«Желтоқсан желі ызғарлы»

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай аудандық орталық кітапхана мен “Жастар ресурстық орталығымен” бірлескен “Желтоқсан желі ызғарлы” атты желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу кеші ұйымдастырылды. Тағылымды кеш Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етуден басталып, ел тарихындағы ең қасіретті де қасиетті кезеңдердің бірі - 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының маңызын жас ұрпаққа кеңінен түсіндіруді мақсат етті.

Бұл терең үнсіздік азаттық жолында жанын қиған боздақтарға деген құрметтің белгісіне айналғандай. Кештің арнайы қонақтары сол жылдары арман қуып Алматыға барып, нағыз қызыққа толы балдәурен студенттік шақтарында тарихымызға өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасы орын алып, сол кезеңнің куәгерлері болған жандар - Нұржанов Бақтыбай Баймұратұлы, Қаспаев Мақсот Рысқалиұлы, Байғабылова Айнаш Шаланбайқызы қатысып, өз бастарынан өткен ауыр кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті.

Қазақ жастарының ел тағдырына бейжай қарамай, бейбіт түрде алаңға шыққаны, алайда олардың талап-тілектерінің күшпен басып-жаншылғаны кеңінен айтылды.

1986 жылдың 16 желтоқсаны. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан қасіретті де қаралы, Қайрат, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық пен өктемдіктің күні еді. Дәл осы күні Дінмұхамед Қонаев орнынан босатылып, он сегіз минуттың ішінде Компартияның бірінші хатшылығына Генадий Колбин сайланды. Осыған орай қазақ жастары қарсылық көрсетіп, алаңға плакаттармен шықты. Олардың ойлары бүлік жасау емес, тек Қазақстанның тұрмыс жағдайымен етене таныс жан сайланса деген талап-тілектерін жеткізу болатын. Алайда жастардың бұл әрекетін бүлікшілдікке балап, бейбіт жастарды ұрып-соғып, қыздарды шашынан сүйреп, жазықсыздан жазықсыз түрмеге тоғытты. Аппақ қар қызыл қанға боялды.

Қонақтар сол күндері жастардың қандай қысым көргенін, жазықсыз жандардың қуғын-сүргінге ұшырағанын, алайда рухтың сынбағанын атап өтті. Бұл естеліктер көрермендерге сол кезеңнің шынайы келбетін терең сезіндіргендей әсер қалдырды.

Кеш барысында патриоттық рухтағы әндер шырқалып, тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдер көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Алма Әбілтайқызы өз шығармашылығынан “Тәуелсіздікке арнау” атты туындысын оқып беріп, кейін «Тәуелсіздік - ұлттың рухы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған еңбектер арқылы оқырмандар ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи кезеңдермен, Желтоқсан оқиғасына қатысты деректермен кеңінен танысып шықты.

 Орталық кітапхана директоры Сандуғаш Төлеуішқызы ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған боздақтар рухына тағзым ете отырып, кездесуге арнайы келіп, жас буынмен өз естеліктерімен бөліскен қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.

- Сіздер сол бір ызғарлы желтоқсанда ел намысын қорғап, әділетсіздікке қарсы тұрған қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің баянды болуы сол күнгі батыл қадамдарыңыздың нәтижесі.Желтоқсан ұлт рухының сыналған, намыстың оты тұтанған кезеңі. Сол бір ызғарлы күндерде алаңға шыққан жастардың қайсарлығы мен ерлігі бүгінгі егемендігіміздің берік іргетасына айналды. Желтоқсан оқиғасы – ешқашан ұмытылмауы тиіс тарихи сабақ,-деді.

Тағылымға толы бұл кездесу кеші қатысушыларға ел тарихындағы ақтаңдақ беттердің мәнін терең түсіндіріп, тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғындырған мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы зор шара ретінде қорытындыланды. Мұхтар Шаханов айтпақшы, бұл күнді ұмыту мүмкін емес.Ата-бабамыздың арманы болған тәуелсіздіктің туын аласартпай, баянды ету – өскелең ұрпақтың еншісінде. Олардың соқтықпалы соқпақтарда сынбаған сағы, езілмеген еңсесі бүгінгі жас ұрпаққа өлмес өнеге болып қала береді.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT