Он сегізінде от кешіп, ару құшып, жар сүйіп артына түтін түтетер ұрпақ қалдыра алмай арманда кеткен боздақтар қаншама?! Сұрапыл соғыстан аман-есен оралғанда ол осындай үміті мен тірегі жат елде қалған аналардың аңырап алдынан шыққанда көздеріне қарауға бетінен басатын. Тіпті өзін қара жерге қадамын қадай басып жүргеніне кінәлі сезінген кездері болған шығар. Бірақ «балалардың көрер жарығына бола сақтап қалған шығар» деп көңіліне демеу еткен кездері мол.
Бұл толқын не көрмеді?! Ауқатты қазақтардың мал-мүлкі тәркіленгенде үш жасқа толған бүлдіршін келесі жылы ата-аналарының жамылғы көрпелерін сөгіп, жүнін салыққа тапсырғанын, Құдай сақтап ақырған аяздан, құтырған бораннан аман қалғанын анасы көздері боталап, көңілі бұзылып айтатын. Алапат аштықта алты жасқа толған Қойшығұлдың қатарлары тарының талқанын талғажау етіп, ер жеткендерін есейе келе сирек еске алатын. Себебі жүрекке жүк түсетін. Ал, қазақтың қаймағын қалқып алып, қырып салған отызыншы жылдардың ортасынан ауа басталған отамалы да бір мүшелге толып еді.
Ат жалын тартып, азамат атанар шақта фашистік Германия аяқ астынан, тұтқиылдан соғыс ашып, ол да Отан қорғауға аттанды. 1943 жыл болатын. Соғыс ертегідей есілте естелік айтатын емен-жарқын өмірдің жыры емес. Түнде блиндажда бірге түнеп шыққан қаруласыңның келесі күні шабуылға шыққанда кеудесіне оқ қадалып, әуелі таң қалғандай ақша бұлттар қалықтаған аспанға қарап, содан соң екі тізесі бүгіліп сылқ құлағанда, ең болмағанда, алақаныңмен екі көзін жабуға да мүмкіндігің болмай «Уралап» алға жүгіріп бара жатқанда жүрегіңнің қан жылап, егіліп кеткенін кім аңғарсын? Сондықтан да шын соғысты бар жан-тәнімен бастан кешкендер ол туралы көсіліп сөйлей бермейтін. Қойшығұл Ниязымбетов те солардың сойынан болатын.
Оны мен осыдан алпыс жыл бұрын көріппін. Көрші тұрдық, баласы Әбілхарес орыс мектебінде оқиды, кейде доп қуып, алақұйын боп шапқылап, аңқамыз кеуіп шөлдегенде үйінен су ішеміз. Сонда әлдебір көліктен түсіп, үнсіз ғана есіктен баяу кіріп келе жатқан қалың қасты, саған терең үңіле қарайтын, қараторы адамның сәл жымиғанын байқайтынмын. Ол бар болғаны енді ғана қырық жасқа толған қырма сақалды жігіт ағасы екен ғой. Кейін есейе келе білдім, Қойшығұл әкеміз күрделі жұмыстар атқаратын іргелі кәсіпорын – Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасының тұрғын үй шаруашылығын басқарады екен. Бұл күнде қаланы қақ жарып өтетін Махамбет атындағы даңғылдың екі жақ қапталындағы екі қабатты үйлер осы мекеменің қарамағында болған. Бізді көргенде жымиятыны-өзі толарсақтан қан кешіп, тағдырдан тартып алған жеңісінің жемісін, ауыр өткен балалық шағының бақытын біздің жүзімізден көргеніне риясыз риза болғаны екен. Ол адам еңбек етіп қана қойған жоқ, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Өмірдегі басты жеңісі осы болар.
Тағдырдың тартуы көп, Қойшығұл ағамыздың інілерінің бірі Темірхан Байсырымов мені бауырына тартып, рухани ағама айналды. Ол Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы бастығының орынбасары болатын. Менің қимасымдай қымбат, асыл адам еді. Осыдан бес жылдай бұрын Әбілхарестің ұлы Жеңіспен танысып, ол қазір өкіл інім санатында. Атырауда өтетін шығармашылық кештерімнің демеушісі де осы Жеңіс, өзі облыстық мәслихат депутаты. «Жеңіс» деген азан шақырып қойған атында үлкен мағына жатыр, атасы Қойшығұлдың аңсаған арманының өмірде көрініс табуы деп бағалаймын.
Адамның бесігінен бейітіне дейін жүріп өтер жолы бар. Қойшығұл әкеміз соны адал, абыройлы аяқтаған азамат! Алды жарық, топырағы мамық болсын. Жасаған жақсылықтары ұрпағының алдында жасыл кілем болып төселіп жатсын. Енді Жеңіс сарбазы немере, шөберелерінің жүрегінде жасай береді.
Бүркіт Базарбай,
Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі