Иә, бұл қоғамдық кесел заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге арамшөптей тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті індеттің бірі.
Басқа елдер сияқты біздің жас мемлекетімізді де қылмыстың осы түрінен айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған, ең алдымен, қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі - халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған қылмысқа қоғам болып қарсы болып, атсалысып, бірлесіп күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі - ол азаматтардың арыз-шағым, өтініштері. Мемлекетіміздің кез келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Ендеше жемқорлықты жоюды мақсат еткен жергілікті атқарушы органдар Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың шындыққа айналып, заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуды міндеті деп санайды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» деді.
Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен баршамыз бір кісідей атсалысып, күресуіміз керек.
Марат Қабиденов,
Ақкиізтоғай ауылдық округінің әкімі