Жауынгер жездем жадымда

Мырзағали жездеммен ауылдас, көрші, жұмыстас болдым. Ол кезде «Ленин» дейтін колхозда болдық. Звено адамдары бар. Екеуміз Жем бойындағы егінге су айдайтын моторшы едік.

Ол кезде егіске су жіберетін бір цилиндрлі «воленьдер» деген өзі доп сияқты мотор қолданылды. Мотордың поршенін отпен қыздырып, жездем 8-димовой тұрбамен 30 гектар егістік жерді суаратын. Мен жездемнің қасынан 500 метр арақашықтықта орналасқан жерде «С -100» тракторының моторымен «центровишка» 10-димовой тұрбамен 40 гектар егісті суға толтырамын. Қос алқапта тары, бау-бақша, жүгері, судǝнкі, т.б түрлерін өсіреді. Жұмыс уақыты таңғы сағ 6-дан кешкі 9-ға дейін. Ауылымыз 6-7 шақырым, егістіктен шалғайлау. Содан атпен қатынаймыз. Екеумізде екі көлік бар. Егіс басына келе сала жануарды тұсап тастап, мотор жібереміз. Түскі асқа ауылға бармаймыз. Таңнан кешке дейін егіс басында жүреміз. Жемнен кұрмаумен балық аулаймын.

Жездем маған дәмді етіп тамақ пісіріп беретін. Оның пісірген балық сорпасының дәмі тіл үйіреді. Ол кезде жездем 50 жас шамасында, мен 19 жастағы жас жігітпін. Жездем қамшы өреді, атты тұсайтын тұсамыс, «покрышкадан» ер жасайды, жылқы қылынан шылбыр еседі. Қолы ұсынақты, сондай шебер адам еді. Апам Сән Қозыбаққызы өте әңгімешіл, жаны жайсаң, ауыл-аймаққа, көрші-көлемге сыйлы адам еді. Біздер барғанда еңбекке баулитын, қозы бақтырады, үй шаруасына жұмсайтын. Сән апам әнгіме арасында «Жездең екі соғысқа қатысқан» деп айтқаны бар.

Расында да, жездем Мырзағали Шоқпарұлы - 1938-1940 жылдары Кеңес Армиясы қатарына алынып, Одақ пен Финляндия арасында тұтанған соғысқа жіберіледі. Онда «Особый отдел» деген бөлімшеде қызмет атқарып, алдыңғы шептен көрінеді. 1940 жылдың қараша айында екі жыл, екі ай Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, елге аман-сау оралады.

Ауылға келіп бейбіт өмірге араласып, енді-енді еңбек жемісін көре бастағанда тағы соғыс өрті бұрқ ете түседі. Бұл жолғы майданның от-жалыны сұрапыл еді. Оны, әрине, көзбен көрмегесін ешкім білген жоқ, алғашқыда. 1941 жылы алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына қайта аттанғанда Мырзағали жездем Отанына бұрынғыдай аз уақытта оралармын деп ойласа керек. Сол аралықта тұңғыш қызы, жиеніміз Қиынша да дүниеге келіп үлгереді.

Бірақ бұл жолы үш жылдан кейін жездем ауылға балдаққа сүйеніп, оралады. Сөйтсек, сол кеткеннен жездемнің екінші мәрте соғысқа келіп жатқаны ескеріліп, сержант атағы беріліп, бір бөлім командирі қылып тағайындайды. Жаңадан келген солдаттарды майданға дайындайды. Содан кейін барып майданға аттанып, зеңбірекші болады. 1942 жылғы шайқастың бірінде жарақат алады, госпитальдан жазылып шығып, кескілескен ұрыстарға қайта кіріседі. 1943 жылдың тамыз айының 9-ы күні Харьков қаласы бағытында алдыңғы шепте келе жатқан кезде «Бельс» машинасы мина басып, жарылыс болады.

Жездеміз есін госпитальда жинайды. Сол жылдың қараша айына дейін емделеді. Бірақ бір аяғы соғысқа жарамай, балдаққа сүйеніп оралғаны сол екен. Жездем соғыс мүгедегі болғанына қарамастан 1944 жылдан бастап еңбекке араласты. Тылда аянбай тер төкті. 1950 жылдан бастап мотормен егін суарып қызмет қылса, апам осы егістікте жапшы болып еңбек етті. Майдан мен еңбектің қос ардагері атанған азамат 1967 жылдан бастап «Коммунизм таңы», кейін «Қосшағыл» совхозында түйе шаруашылығымен айналысқан еді.

Соғыстан кейін жездем ұлды болады. Нағашы Жұмаш әжесі баланың атын қояды. «Алла оңғарды, құдай берді ғой!» деп атын «Алдоңғар» қойыпты. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Бүгінде сол жиеніміз Алдоңғар соңынан ерген бауырлары бар, бәрі де отбасылы. Мал шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер, ауданның Құрметті азаматы.

Бүгінде жездем мен апам өмірден өтті. Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын, жандары жәннатта болғай. Алланың рахымына, Пайғамбардың шапағатына бөленсін деп Жеңістің 80 жылдығында сағынышпен еске аламын.

Ділмағанбет Әбілұлы,

зейнеткер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT