылған екен. Сонымен бірге қыркүйек пен қазан айында Құр Жем өзегіндегі шлюздердің маңы да топырақпен биіктетілген. Осы тектес жұмыстар Қарағай елді мекеннің маңында да жүргізілді.
Осал тұстары әлі де бар
Тасқынға тосқын биыл да назардан тыс қалған жоқ. Керісінше, бұл бағыттағы жұмыстар алға қарай қарқын ала түспек. Айталық, 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында Құлсары қаласындағы Қамыскөл жағалауындағы бөгеттердің осал тұсын топырақпен биіктету, нығайту жұмыстары қолға алынды. «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов бастаған партиялық жұмысшы тобы, міне, осы жасалған жұмыстардан бөлек әлі де осал тұстарды анықтау мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Олар, Құлсары қаласындағы 9-учаске маңындағы Қамыскөл көлінің бөгетін қарады. Онда соңғы қаңтардың аяғы мен ақпанның басындағы топырақ төсеу жұмыстары жүргізілген. Бөгеттер биіктеп, қорғаныс қабілеті күшейген. Бірақ әлі де осал тұстары жоқ емес.
Келесі кезекте Тұрғызба ауылына жол тарттық. Онда ауыл әкімі Данияр Айтпенбет, ауыл тұрғындары Жұбан Үбіғалиев пен Есет Боранбаевтың көрсетуімен Ықсантүбектің іргесіндегі бөгетке төселген плиталардың жай-күйімен таныстық. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің башысы Нұртас Қуатбаев Жемнің бұл тұсын «Шынтақ» деп атады. Расында да өзен байырғы арнасынан ауылға қарай бұрылып, соңғы кезде қауіп туғыза бастаған. Сондықтан бұл жерге топырақ төселіп, бөгеттің қорғаныс қабілеті арнайы плиталармен күшейтілген екен. Әрине, ол мықты болғанымен, су қарқыны қатты келсе арасынан су жарып кетуі мүмкін деген қауіп айтылды. Өйткені бір-біріне тығыз бекітілмеген. Ал Таймұханның тұсындағы арнаның бөгеттері де топырақ төсеп, биіктетуді қажет етеді. Жалпы Жем өзені бойынан үш шлюз салынуы керек болса, соның біреуі осы тұстан. Кезінде жайылым-шабындыққа су шығару үшін арнаны бөгеген топырақ бөгеттен қалған тұрбалардың мұз астынан төбесі қылтияды. Ағыс күш алса, суға кеткелі тұрған ескі темір көпірді көріп көңілі құлазыған ауыл тұрғыны Есет Боранбаев:
-Бұл жерге қалай болғанда да шлюз секілді бір көпір керек. Өйткені өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен малымызды көктем мен күзгі салқын мезгілде кеудеден су кешіп айдап келуімізге тура келеді, - деді.
Дәл осындай зерделеу жұмыстары Шоқпартоғай ауылында да жүргізілді. Ауыл әкімі Ерболат Елеусінов топырақ төселіп, биіктетілуі тиіс жерлерді көрсетіп, өз ой-пікірін де алға тартты. Ондағы Жемнің теміржол тұсындағы арнасын бөгеу үшін былтыр топырақпен салынған бөгетке қарап комиссия мүшелері өзен суының алдағы қарқынын болжағандай болды. Өйткені жерден 80 см-лік биіктікке орнатылған су өткізгіш үлкен тұрбалар қазірдің өзінде мұз астына белуардан батып тұр. Көктемгі тасқында су астында қалып, топырақтың шайылып кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмайды.
Иә, қазіргі қысқы мезгілдің өзінде Жем суға толы. Бұрын шіліңгір шілдеде арнасы үзіліп, көп жерінде аңқасы кеуіп жататын өзеннің бүгінгі келбетіне қарап алдағы көктемгі тасқынның біраз әбігерге салатынын байқағандай болдық. Соңғы мезгілде ылғалдың мол түсуі де бұл күдігімізді күшейте түскендей. Сондықтан аудандық төтенше жағдайлар қызметінің қаңтардан бастап қамдануы құптарлық.
Ербол ҚОШАҚАНОВ